«Біртуар Бөкетов» деректі роман-эссе кітабы Бөкетов университетінің баспаханасынан 1 000 данамен басылып шықты. Студент кезінде ғалымнан дәріс тыңдап, өмірлік тағылым алған шәкірті, сол ұстазының ұлағатты да шерменді өміріне тағдыр жазуымен куә болған инженер-жазушы Медеу Сәрсеке дарынды ғалым һәм көрнекті қаламгердің ғұмыр жолын өзіне мәлім деректер мен алуан оқиғалар арқылы қайыра жаңғыртты.
Автордың айтуынша, осы жолғы басылымға Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан шығатын «ЖЗЛ» топтамасының 2007 жылғы «Евней Букетов» ғұмырнамасы негіз болған. Сол басылымның ғылыми hәм әдеби рецензенттері – Т.Савченко, В.Малышев және С.Исабаев.
Шараға Евней Бөкетовтің немере қарындасы Нұрсұлу Бөкетова, ғалымдар, ақын-жазушылар, студенттер қатысты. Замандастары, шәкірттері, етене жақын араласқан таныстары ғалым туралы жылы естеліктерін айтты. Жиында сөз алған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын: «Өткенге үңіліп, тарлан тарихты таразылап қарасаң, сол көш көз алдыңнан көлбеңдеп өте береді, кете береді. Бүгінде еске алып отырған аяулы ұстазымыз, қазақтың ғұлама ғалымы, қазақтың маңдайына біткен аяулы перзенті Евней Арыстанұлының өмірден өткеніне тура 40 жыл болған екен. Осындай игі шараға мұрындық болып, деректі, танымдық фильм түсіріп, ғажап тарихи кітапты шығарып жатқан университет басшылығына алғысымызды білдіреміз. Мен үшін бір ғажап дүние – Евней Арыстанұлының кісілігі мен кішілігі, бойына біткен мәдениеті, қалдырған мол мұрасы дер едім. Елінің қамын ойлаған ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады», – деді.
Жиын барысында қонақтар тоқсан жастың төріне тақаған жазушы Медеу Сәрсекенің видеосәлемдемесін тыңдады. Автор жуықта қайыра редакциялаған Евней Бөкетов жайлы деректі роман-эссенің соңғы нұсқасы еш өзгертусіз басылып шыққанын айтып, университет басшылығына ризашылығын білдірді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ