«Кітап-AMANAT» орталығында «Ұлы дала» байқауының қатысушыларымен әдеби кеш өтті

Аталмыш кешке облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова, Торайғыров университетінің профессоры Салтанат Әубәкірова, биылғы «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпазы Нұрбек Кеңесбай, өңірдің ақын-жазушылары мен жастар қатысты.

Облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова байқау қатысушыларына алғысын білдіріп, «Кітап-AMANAT» орталығының жұмысына тоқталып кетті.

«Партия ұлттық және рухани құндылықтарымыз насихаттау және кітап оқитын азаматтардың санын арттыру мақсатында бұл жобаны қолға алды. Өскелең ұрпақ дұрыс бағытта тәрбие алса, елдің болашағы жарқын болатынына сенімдіміз. Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – сіздермен өзара пікір алмасу, сіздердің шығармаларыңызбен танысу. Қаламдарыңыз мұқалмасын», – деп атап өтті атқарушы хатшы. 

 «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауында «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Нұрбек Кеңесбай байқаудан алған әсерін айтты.

«Бұл байқаудың ережесі жақсы, шығармаларды жасырын түрде қабылдайды. Өзімнің «Әнипа апаның қара қазаны» атты еңбегімді жолдадым. Бағым жанып жүлделі болдым. Шығармам отбасы құндылықтарына арналған. Апаның қазанның айналасында балаларды өсіруі. Олар есейгенде ошақты ұмытпай, ересек адам ретінде мисссиясын орындағаннан кейін, қара қазанды сағынып үйіне оралуы тақырыбында», – деді байқау жеңімпазы.

Айта кетейік, павлодарлық қаламгерлер екі жыл қатарынан осы номинациядағы бас жүлдені ешкімге бермей келеді. Былтыр аталған номинацияда ақын, сатирик Алпысбай Хонж үздік атанған болатын.

Кеш қонағы ақын Абзал Қабдраш Павлодар облысында балаларға арналған өңірлік журналдар жоқтың қасы екенін атап өтті. Республикалық журналдардың барлығына бірдей жетпейтінін айтып, бұл жобаны партияға қолға алса екен деп өз ұсынысын білдірді. 

«Өңірімізде балалар әдебиетін жазатын адамдар бар. Өңір ақын-жазушыларының шығармаларын ұлттық идеалогиямызды дамыту үшін балабақшаларда, мектептерге бір кітапша, журнал ретінде шығарып берсек, мүмкін мұғалімдер әдістемелік құрал ретінде қолданады», – деді Абзал Қабдраш.

Кеш соңында «Ұлы Дала» байқауының қатысушыларына алғыс хаттар табысталып, алаштың атақты жазушыларының кітаптары сый ретінде табысталды.