Ел тәуелсіздігінің 32 жылдығына орай ұйымдастырылған фестивальға еліміздің үздік қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды. Іс-шараның ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, тілегін білдірді. Сонымен қатар шарада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлер бас қосты.
Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген шеберлер жасаған бұйымдар арнайы жәрмеңкеде жұрт назарына ұсынылды. Оның келушілері зергерлік бұйымдарды, аксессуарларды, ерекше безендірілген ыдыс-аяқтарды, декор элементтерін және отандық азық-түлік өнімдерін сатып ала алады.
– Бұл фестиваль – қолөнер шеберлерінің көптен күткен еңбегінің нәтижесі, күні-түні жасаған жұмысының жемісі. Себебі біраздан бері осы іс-шараны өткізуге мұқият дайындалдық, осы ауқымды фестиваль биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Жалпы, бұған дейін 2019 жылы Астанадағы Байқоңыр ауданының әкімдігі бастамасымен қолөнершілер іс-шарасы алғаш рет ұйымдастырылған. Мақсаты – креативті индустрияны дамыту, отандық өнімді қолдау, болашаққа қолөнер бұйымдарын, шеберлік сабақтарын насихаттау. Маңызды іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық нағыз өз ісінің шеберлері келді. Фестивальға үлкендер жағы ғана емес, қолынан іс келетін жастар, жасөспірімдер де қатысуда. Сондай-ақ шеберлердің қолынан шыққан жасыл түсті туды Қазақстанның рекордтар кітабы КИнЭС-ке енгізілгелі отыр, – деді Қазақстанның «Хас шеберлер» отандық өнімдерді дамыту қауымдастығының төрағасы, фестиваль ұйымдастырушылардың бірі Зиуар Жұманова.
Еліміздің барлық өңірінен келген шын шеберлердің Астанада өткен көрмесі, сән-fashion стиліндегі ерекше дүниелер көрген жанды тәнті етті. Әсіресе, Абай, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола тағы басқа өңірлерден келген хас шеберлер қолымен жасаған туындыларын көпшілікке ұсынды.
Өнімдерді жүннен тоқыған әулеттің үшінші ұрпағымыз деген Гүлнәр шебердің қолынан шыққан дүниелер айрықша әсер қалдырғаны рас.
«Мен жасымнан киізүйдің ішінде, киіздің үстінде өстім. Ақмола облысының ауылындағы балалығым аттың үстінде, жүн тоқып, киіз басумен өтті. Әкем тігінші болды, туысқандарым шетінен өнерлі, суретші, ісмер болды. Мен хореография мамандығын бітірсем де, қазір осы ата кәсіпті жалғастыруды мақсат еттім», – дейді ол.
«Хас шебер» фестивалінің алаңында Қазақстан қолөнершілерінің эмблемалары бейнеленген бірегей ту әзірленді. Ел тарихында бұрын-соңды болмаған, жүздеген үздік қолөнершілердің қолымен тігілген жасыл түсті тудың атауы – «Бірлік, Береке, Мейірімділік» деп аталады. Ол – табиғатқа, болашаққа талпынуды білдіреді.
Фестиваль бағдарламасының соңында қолөнершілердің туы желбіреді.
– Қолөнершілердің туында 240-тан астам қазақстандық шебердің эмблемалары көрініс тапты. Мақсатымыз – қолөнершілеріміздің басын қосу және шығармашылықты насихаттау. Бұл ту отандық өнімнің белгісін білдіреді», – деді «Хас шебер» қоғамдастығының вице-президенті Құралай Әсемқұлова.
Шараның басты шарты бойынша қатысушылар арнайы эмблемалар ойлап тауып, оларды қолмен жасаған.
– Идея барлық шеберлер мен қолөнершілердің басын қосу болды. Мен тігін ісімен айналысамын. Өзім тіккен көйлектермен бишілер халықаралық фестивальдарда өнер көрсетеді, жұлдыздар клипке түссе, бойжеткендер ұзату тойында киеді. Елімізде мен сияқты тігіншілер көп, олар өз ісін жақсы көреді және үнемі дамытып отырады. Бірақ оларды бір-бірімен таныстыру керек. Егер біздің мықты қоғамдастығымыз болса, онда индустрия да тез дамиды, – деді фестиваль қатысушысы Сағдат Қасымханова.
Айта кетейік, іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Хас шеберлердің қолынан шыққан жасыл ту еліміздің ең мықтылары ғана енетін қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына жазылмақ.