«Кітап-AMANAT» жобасы аясында бірнеше кездесу өтті

Тәуелсіздік күніне орай «Кітап-AMANAT» жобасы аясында бірнеше өңірде кездесу өтті.

Қарағанды облысы

Тәуелсіздік күніне орай Қарағандыда «Кітап-AMANAT» жобасы аясында ақын, филология ғылымдарының докторы,профессор, Қазақстан Республикасының  мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанмен кездесу өтті.

Қойлыбай Асан «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. «Жылымық жылдар жаңғырығы» (публицистикалық,2004), «Е.А.Букетов-публицист» (ғылыми зерттеу,2006), «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» (монграфия,2010), «Сөз өнері және журналистика» (оқу құралы,2012) кітаптары жарық көрген.

Кездесу барысында жастар Қойлыбай Асанға Желтоқсан оқиғасы туралы, кітап оқудың маңыздылығы, ақынның шығармашылығы туралы сұрақтарын қойды. Кездесу соңында қонағымыз өзінің «Сәуірдің соңы құралай» атты кітабын сыйға тартты.

Алдағы уақытта «Кітап-AMANAT» жобасы аясында ақын-жазушылармен кездесу жиі өтіп тұрады.

Сонымен қатар Жастар Рухы жастар қанатының белсендісі Диана Әуезханова кітап оқып, оны белгілі бір топ арасында талқылап тұру үшін арнайы клуб құруды ұсынды.

 

Алматы облысы

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысында да «Кітап-AMANAT» жобасы аясында іс-шара өтті.

Кездесуге AMANAT партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасы Қаныбек Айтжанов, аудандық кәсіподақ төрағасы Сағындық Жылқыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық мәслихат депутаттары Бекжан Сүнбеков пен Елена Константинова келді. Шара «Жастар рухы» ЖҚ ұйымдастыруымен өтті.

Жиында жас оқырмандар тәуелсіздігіміз бен ұлттық құндылықтарымыз жайындағы ұлағатты әңгімелерге қанықты.

«Қоғам мен елдің дамуындағы қозғаушы күші – жастар. Жастарымыздың жадынан қазақ халқының жүріп өткен жолын, тәуелсіз болсам деген арманын шығармаған жөн. Терең түсініп, ұғына білген азамат қана бұл мерекенің маңыздылығын сезінеді деп ойлаймын. Бүгінгі кездесуде өскелең ұрпақ көзінен Отанына деген сүйіспеншілігін көріп, қуандық десем қателеспеймін. Азаттықты аңсап кеткен бабалар үмітін ақтап, болашақты жарқын ету, міне осы жастардың қолында»,-деді Сағат Мәсімақынов.

Жалпы мәдениет пен руханияттың өзекті мәселелері талқыланған бұл кездесу пікірталмасу түрінде жалғасып, жастар өздерін толғандырып жүрген жағдайлар бойынша сұрақтарына жауап алуға тырысты. Тәуелсізідік тағылымына қатысты ой көкжиектерін кеңейтіп, шарадан соң естелік суретке түсіп, үлкен әсермен тарқады.

Айта кетейік, жиында сөз алған Қаныбек Айтжанов «Кітап-AMANAT» үлкен қалаларда сатылымда бар кітаптар шалғай аймақтағы елді мекендердің дүкен сөрелеріне жетпей жататынын айтты.

«Көп жағдайда қандай кітаптардың жарыққа шығып жатқаны туралы оқырман білмей де қалады. Ал «Кітап-AMANAT» жобасы отандық әдебиетті қолдау бағытындағы маңызды қадам. Оқырмандар үшін көркем шығармалар, балалар әдебиеті, оқулықтар мен әдістемеліктер, ғылым мен бизнес, проза мен поэзия, психология туралы туындылар көпшілік назарына ұсынылған. Сондықтан, мұндай форматтағы орталық көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығын арттырады»,-дейді Қаныбек Айтжанов.

 

Ақтөбе облысы 

Бүгін облыста алғаш рет «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I өңірлік форумы өтті.

Маңызды шараға қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында ашылған кітап орталығының жұмысымен танысты.

Өңір басшысы орталыққа Абайдың қара сөздерін, Сейдахмет Құттықадам және Тайыр Мансұровтың кітаптарын сыйға тартты.

«Кітап-AMANAT» жобасы азаматтардың отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған. Орталық қорында әртүрлі авторлардың 600-ден аса жаңа кітабы бар. Жоба ұйымдастырушылары сұранысқа сәйкес, әдебиеттер жаңартылатынын айтты.

 

Шығыс Қазақстан облысы

 «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы “Кітап-AMANAT” кітап орталығында да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік тарихына арналған тарихшылардың, саясаттанушылардың қатысуымен іс-шара өтті.

Жиын басында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы шараға қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

«Тәуелсіздік біздің бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған ұлы армандары. Біз еліміздің егемендігін қорғауға және дамуы үшін аянбай қызмет етуге міндеттіміз деп ойлаймын. Баршаңызды алдағы Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын»,- деді «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жумадилова.

Шара қатысушылары Тәуелсіздік жылдарының қалай басталғандығын, өткен жылдардағы тарихи оқиғалармен саяси жағдайларға тоқталды.

«Бүгінгі күндер ертең тарих. Еліміздің егемендік алуы жолындағы өз тарихы бар.Оны сізбен біздің біліуміз қажет. Кезең –кезеңімен жүзеге асырылған маңызды қадамдардың нәтижесінде еліміз жаңа бағытқа бет бурып дамып келеді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының жүйелі реформалары арқылы «Жаңа Қазақстанды» құруға жұмыс жасалуда»,- деді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетініі тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысый Айгүл Жирнова.