Полиция қызметкерлері елорданың хабар-ошарсыз кеткен тұрғынының орналасқан жерін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Астана қаласы ПД криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі кентінде компьютерлік клубта хабар-ошарсыз кеткен астаналықты анықтады.
Бұған дейін “Байқоңыр” ауданы ПБ-на елорда тұрғыны жүгініп, жалға алынған Chevrolet Cobalt маркалы автокөлікпен үйден жеке тасымалдаумен айналысуға кеткен 18 жасар ұлын іздестіруге жәрдемдесу туралы өтініш білдірген болатын.
Жас жігітті іздеуге Астана қаласы ПД жеке құрамы мен берілген күштер бағытталған. Адамдардың жаппай шоғырлану орындары, жатақханалар мен қонақүйлер тексерілді, хабар-ошарсыз кеткен адамның араласатын ортасы орнатылды, бейнебақылау камералары қаралды. Тексеру барысында оның Астана қаласынан Қарағанды қаласына шығып, кейін Алматы облысына келгені анықталды.