СҚО-да жыртқыш аң 50-ге жуық қойды қырып кетті

Өлекселер тырналып, тістелген, тамағы орылған.

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы шаруашылықтардың бірінде қырылған 11 қойдың өлексесі табылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 16 желтоқсан күні сағат 05:00-де Айыртау аудандық полиция бөліміне учаскелік полиция инспекторы хабарласып, мал шаруашылығы кешенінде 44 қойдың белгісіз себеппен қырылғандығын айтқан.

Жедел тергеу тобы оқиға орнына бірден жетті. Тексеріс барысында өлген қойларды белгісіз жыртқыш аң талағандығы анықталған. Өлекселер тырналып, тістелген, тамағы орылған. Ал біреуі жартылай желінген болған.

Полицейлер қойға иттің тигенін бірден жоққа шығарды, себебі қораға жабайы аңның келгені ізінен белгілі болған.

Аудандық полиция бөлімінің басшысының айтуынша, қораның айналасын 500-600 метр қашықтықта қарау кезінде сілеусін іздеріне ұқсас іздер табылды. Жалпы материалдық шығын шамамен 1 млн теңге шамасында.

Тергеу жүріп жатыр.