Желтоқсанда қатталған «хаттар»

«Өткен күнде белгі жоқ» деген тәмсіл қалдырыпты бабалар. Бірақ ел тарихындағы әр атаулы күннің белгісі бар. Архивтерде. Желтоқсан айына байланысты да естелік пен белгі көп.

Әрісі Алаш автономиясы осы айда құрылған. Желтоқсан оқиғасы өткен. Арада бес жыл өткенде Қазақстан тағы да сол желтоқсанда азаттық алды.  1986 жыл мен 1991 жылдың желтоқсаны қазақ баспасөзінде қалай көрініс тапты, сол кездегі мақалаларда нендей мәселелерге мән берілді, халықтың Желтоқсан оқиғасына қатысты ойы қандай болған еді – осыны білмек мақсатта біз архивті ақтардық...

«Тәрбие қызметіндегі елеулі кемшіліктерге төзуге болмайды»

Желтоқсан оқиғасы жайындағы ал­ғашқы хабарлардың бірі «Социа­лис­­тік Қазақстан» газетінің 1986 жыл­ғы 19 желтоқсан күнгі нөмірінде жа­рия­ланыпты. «Алматыдан хабар» деген тақырыппен берілген ТАСС за­мет­касында былай делінеді: 

«18 декабрь. Кеше кешкісін және бү­гін күндіз Алматыда ұлтшыл эле­мент­­тер арандатып салған оқушы жас­­тар тобы көшелерге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жуырда болған плену­мының шешіміне наразылық біл­дір­ді. Бұл жағдайды бұзақылар, арам­тамақ­тар және қоғамға жат басқа да адам­дар пайдаланып, право тәрті­бі­нің өкілдері жөнінде правоға қарсы әре­кеттер жасады, сондай-ақ бір азық-түлік магазинін, жекеменшік ав­томобильдерді өртеді, қала азамат­тарына қарсы намысты қорлайтын әрекеттер жасады».

Аталмыш оқиғадан кейін жан-жақта жастар арасында тәрбие жұ­мысын жетілдіруге қатысты жина­лыс­тар өте бастаған, олар жайлы бас­­пасөзде нөмір сайын беріліп отыр­ған. Мәселен, «Социалистік Қазақстан» газетінің 20 желтоқсан күнгі санында Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумында өткен кезекті мәжіліс жайлы ақпарат жа­рияланып, онда республиканың кә­сіптік-техникалық училище­лері­нің оқушылары арасындағы тәрбие жұ­мысының жайы және право бұзудың алдын алу туралы мәселе қаралғаны жазылған. «Лениншіл жас» газетінің 23 желтоқсан күнгі нө­мірінің алғашқы бетінде КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюро­сы­ның мүшесі М.Соломенцев пен Қа­зақстан Компар­тиясы Орталық Ко­митетінің бірінші секретары Г.Кол­биннің Алматы мақ­та-мата ком­бинатының ұжымымен кездес­кені туралы ҚазТАГ заметкасы берілген. 

«Әңгіме кезінде тәлімгерліктің, жас­тарды интернационализм, халық­тар достығы рухында тәрбиелеудің ролі атап өтілді. Әрбір учаскеде тәртіп пен реттілікті нығайту, тәртіп бұзу­шылар төңірегінде ымырасыздық ах­уалын жасау қажеттігіне назар аударылды», – делінеді онда. 

Сондай-ақ осы нөмірде «Тәрбие жұмысы жетілдірілсін» деген та­қырыппен ұсынылған ақпаратта: 

«Жастардың жігері мен қайратын адал да жемісті еңбекке, қайта құру мен жеделдету мүддесіне сай әркімнің күш-қабілетін толық көрсетуіне ба­ғыттау қажет. Комсомол ұйымдарының интернационалдық және идеялық-адамгершілік тәрбие қызметіндегі елеулі кемшіліктерге бұдан әрі төзуге болмайды», – деген жолдар бар. 

Ал 25 желтоқсан күнгі нөмірдің алғашқы бетінде Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитеті бюросының мәжілісі баяндалып, былай делінеді: 

«17-18 декабрьде Алматы қала­сында орын алған жосықсыз көрі­ністер интернационалдық тәрбиеге ерекше назар аудару қажеттігін ту­ғызады. Бұқара арасындағы, еңбек коллективтері мен оқу орындарындағы бүкіл партиялық-саяси жұмысты қай­та құру, әрбір адамның бойында жоғары идеялық және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға күш салу өте маңызды. Тәртіп пен реттілік жолындағы, партия тұрмысының нормаларын қатаң сақтау жолындағы, маскүнемдікке, алкоголизмге және қоғамға жат басқа да көріністерге қарсы белсенді күресті күшейтудің маңыздылығы атап көрсетілді».

 

«Лениншіл жас» газетінің 1987 жылғы 13 қаңтар күнгі санында «Тәр­тіп болмаса тәрбие ақсайды» атты мақалада Алматы қалалық комсомол конференциясының барысы жайлы жаза келе, тілшілер: 

«17-18 декабрьде қалада болған жағымсыз оқиға барша комсомолецтер мен жастарға ащы сабақ. ...Шынында да бұл оқиға кейбір жастардың саяси сауатсыздығын, екі елдің жарасқан бауырласқандығына дақ түсірген­дігі­мен ғана емес, комсомол ұйымдары­ның интернационалдық тәрбие беру ісіне мүлде назар аудармағандығын айғақтау­мен есте қалды», – деп ой толғайды. 

«Партияның саясаты дұрыс екенін түсіндірейік»

Сондай-ақ сол уақыттағы баспасөз бетінде Желтоқсан оқиғасы куәгері ретінде хат жазған оқырман мақала­ларын да кездестіруге болады. Солар­дың бірі болған зейнеткер әжей «Қа­дірі­мізді қашырмайық» («Лениншіл жас» газеті, 1986 жылғы 26 желтоқсан) атты мақаласында сол күні алаңға шы­ғып, жастарды ақылға шақырғанын, өмір бойы басқа ұлт өкілдерімен бірге жүріп еңбек еткенін, қазақтығын ешкім бетіне баспағанын жаза келе: 

«Партия, комсомол ұйымдары жастармен түсінік жұмыстарын жүргізуде екен. Енді солар түсіндірсін деп қарап отырмайық, оларға кө­мектесу керек. Алыстағы ауылдардан Алматыға сабылудың реті жоқ. Одан да ұл-қыздарымызға хат жазып, ақыл айтайық. Жетпіс жыл бойы бізді бастап келген партияның саясаты дұрыс екенін түсіндірейік. Халқы­мыздың ешкімнен зәбір көрмегенін, бұдан былай да көрмейтінін түсін­дірейік», – деп ойын түйіндейді. 

Аталған мақалаға қатысты ре­дакция тарапынан пікір де қоса беріліпті: «Қоғамымызға жат пиғылды элементтердің айдап салуына алданып ер­ген студенттер өз қателіктерін түсі­ніп, болған оқиғаларға қатысқандығы, қасындағы жолдастарын дер кезінде тежей алмағандығы үшін ұяла­тын­дықтарын мойындауда. Комсомол ұйым­дарының өтіп жатқан жиналыс­тарында комсомолецтер араларындағы кейбір арандатушыларды айғақтап, олардың комсомол мүшесі болуға қақысы жоқ екендігін, совет студенті деген атқа кір келтіретіндігін ашық айтуда. Кінәлі деп табылғандар ВЛКСМ қатарынан шығарылуда», – дей келе редакция ұжымы: «Қазір де болмысы тайыз, кеудесі пасық кейбіреулер түрлі қауесеттер таратып жүр. Қоғамымызда болып жатқан оң өзгерістер әшкере еткен ондай қорқаулар ін түбінде жатып, әлденеге тістерін басуда. Бірақ олар бір нәрсені айқын түсінуге тиіс: республика коммунистері мен комсомолецтері, барша жұртшылығы еліміздің бүкіл тарихының алтын бастауы болған халықтар достығына жік түсіруге жол бермейді. Советтік патриотизм мен пролетарлық интернационализм дәстүрлері жасай береді», – деп қорытындылайды. 

«Лениншіл жас» газетінің 1987 жылғы 14 қаңтар күнгі санына  тілші А.Лапинның мақаласы «Ащы сабақ» атты мақаласы («Комсомольская правда», 1987 жылғы 10 қаңтар) қазақ тіліне аударылып берілген екен. Онда автор 17-18 желтоқсанда қала көшелерінде жүгенсіздік жасап жүрген студенттердің аз болмағанын, олардың автомашиналарды өртегенін, ешқан­дай жазығы жоқ адамдарды ұрып-соққанын, автобустарда терезелерді қиратқанын, қолдарына таяқ, темір шыбық, бөтелке алып, оны жасақ­шылар мен құқық қорғау органдары­ның қызметкерлеріне жұмсағанын, сондай шабуылдардың нәтижесінде бірнеше миллиционер мен жасақшы госпитальға түскенін жазады. Сондай-ақ тілші:

«Мен Қазақ мемлекеттік универ­ситеті заң факультетінің комсомолдан шығарылған барлық студенттерінің іс қағаздарымен таныстым. Мынандай жағдай анықталды. Біріншіден, олар­дың басым көпшілігі республиканың оңтүстік облыстарында, тұрғын халқы негізінен бірыңғай болып келетін шағын селолар мен поселкелерде туған. Үлкен бөлігі ұлт мектептерін қазақ тілінде бітірген. Орыс тілін нашар біледі. Оқулары да орташа. Көбі өндірісте көп жұмыс істемеген немесе армия қатарында қызмет атқармағандар. Мұндай іріктеу КазГУ-дің журналистика факультетіне де тән», – деп қосады.  

Желтоқсан оқиғасы жайлы жазыл­ған тілші материалдарының енді бірі – «Жас досқа хат» (авторы – С.Бай­жанов, «Лениншіл жас», 1987 жылғы 24 қаңтар). Көз жүгіртіп көрелік: 

«...Аңғырт жастарды көшедегі жүгенсіз қылықтарға айдап салып, өздері жымысқыланып жүрген сәуегейлердің қисындары тіптен жаңа емес. Ниеті бұзық әуейілердің қоңырсытып жүргені арғы-бергі керауыздар сан мәрте айтып, сапыра қайталап жүрген, әбден сілікпесі шыққан қарасірне қисындар. Өздері табансыз, өздерінің жүріс-тұрысы сұйық, ниеті көмескі алаөкпелер өздерінің арамза пиғылдарын бүркемелеу үшін қашанда осы әлеуеттес жарымжан қисындарды бетке ұстап шыға келеді. Онда да ашық шықпай, жымысқы жолдармен аңқау жастарды айтақтай салып, өздері бұғып қалуды мақұл көреді. Бұл жолы да сол кәнігі, бұралқы тәсілді қолданғаны беп-белгілі болып отыр. Шын-шындап келгенде ондай жы­мыс­қылардың көздеп, жоқтап жүргені қалың қазақтың да мүддесі емес, қара бастарының қамы, пасық тірлігіне еркіндік екені бекер емес». 

Сондай-ақ автор сөз арасында халықтар достығын – қазақ пен орыс арасындағы тату қарым-қатынасты насихаттайтын пікірін былайша тұ­жырымдайды:

«Егер де, Россиямен бір шаңырақта болмасақ, Ұлы Октябрь мен Совет өкіметі болмаса ұлы орыс халқы бастаған бауырлас совет халық­тарының тату-тәтті семьясы болмаса, қазақ халқы бүгіндей терезесі тең, іргелі ел болып, көсегесі көгерер ме еді?».

«Жүгенсіздік әрекеттерге қасақана жәрдемдесті»

Желтоқсан оқиғасына қатысқан­дар­дың қамауға алынып, жазаға тартылғаны туралы хабарлар 1987 жылғы қаңтардан бастап, басылым беттерінде оқтын-оқтын жарияланып отырды. Солардың бір мысалы – мына заметка («Лениншіл жас», 1987 жылғы 8 қаңтар). 

«Алматыдағы №19 жұмысшы жас­тар мектебінің мұғалимасы Ж.А.Сә­битованың қоғамға жат әрекеттері, азаматтық жауапсыздығы, саяси жағынан шикілігі оның сот алдында жауапқа тартылуына әкеліп соқты», – деп басталатын хабарда оның бес жыл бас бостандығынан, сондай-ақ кейіннен бес жыл бойы педагогтік қызметпен айналысу правосынан айырылғаны айтылады.

Сол сияқты, «Арандатушы айып­талды» деген тақырыппен берілген ҚазТАГ хабарында («Лениншіл жас», 1987 жылғы 11 қаңтар):

«Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің бірінші курс ком­сомол бюросының бұрынғы секретары Қ.Рахметов өзінің саяси сауат­сыздығын, шырық бұзар бұзақы­лығын сылдыр сөздермен бүркемелеп келді. Оның шын моральдық бейнесі Алматыда болған тәртіпсіздіктер ке­зін­де айқын көрінді, ол бұл әрекеттерге белсене қатысты. Бұрын Қ.Рахмет­овтың арақ ішетіндігі, төбелестері мен басқа да жосықсыз істері  ескерілмей келді. Ол жүгенсіздік әрекеттерге қаса­қана жәрдемдесіп, студенттерді қоғамдық тәртіпті өрескел бұзуға, ерікті халық жасағы өкілдері мен мили­цияның талаптарына бағынбауға итермеледі», – дей келе, оның жеті жылға бас бостандығынан айырыл­ғаны жазылған.

«Ақсарыбас айтуға дайындалайық»

Арада тұп-тура бес жыл өткенде, «Егеменді Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 14 желтоқсаны күнгі санында Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы Жарлық шығады. Тағы бір қызығы, дәл осы хабардың жанында, бірінші бетте тәуелсіздікті алдын-ала сүйіншілеген ақпарат тұр. «Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады» деген тақырыптағы заметкада:

«Қазақстан Республикасының Жо­ғарғы Кеңесі 

– Қазақстан халқының еркін біл­діре отырып,

– Ұлттардың өзін-өзі билеу право­сын жүзеге асыра отырып,..

...Қазақстанның мемелкеттік тәуел­сіздігін және дербес мемлекет – Қазақстан Республикасын құруды салтанатты түрде жариялайды»

Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы Қазақтан Республикасы Конституциялық заңының Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында қаралуға әзірленген жо­басы осындай кіріспе сөздермен бас­талады. Жоба халық депутаттарының талқысынан өтеді, оған өзгерістер, түзетулер, қосымшалар болуы мүмкін. Бірақ, ең басты нәрсе – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жария­ланатындығы ақиқат. 

...Ендігі жаңалықты Алматыдан, парламент жұмыс істеп жатқан Үкімет үйінен және Президент заңға қол қоятын Ақ Ордадан күтейік. Ақ­сарыбас айтуға дайындалайық!», – делінген. 

Осылайша сарыла күткен сүйінші жаңалық ресми түрде газеттің 1991 жылғы 17 желтоқсан күнгі нөмірінде жарияланады. Парламенттік тілші Рысбек Сәрсенбайұлының «Тәуелсіз ел болдық» атты мақаласында:

«Бұл жақсылық хабар Жер бетіне құлағын түрген әрқилы байланыс жүйелері арқылы жалпақ жұртқа тез-ақ тарар. «Е, қазақтар да көштен қалмаған екен. Қуаныштары ұзағынан сүйіндірсін!» дер ізгі тілеулестеріміз», – дей келе, тәуелсіздік үшін пар­ламентте де күрес жүргенін жеткізеді. Мысалы, депутат В.Чернышев: «Бұл заңда өзіміз мойындамай жатып, Адам праволарының жалпыға бірдей декла­рациясына жүгінгеніміз жараса қояр ма екен? Кімнен және неден тәуелсіз болмақпыз?» десе, депутат А.Козлов бұл уақиғаның «салмағын арттыру, елеулі екенін» айғақтау үшін референ­дум өткізген абзал емес пе деп, алысқа сырғытып тастағысы келген. Ал депутаттар Т.Жаворонокова мен С.Субботин Қазақстанның мемлекеттік тілі қатарына орыс тілін де қосуды ұсынған. Депутат Воронов «Қазақстан Республикасы өзінің тәуел­сіздігін қорғау және ұлттық мемлекеттілігін нығайту жөнінде шаралар қолданады» деген 16-баптың алғашқы бөлігін мүлдем алып тастау керектігін айтса, енді бір депутаттар «қазақ», «ұлттық» деген сөздерге тиісіп, Водолазов тіптен мұндай тә­уел­сіздік туралы Қазақстан Респуб­ликасының Консти­туциялық заңын қабылдауға асықпау керек шығар деген «ақыл» айтқан. Ө.Жәнібеков, Б.Қыдырбекұлы, Е.Асанбаев, Қ.Сұлтанов, Ж.Әбділдин, Х.Дрейлер, Н.Қойшыбеков, Ә.Кекіл­баев сияқты депутаттар байсалды пікір айтып, байбалам салғандарға мықты тойтарыс берген екен.

«Бұл ұлы процестің куәгерлері – Көз, Көңіл, Өмір»

Тәуелсіздік күнімен қатар, бұл нөмірлерде Желтоқсан оқиғасының ақиқаты туралы мақалалар да қатар басылып жатты. Оның алғашқы­ларының бірі – Гүлсім Бақытқызының «Шындықтың шымылдығы қашан түріледі?» («Егеменді Қазақстан», 1991 жылғы 17 желтоқсан) атты мақаласы. 

«Мен ол кезде 4-курс студенті едім. Бар шындықты өз көзіммен көрдім. Алаңға бет түзеген қарусыз, құрқол жас­тарды миллиционерлер кеу­делерінен итеріп, күш жұмсады, қол көтерді. Менің курстас екі қызым алаңдағы мінбеге көтеріліп кетіпті. Сөз сөйлейтін түрлері бар. Оларды милиция қызметкерлері сүйрелеп, күш көрсетіп, төмен түсіріп тастады. Қарсыласуға қыздардың қауқары болмады. Алға қарай ұмтыла түскен тағы бір қызды миллиционер сойы­лымен соғып жіберді. Қыздың басы­нан қою қара қан бұрқ ете түсті. Аппақ тоқыма малақайынан өтіп кеткен қанға қарамастан әлгі қыз алаңнан кетер емес. Осы жерде қарусыз демон­странтқа оның ішінде қыз балаға қол жұмсаған милиция қызмет­кері неге кинолентаған түспеген? Күйіп кете­сің-ау!..», – деп ашына жазады автор. 

Ал «Жас Алаш» газетінің 1991 жыл­ғы 18 желтоқсан күнгі саны «Тәуелсіз­дікке жеттік, үлкен өткелден өттік» де­ген тақырыптағы мақаламен жақсы­лық хабарды сүйіншілейді. Дәл осы санның ортаңғы тұтас беті Асқар Егеубаевтың «Желтоқсан» поэмасына арналыпты. 

«Желтоқсан оқиғаларынан Кеңес елінің, қазақ халқының көкірегінде, таным дүниесінде бір бақұлдасу, арыздасу, тазару жөні басталып кетті. Қазіргі тілде: Ғұмырлық Сот процесі десек те дұрыс. Бұл – тарихи, ұшы-қиырсыз ұзақ Процесс. Ар соты, Жан соты, Сана соты. Ешбір үкімге, тоқтамға қанағаттанбайтын халықтық процесс. Жылдар, ғасырлар өткен сайын алдыдан әр қырынан көрініп, халық жүрегінде зіл қара тас күйі көшіп отыратын жұмбақ түйін. Бұл ұлы процестің куәгерлері – Көз, Көңіл, Өмір. Көз көрген, көңіл түйген, өмір аңғартқан елес, суреттер. Бола­шақ үшін осы куәлар қадырлырақ», – дейді автор. 

Тәуелсіздік алудың дәл сол кезде бұқараға қандай қуаныш сыйла­ғанын сезіндіретін материалдардың енді бірі – Темірхан Медетбектің «Тәуел­сізбін!» («Егеменді Қа­зақ­стан», 1991 жылғы 24 желтоқсан») ат­ты өлеңі болды. 

ТӘУЕЛСІЗБІН!

Тәуелсiзбiн, тәуелсiзбiн мен бүгiн,

Келдi, мiне, азаттығым, теңдiгiм.

Бостандықта бойлығым мен ендiгiм.

Шешiл ендi, шемен болған шерлi үнiм!

Қарсы қарап қатал мынау заманға,

Айналдық бiз қайтпас, қайсар қамалға.

Алды бүгiн тәуелсiздiк тау, тасым,

Орман, көлiм, далам менен балам да!

Арым менiң, жаным менiң тәуелсiз.

Заңым менiң, бағым менiң тәуелсiз.

Әнiм менiң, дәнiм менiң тәуелсiз.

Тәуелсiзбiн – өзiме өзiм құдаймын.

Тәуелсiзбiн – нұры-сынды күн, айдың.

Құласам да емiн-еркiн құлаймын,

Жыласам да емiн-еркiн жылаймын.

Тәуелсiзбiн! – танып тұрмын өзiмдi.

Ұшырамын қанат байлап сөзiмдi.

Ешкiм ендi көкiрегiмнен итерiп,

Ешкiм ендi шұқымайды көзiмдi.

Тәуелсiз ғой ойым менен ұғым да,

Бақыт құсым қонды келiп тұғырға.

Тәуелсiздiк алды бүгiн, қараңдар,

тойым түгiл қайғым менен мұңым да.

Заман өттi – қансыратып тонаған,

Заман өттi – қалтыратып қанаған.

Тәуелсiздiк келдi, мiне, ақыры!

Зорға жеттiм, зорға жеттiм мен оған.

Өткенді ойлап, у мен зәрді ішем мен,

Өткенді ойлап, қайғы-мұңға түсем мен,

Тудық біздер көрінбейтін бұғаумен,

Жүрдік біздер көрінбейтін кісенмен.

Қапаландық, жәбірлендік, зарладық,

Жат жұрт үшін жанымызды арнадық,

Қырылдық қой қорғап біздер Мәскеуді,

Ал Мәскеуден біз қорғана алмадық!

Мұның бәрін, мұның бәрін ұғынам.

Жүрек жара, зар заманның мұңынан.

Сол кезде мен азаттық деп, теңдік деп,

Бөрі болып айға қарап ұлығам!

Кеуделердi тарылтпасын кек қысып,

кетедi одан өр далама өрт түсiп...

Құсқа айналып кеудемдегi жүрегiм

Сүйiншiлеп келер күнге кеттi ұшып...

Сол кездегі миллиондаған қазақ­тың жүрегін «құсқа айналдырып, күнге ұшырған» ақжолтай хабар – Тәуелсіздік алғанымызға бүгін 32 жыл. Баянды болғай!

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ