«Отбасы банк» монополиясы жойыла ма?

Тұтас бір салада бәсекелестіктің тұншықтырылып, монополияның орнағанына 20 жыл толды. Әңгіме – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы болып отыр.

Дамыған елдерде бұл салада кез келген қаржылық институт қызмет көрсете алады. Алайда Қазақстанда аталған жүйеге өзгелердің кіруіне заңмен тыйым салынған. Әділетті Қазақстанда бұл әділетсіздік жойылуы мүмкін. Бүгінде бірден екі ведомство – антимонополиялық орган мен қаржылық реттеуші Үкіметке ұсыныс енгізді. 

Республикада тұрғын үй құ­ры­лыс жинақтары жүйесінде әлі күнге дейін жалғыз қаржы инсти­туты жұмыс істейді, заңнамада солай бекітілген. Бұл – «Отбасы банкі». Басқаларының бұл салаға «тұмсық сұғуына» қатаң тосқауыл қойылған. Антимонопо­лиялық агенттік бұдан бәсекелестікті шектеуді көріп отыр.

Саладағы монополизм – бұрынғы биліктің сарқыншағы. Оның үстемдігі 20 жылдан жал­ғасып келеді. 2003 жылы Үкімет «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ деген ал­пауытты құрды. Оның атауының өзі сөз­дердің ұзын тізбегінен тұратын кеңестік кәсіпо­рын­дарды елес­тететін: «Каз­Пром­Строй­Снаб­РемМонтаж» деген сияқты.

2020 жылғы желтоқсанда ҚТҚЖБ өз атауын «Отбасы банк» деп өзгертті. Алайда елімізде тұрғын үй құрылыс жинақтарын қабылдайтын жалғыз қаржылық институт болып, монополистік жағдайын сақтап қала берді. Енді бұл жағдай біртіндеп өзгере бастағандай.

Таяуда Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөнінде өзгерістер мен толық­­­тырулар енгізу туралы» заң жобасын бі­рін­­­ші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат елді бір дүрліктірді. 

Себебі «Отбасы банкін» толыққанды даму институтына айналдыруды қарас­­­тыратын бұл заң жобасы оны екінші дең­гейлі банктер (ЕДБ) жүйесінен шығарып тастауды қарастырады. Салдарынан бұл халықтың сонда жинаған жинақтарының депозиттерге кепілдік беру жүйесінен алып тасталуына соқтырады. Өйткені «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ның кепілдігі тек банк­­тердің депозиттеріндегі ақшаларға ғана таралатыны мәлім. 

Құжатты Парламентте қорғаған Өнер­кәсіп және құрылыс министрі Қанат Шар­лапаевтың айтуынша, осыған байла­нысты «Отбасы банкінде» орналас­­ты­рылған салымдардың сақталуына мем­лекеттің өзі кепілдік беретін бөлек норма заң жобасына енгізіліп отыр. Кепілден­­дірілетін тұрғын үй құрылыс жинағының әр адамға арналған көлемі 20 миллион теңгеден аспайды. 

– Заң жобасының басты жаңалығына тоқталсам, қолданыстағы заңнама бойын­ша жергілікті әкімдіктер тұрғын үйді есепке қояды, сондай-ақ салынған мемле­­кеттік баспананы бөлу және беру функ­цияларын жүзеге асырады. Ал осы құжатта бұл функцияларды «Отбасы банкіне» беру ұсынылған. Бірақ азамат­­тарды тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті әкімдік­­тердің мойнында қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асыруы тиіс. Жаңа функ­­циялар алуына байла­­­­нысты «Отбасы банкін» ұлттық даму инсти­тутына ай­­налдыру көзделіп отыр. «Отбасы банкіне» аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйке­­­сінше, ол банктік және басқа да опе­­ра­­­цияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асы­рады, – деді Қанат Шарлапаев.

«Отбасы банкі» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы (ТҚО) құры­лады, оған қандай да бір санатқа жа­та­тындығына қарамастан баспанаға мұқ­таж барлық азамат өтініш бере алатын бола­ды. Әрбір өтініш иесінің кірістерін, мүлкі мен активтерін анықтайтын «От­басының цифрлық портреті» жасалады. Бұл аза­мат­тың отбасылық жағдайының барл­ық си­пат­­тамасын анықтауға мүм­кіндік бе­реді. 

Халық неге наразы?

Осылайша, жаңа функциялармен бірге «Отбасы банкінің» басқа да табыс көздері, қаржыландыру тетіктері пайда болады. Сондықтан болса керек, мемлекет оның басыбайлы астына басып келген саласында басқаларға да орын босатып берудің қамына кірісті. 

«Отбасы банкіне» қатысты Бәсеке­лес­тікті қорғау және дамыту агенттігі де төл заңнамалық түзетулерін пысықтап жатыр. Оның сарапшылары даярлаған «Кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестік мәсе­­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңының жобасы бұл салаға «Отбасы банкінің» өзге бәсе­­келестерін, яғни коммерциялық банктерді де жіберуді қарастырады. 

Әйтпесе, саладағы монополистік жағ­дайын пайдаланып, «Отбасы банк» өзінен несие алу шарттарын нашарлатты, шектеулер енгізді, сыйақысының ставка­сын күрт көтерді. Сөйтіп, халықтың наразы­­­лығын да туғызып жатыр. 

Сонау 2000 жылғы 7 желтоқсанда қабылданған және әлі күнге қолда­­­ны­латын «Тұрғын үй құрылысы жинақ ақ­шасы тура­лы» заңының 3-бабында «тұр­ғын үй құрылысы жинақ жүйесiнің субъектiлерi» ретінде үш тарап қана белгіленген. Бұ­лар – тұрғын үй құрылысы жинақ банкі (Отбасы банк), оның салымшылары және мемлекет. Соңғысы «Отбасы банкіндегі» салымдарға респуб­ликалық бюджеттен мемлекеттiк сыйлық ақыларды төлейді.

Сарапшылар «Отбасы банкінің» жи­нағы баспана алуға жетпейтін салым­шы­ларының ақшаларын айналдырып, бюд­жеттен де миллиардтар алып, дел­­­дал­­дықтан күреп табыс тауып отыр­­­ғанын сынап жүр. Бұрын ол арзан, қол­­жетімді тұрғын үйлердің салынуына сер­­пін беретін. Біраздан бері мемлекеттік тұр­ғын үй бағ­­дарламалары тегіс тоқтады. Ендеше, бұл саланы бәсекелестік ортаға беруге болады.

«Кәсіпкерлік кодексе сәйкес, кәсіп­­керлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының басты бір қағидаты – тұтынушылардың, кәсіпкерлік субъекті­­лері мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету. Ұсынылып отырған заң­намалық өзгерістер екінші деңгейлі банк­терге халықтың тұрғын үй құрылыс жи­нақ­­­­тарын тарту арқылы салада сала­матты бәсекелестікті қалыптастыруға ба­ғыт­­­­­­­­­­­­­­­­­­талған. Соның арқасында халықты бас­пана­мен қамтудың тиімділігі артады, тұты­­­нушылардың таңдау құқығы да кеңей­­тіледі», – деп түсініктеме берді анти­монополиялық орган.

Сонымен, жаңа заң жобасы бойынша «тұрғын үй құрылыс жинақ банкі деген мәртебесі жоқ екінші деңгейдегі өзге банктерге халықтың ақшасын тұрғын үй құрылыс жинағы түрінде тарту құқығын беру» ұсынылады.

«Екінші деңгейлі банктерге де тұрғын үй құрылыс жинақтарын нарықтық ставкалармен қабылдау және жинақтау мүмкіндігін беру қажет. Сонда азаматтар баспана үшін бастапқы жарнаға оларда «Отбасы банк» АҚ депозитімен салыс­­­тырғанда, әлдеқайда көбірек қаражат жинай алады», – деп түсініктеме берді Бә­се­келестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Салаға әркімнің-ақ бар таласы

Бұл заң жобасын Парламент құптайды деген үміт бар, себебі қараша айында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй саясатын реформалау мәсе­лелері жөніндегі төл заңын таныс­тыр­ғанда, Мәжіліс депутаттары «елдегі осы салада 1 ғана ұлттық қаржы операторының болуы бәсекеге қабілеттілікті төмен­деткенін» сынаған болатын.

Бұл өзгерістер халықтың да көңілінен шығуға тиіс. Өйткені Антимонополиялық агенттік әзірлеген заң жобасы тек «Отбасы банкінің» ғана емес, оған бәсекелес ком­­мерциялық банктердің тұрғын үй құры­лыс жинақ өнімін тұтынатын клиент­­тердің де депозиттеріне 20 пайыздық мем­лекеттік сыйлықақы төлеуді қа­­рас­­­­тырады.

Тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі алда екінші деңгейлі барлық банкке қолжетімді болуы мүмкін екенін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова рас­тады.

– Бұл мүмкін болады. ЕДБ-лар осы жүйеге қатыса алады. Сондай ұсынысты Үкіметке енгіздік. Заң қабылданса, онда бүкіл коммерциялық банктер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысу, өзіндегі депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы алу құқығына ие болады. Сөйтіп, «Отбасы банкінің» монополиясы жойылады. Бұл – бір. Екіншіден, банктерге осы салада ар­зан несие ұсынылатын арнайы бағдар­ламалар қажет болады. Мысалы, ес­­­­­­­­те­­­­рі­­­­­­­ңізде болса, кезінде 7-20-25 бағдар­­ламасы аясында Ұлттық банк банктерге 7 пайыздан арзан қаражат ұсынған болатын. Үкімет бұл ұсынысты қолдайды деген үміттеміз» – деді журналистерге Мәдина Әбілқасымова. 

Оның болжауынша, банктер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысуға мүдделі. Себебі қазір комбанктер бүкіл қаржысының 80 пайызын өзінде есепшот пен депозит ашқан халықтан және биз­нестен тартып отыр. Бұған арзандау ипо­текаға баспана алу үшін жылдап ақша жинайтындар легі қосылса, банктердің қаржы тасқыны артары сөзсіз.

Бұл саланың табысы – ұшантеңіз. «Отбасы банк» бір ғана 2022 жылы делдал­дықтан 96 миллиард теңге таза табыс тапты. Бұл алдыңғы жылғыдан бірден 47 пайыз көп. 

Бүгінде мемлекеттік осы банктің қара­жаты 3,4 триллион теңгені құрайды. Алайда банк былтыр тек 1,6 трлн теңге аралық заем мен 814,7 млрд теңге алдын ала тұрғын үй несиесін беріпті.

Елдос СЕНБАЙ