Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге және еңбек жағдайлары зиянды орындарда жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейтуге арналған. Атап айтқанда, мұндай кәсіпорындардың қызметкерлеріне 55 жасқа толған кезде арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Ол үшін жиынтығында кемінде 84 ай зейнетақы жарналарының болуы және еңбек қызметін тоқтату маңызды шарттар екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ қалаған жағдайда азаматтар зейнетақы жинақтарын 55 жаста немесе 63 жаста өз бетінше ала алады.
Сонымен қатар аталған заңның нормаларына сәйкес, енді қоғамдық бірлестік құру үшін үш адамнан тұратын топ жеткілікті болады. Одан бөлек, республикалық маңызы бар қалалардағы қоғамдық бірлестіктердің мәртебесін айқындау, қоғамдық бірлестіктер құру мәселелерін құқықтық регламенттеу және басқа да өзгерістер бойынша қолданыстағы заңнама нормаларын сәйкестендіру көзделіп отыр.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қараған сенаторлар оны концептуалды тұрғыдан қолдап, бірқатар түзету енгізді. Осыған байланысты заңды жаңа редакциясымен және жекелеген баптармен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Аталған түзетулер мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру тәртібін айқындау жөніндегі құзыретті белгілейтін қайталама норманы алып тастауды көздейді. Сондай-ақ заңда ел азаматтарына ерікті дактилоскопиялық тіркеуді енгізу туралы және басқа да бірқатар жаңашылдыққа қатысты нормалар бар.
Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.