Қош айтысқалы тұрған 2023 жыл да жинақтаушы жүйе үшін жемісті болды. Еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесінде биыл орын алған елеулі оқиғаларға тоқталсақ.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) ұйымшыл ұжымы 2023 жылы алға қойған мақсат-міндеттерін жоғары кәсіби деңгейде орындап, әрбір отандасымыз үшін, тұтастай алғанда мемлекет мүддесі үшін маңызды бірқатар стратегиялық міндетті жүзеге асырды.
2023 жылы зейнетақы жүйесін реттейтін еліміздің басты құжаты – Әлеуметтік кодексті әзірлеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Қор мамандары жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмысын жақсарту, бұрын қолданыста болған заңнамалық ережелерді жаңа өзгерістерге бейімдеу барысында қызу белсенділік танытып, іргелі ұсыныстарын енгізді.
Әлеуметтік кодекс зейнетақы жүйесіндегі бірқатар жаңашылдықты қарастырады. Атап айтсақ:
• Салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейді
Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру кезінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезден бастап салымшы аталған зейнетақы жинақтарының 50%-ға дейін, ал ерікті зейнетақы жинақтарын 100%-ға дейін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруге құқылы.
• Зейнетке әскери қызметтен шыққан зейнеткерлер зейнетақы жинақтарын тұрғын үй және емделуге толық көлемде пайдалана алады
Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 100%-ға дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалана алады.
• Жерлеуге арналған төлем ұлғайды
БЖЗҚ-да, ЕЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген АЕК-тің 52,4 еселенген мөлшерінен 94 еселенген АЕК-ке дейін, бірақ қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерге ұлғайды. Ол қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне төленеді.
• Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-ның міндеттеріне қосымша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) тарту жүктелді. ЖМЗЖ тек 1 975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жұмыскерлер үшін жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады және жұмыскердің ай сайынғы табысынан: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5% мөлшерінде белгіленіп, 2028 жылы 5%-ға жеткенге дейін жыл сайын 1%-ға ұлғайып отырады. ЖМЗЖ-ны осылай кезең-кезеңмен енгізу жұмыс берушіге түсетін жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді.
• Зейнетақы жарналары барлық азаматтар үшін міндетті
Салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен нысанасы жұмыстарды орындау (қызмет көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге міндеттелді. Осылайша, болашақта лайықты төлемдермен қамтамасыз ету үшін халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту шегі кеңейе түсуде.
• БЖЗҚ комиссиялық сыйақысының төмендеуі
БЖЗҚ комиссиялық сыйақысының шамасы зейнетақы активтерінің 0,01 пайызынан айына 0,008 пайызға дейін азайды. Бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 0,04 еселенген айлық есептік көрсеткіштің көбейтіндісі ретінде айқындалатын шамадан және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында тиісті күнтізбелік айдың 1-күніндегі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын зейнетақы жинақтары бар салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының санынан аспауы тиіс.
Әлеуметтік кодекс қабылданып, қолданысқа енгізілген күннен бастап Қор мамандары түрлі байланыс арналары арқылы халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне Әлеуметтік кодекске байланысты енгізілген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі ақпаратты Қордың ресми сайтынан алуға болады.
2023 жылы қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесі 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл – атқарылған қыруар жұмыстың нәтижесін бағдарлау, сонымен бірге оны жалғастыру, дамыту, жетілдіру және жаңа міндеттерді белгілеу белесі болды. Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен (ХӘҚҚ) бірлесіп өткізілген «Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамыту келешегі» атты жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстелге 150-ге жуық отандық және шетелдік жетекші сарапшылар қатысты. Аталмыш іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар, саясаткерлер мен мүдделі тараптар үшін пікір бөлісіп, озық тәжірибе алмасу мен зейнетақы жүйесінің болашағына бағыт-бағдар берудің бірегей платформасына айналды. Үздік әлемдік үлгілерді талдау, тәжірибе алмасу – бұл бүкіл жүйені дамытуға, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру саласы мамандарының кәсіби өсуіне ықпал еткен маңызды қадам болды. Дөңгелек үстел барысында инновациялық шешімдер мен технологиялар талқыланды. Осылайша, жиын тарих бедерінде Қазақстан үшін ғана емес, зейнетақы жүйесін дамытуға мүдделі әлемдік қоғамдастық үшін де маңызды шара ретінде айшықталды.
2023 жылы Қазақстанның зейнетақы жүйесі алғаш рет халықаралық рейтинг – Mercer CFA институтының жаһандық зейнетақы индексіне енгізілді. Талдау және жан-жақты бағалау нәтижелері бойынша еліміздің зейнетақы жүйесі осы рейтингте 47 қатысушының арасынан 20-орынға ие болып, көптеген дамыған елдерді шаң қаптырып кетті. Зейнетақы жүйелері түрлі талап тұрғысынан бағаланып, өз кезегінде Қазақстан «тұтастық» және «тұрақтылық» сынағы бойынша ең жоғары баға алды. Жалпы халықаралық зерттеу нәтижелері әртүрлі мемлекеттердегі зейнетақы жүйелерінің мәселелерін шешу мүмкіндіктері мен даму әлеуетінің әрқилы екенін көрсетті. Бірақ біз орта жолда тоқтамай, озық нәтижеге жету жорығын жалғастыра беретін боламыз.
Жаңа Ұлу жылы қарсаңында Қорда тағы бір ірі тың жобаны іске асыруға белсенді дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырылмақ. Отанымыздың барлық жеткіншек азаматтарына жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% мөлшері есептелетін болады. Осындай аса жауапты шараны іске асыру барысында Қорға бағдарламаның операторы болу және балалардың шоттарындағы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтардың есебін жүргізу міндеті сеніп тапсырылды. Бұл жаңа сынақ. Бұл жобаның да абыроймен жүзеге асырылатынына кәміл сенім мол. «БЖЗҚ» АҚ-да бірегей ақпараттық-технологиялық жүйелер мен дамыған өңірлік желілер ғана емес, сонымен қатар теңдесі жоқ тәжірибеге ие кәсіби мамандар легі бар.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы – Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің есебін жүргізетін жалғыз қаржы институты. Қордың қызметі – ашық, бағыты – айқын, міндеті – күрделі құрылым. Халықтың қаржылық сауатын ашып, қазыналы қарттығына қаржы жинауына жүйелі түрде жол көрсетіп келе жатқан еңселі ұйым.