Мемлекет басшысы Астананың маңызды нысандарын аралауды, алдымен №1 индустриялық парктен бастады. Мұнда оған елорданың инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет берілді. Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың баяндауынша, алғашқы жартыжылдықта елорданың аймақтық жалпы өнімінің көлемі 4,7 триллион теңгені құраған. Өсім көрсеткіші – 4,1 пайыз. АЖӨ құрылымындағы үлестің басым бөлігі, яғни 73 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. Ал инвестицияның үлесі – 11,5 пайыз. Инвестиция тарту ісінде №1 индустриялық парк айрықша рөл атқарады. Мұнда жалпы инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылған. Президент елорданың дамуына ірі өндіріс орындары аса қажет екенін айтты.
– Астана халқының саны өсіп келеді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысына арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Тау-Кен Алтын», Stadler Kazakhstаn, DSS, «ЭНКО», DUYQAZ, «ВМП Астана» және MFA International секілді жетекші кәсіпорындардың жетістіктері таныстырылды. Құрамында қымбат металдар бар шикізатты өңдеумен және аффинаждаумен айналысатын «Тау-Кен Алтын» зауыты – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқаруындағы табысты кәсіпорындардың бірі. Зауыт іске қосылғалы бері 10 жыл ішінде Ұлттық банк үшін 200 тоннадан астам таза алтын өндіріп, 80,5 тонна қымбат металға толлинг қызметін көрсеткен. Президентке таныстырылған тағы бір өндіріс орны – Stadler Kazakhstаn ЖШС. Кәсіпорынның негізі биыл швейцариялық Stadler Rail AG холдингімен инвестициялық келісім нәтижесінде қаланды. Теміржол көлігін шығаратын әлемдегі көшбасшы компания Қазақстанда жолаушы вагондарының өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Ең алдымен, зауыт өнімі отандық жылжымалы құрамды жаңартуға бағытталады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін әртүрлі типтегі 500-ден аса вагон құрастырылмақ.
Индустриялық парктегі кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, олардың шығаратын өнімдері ішкі нарықта да, одан тысқары жерлерде де сұранысқа ие. Мәселен, «ВМП Астана» зауыты шығаратын коррозияға төзімді әрі өрттен қорғайтын лак-бояу жабындылары өнеркәсіптің түрлі секторында кеңінен қолданылады. Өнімнің 90 пайыздан астамы Ресейге экспортталады, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан нарықтарына да шығарылады.
Астана қаласының №1 индустриялық паркін аралап көру барысында Мемлекет басшысы «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. 2018 жылы негізі қаланған компания резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді. Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион бақылау-индикатор пломбалары мен өздігінен жабысатын лейблдер, сондай-ақ мал шаруашылығында қолданылатын 24 миллион дана сырға шығарады. «Универсал» ЖШС компаниялар тобына кіретін «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» полипропилен қаптарын шығаратын зауытты, сондай-ақ Қазақстанның өзге де өңірлерінде крахмал және крахмалдың қантқа айналып үлгермеген түрін өндіретін ірі өндіріс орнын басқарады. Қазір Түркістан облысының Шардара қаласында жүгері дәнін терең өңдеу жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Зауыттың қуаты жылына 150 мың тоннаны құрайды. Компаниялар тобы 80-нен астам өнім түрін шығарады. Мұнда 3 400 адам жұмыс істейді. Салынған инвестиция көлемі – 60 миллиард теңге.
Одан соң Президент жабындылар мен қаптама материалдарын шығаратын Metal Former ЖШС-ның өндіріс желісімен, бес кәсіпорынның басын біріктіретін YDA Industrial Park біріккен өндіріс кешенімен, MODEХ Astana темірбетон конструкцияларын шығаратын зауыт жұмысымен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына YDA Group өнімдерімен толық жабдықталған және компанияның қаржысына салынған Harmony Steam School мектебі таныстырылды. Балалар мұнда нақты ғылымдарға басымдық бере отырып, STEAM (Science, Technology, Engineering, Arts, Math) технологиясы бойынша оқиды. Мектепті бітірген түлектер инженерлік мамандық алып шығады.
– STEAM – физика, математика сияқты техникалық пәндерге баса мән берілетін ерекше бағдарлама. Сапалы білімге қатысты барлық бастамаға оң көзбен қараймын. Біз сіздерді қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамыту және ірі жобаларды іске асыру кезінде жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыру маңызды екенін атап өтті.
Одан соң Мемлекет басшысы Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназияны аралап көрді. Президентке білім ошағындағы оқу-тәрбие жұмыстарының барысы таныстырылды. Бұл мектеп жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған. Биыл пайдалануға берілген гимназия елорданың сол жағалауындағы басқа мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізіп отыр. Қазір мұнда 1 466 оқушы білім алады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім беретін мектеп-гимназияның оқу үдерісі туралы баяндалды. Оқушыларға ағылшын, француз тілдерімен қатар, қытай тілі де оқытылады. Мектеп директоры Сәуле Теменованың айтуынша, мұнда инклюзивті білім беруге баса назар аударылған. Бұл ретте әр оқушыға жеке оқу бағдарламасы әзірленген. Сондай-ақ инклюзивті қолдау, емдік денешынықтыру және бейіналды даярлау кабинеттері бар. Бүгінде мектеп-гимназияда арнаулы білім беруді қажет ететін 28 бала оқиды. Сонымен қатар мектепте цирк, қыш өнері, балет үйірмелері жұмыс істейді. Мемлекет басшысы мектеп-гимназияның спорт залын, роботты техника кабинетін аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті.
– Роботты техника – перспективті сала. Мен сіздерді қолдаймын. Қазір әлем жасанды интеллектіге баса мән беріп отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл – өте маңызды бағыт. Жасанды интеллект келешекте әрбір салада пайдаланылады. Сондықтан Қазақстан осы істе озық ел болуы керек деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент №96 мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымымен жүздесіп, мемлекет ұстаздардың мәртебесін одан әрі көтеруді жалғастыра беретінін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына елорданың білім беру жүйесі жайында баяндалды. Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев биыл 16 мың оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бүгінге дейін 7 мектеп ашылған. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп іске қосылмақ. Сонымен қатар басқарма басшысы Президенттің Астана қаласында педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы жаңа емханаға барды. City емханасының жаңа филиалы Астананың қарқынды дамып келе жатқан ауданында орналасқан. Бұл нысанда 30 мыңға дейін пациент тіркеле алады. Сондай-ақ мұнда халыққа алғашқы дәрігерлік көмектен бастап кешенді диагностика мен консультацияға дейінгі қызметтер көрсетіледі. Жобаның инвесторы, Olymp Medical Group ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, бұл City емханалар желісінің үшінші филиалы. Елорданың Нұра және Алматы аудандарында екі филиал жұмыс істеп жатыр. Тағы да үш нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Емхананың тағы бір ерекшелігі – онда маммологиялық орталық ашылады. Науқастар мұнда кешенді диагностикадан өтіп, сүт безі ауруларынан емделе алады. Медициналық орталықта томосинтезі бар цифрлық маммография, дәстүрлі және вакуумдық аспирациялық биопсия әдістері, хирургке қатерлі ісіктерді алып тастау жолын көрсететін локализациялық инелер орнату сияқты диагностикалық технологиялар қолданылады. Сонымен қатар емханада барлық қажетті құралдармен жабдықталған амбулаториялық хирургия орталығы ашылмақ.
Елорда нысандарын аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ADD Table Tennis Center Astana үстел теннисі орталығының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысына аталған орталықтың Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) талаптарына толық сай келетіні жөнінде мәлімет берілді. Спорт нысанында республикалық және халықаралық турнирлер өткізуге, сондай-ақ еліміздің ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға болады. Жалпы ауданы 3 700 шаршы метрді құрайтын орталық жарыс кезінде 16, ал жаттығу кезінде 26 теннис үстелін қоюға есептелген. Сонымен қатар мұнда 416 адамға арналған көрермендер трибунасы, жаттығу залы, медицина кабинеті, бапкерлер мен төрешілер бөлмесі бар.