Көлік полицейлері боранда жолда қалған 500-ден астам жолаушыға көмектесті

Жолаушылар ауа райы туралы ескертуді елемеген.

Көлік полицейлері Жамбыл облысында жолда қалған 500-ден астам жолаушыны пойызбен діттеген жеріне жетуге көмектесті. Бұл туралы Aikyn.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Жамбыл облысындағы ауа райы жағдайына байланысты төтенше қызметтердің алыс сапарлардан бас тарту туралы ескертуіне қарамастан, көптеген азамат жеңіл автокөлікпен, автобустармен шығып, «Алматы-Шымкент», «Алматы-Кызылорда» тасжолдары бойындағы қар құрсауында қалды.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген іс-шаралар барысында жолаушылар пойызбен межелі жеріне жетуі үшін Шу және Тараз теміржол вокзалына жеткізді.

 

Жолаушылар пойыздарының тұрағы кезінде аталған станциялардағы желілік полиция бөлімдерінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жолаушылардың пойыздарға отыруына көмектесті. Жалпы, көмектесуге 160-қа жуық полицей жұмылдырылды.  

Қазіргі уақытта 500-ден астам азамат сақшылардың көмегімен жолаушылар пойызына отырғызылып, өз сапарларын аман-есен жалғастырды.

Жолаушылар арасында қарт адамдар, әйелдер мен балалар болды. Сондай-ақ, олардың ішінде «Алматы-Шымкент» бағытындағы автобус рейсімен жолға шыққан Өзбекстан Республикасының 150 азаматы да бар. Олардың көпшілігі өте жұқа киінген.

 

Көлік полицейлері «ҚТЖ» ҰК АҚ қызметкерлерімен бірлесіп, жолаушыларды өтіп бара жатқан пойызға отырғызды.

Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы, оның ішінде жүкті әйел мен 2 жас бала, автокөлікпен Шудан Түркістан қаласына шыққан. Бірақ ауа райына байланысты бұдан әрі жолды жалғастыра алмады. Олар полиция пунктіне жеткізіліп, ыстық шаймен қамтамасыз етілді. Әрі қарай олар пойызға отырғызылды.

Айта кетейік, департамент базасында жедел штаб құрылып, төмендегі жедел желі телефоны жұмыс істейді: 715924; 94-25-01.