«Астрахань – Маңғышлақ» магистралды су құбыры іске қосылды

Атырау өңірінде «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын жаңғырту және кеңейту жұмыстарының I кезеңі аяқталып, іске қосылды.

Жоба нәтижесінде Атырау мен Маңғыстау облыстарында су тапшылығы мәселесі шешіледі. Салтанатты іс-шараға телекөпір арқылы  қосылған Премьер-Министр Әлихан Смайылов жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқанын атап өтті. 

Машақатты әрі маңызды жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығымен «Магистралды су құбыры» ЖШС жүзеге асырды. Құрылысқа 500-ден астам маман жұмылдырылған. Енді құбыр арқылы өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылығына тәулігіне қосымша 60 текше метр су беріледі. 

«Бүгін біз «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырының күрделі жөндеу жұмыстарын бітіріп, 170 шақырым су құбырын ауыс­тырып іске қостық. Бұл дегеніміз – су көлемі  тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін өседі деген сөз», – деді «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев. 

«Астрахань-Маңғышлақ» магистралі – маңызды стратегиялық нысан. 1988 жылы пайдалануға берілген. Атырау мен Маңғыстау облыстарында бірнеше ауданды қамтитын орталықтандырылған жалғыз су көзі. Құбыр арқылы тартылған Еділ суын елді мекеннен өзге өнеркәсіп кешендері де тұтынады.