«Ізі сілеусінге ұқсайды»: Теріскейде беймәлім жыртқыш аң бір отар қойды қырып кетті

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында бір отар қойды беймәлім жыртқыш жайратып салды.

Полицейлер қар үстіне түскен іздерді сілеусіндікіне ұқсатып отыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Талайды көрген тәртіп сақшыларының өзінің зәре-құтын қашырған оқиға 16 желтоқсан күні Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында болған. Мал бағушы шопанның айтуынша, 44 бас қойдың қырылып қалғанын, ол сенбі күні таңғы сағат 5-тер шамасында көрген. Дереу Айыртау аудандық полиция бөліміне хабарлаған. 

- Оқиға орнына жедел тергеу тобы аттанды. Тексеріс барысында таланған қойлардың жұлым-жұлымы шыққан өлексесі анықталды. Қойларды тамақтан салып бауыздай берген. Бір қойды толықтай жеп, қалғанын талап өлтіре берген. Полицейлер иттердің бұл іске қатысын жоққа шығарды. Табылған іздер малды жабайы жыртқыш талағанына ұқсайтынын көрсетті, - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің өкілі. 

Айыртау ауданы полиция бөлімінің басшысы Марат Серкешевтің айтуынша, аумақты бағдарлап қарау кезінде 500-600 метр шамасындағы жерден сілеусіннің табанына ұқсас іздер табылған. 

 

Жалпы келтірілген материалдық шығын 1 миллион теңге шамасына бағаланып отыр. Аталған факт Айыртау ауданы полиция бөлімінің тіркеу тізімі кітабына енгізілген. Тексеру жалғасып жатыр. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы