Атырауда полиция капитанының бас бостандығы 4 жылға шектелді

Атырау қаласының №2 сотында жедел уәкіл болып жұмыс істеген полиция капитаны А.А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Атырауда полиция капитаны алаяқтық және лауазымды адамға пара беруге айдап салу күдігіне ілінген. Сот күдіктіні бірнеше баппен айыпты деп танып, бас бостандығын 4 жылға шектеді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Атырау қаласының №2 сотында жедел уәкіл болып жұмыс істеген поиция капитаны А.А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 2) тармағы, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігімен, 361-бабының 2-1-бөлігімен айып тағылған.

«А.А. құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, 2021-2023 жылдар аралығында лауазымдық өкілеттігін өзіне пайда және артықшылық алу мақсатында, қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, азаматшалар Н.Б. және Л.А.-дан әркез ақша қаражатын қарыз есебінде алып, олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген. Бұдан басқа, 2021 жылғы 7 желтоқсанда А.А. заңсыз есірткі затын сатумен айналысқан азаматша Н.Н.-ға қылмыстық жауаптылықтан босатуға көмектесуге уәде беріп, оны алдап, лауазымды тұлғаға пара беруге айдап салған. Сотталушының кінәсі куәлардің айғақтарымен, ақша аударымдары туралы түбіртектермен және басқа іс құжаттарымен дәлелін тапты», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот тергеуі кезінде А.А.-ның 2021 жылғы 6 желтоқсанда ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 2-1-бөлігімен күдікті ретінде ұсталған Я.И.-ге қатысты жеке тінту тергеу әрекетін жүргізіп, одан ұялы телефон мен әмиянын иемденгені дәлелденбеген.

«Сотталушы А.А. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен, 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 2-бөлігімен, 361-бабы 2-1-бабымен кінәлі деп танылды. Оған белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен, 58-баптың 3-бөлігінің негізінде 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Полиция капитаны шенінен айырылды», – деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.