Кісі өлтірген күдіктілер екі айға жуық уақыт өздері қазған жерге жасырынып жүрген, – деп хабарлайды Aikyn.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласының полицейлері биыл қазан айында танысын өлтіріп, қылмыс ізін жасыру үшін денесін өртеп жіберген 22 және 33 жастағы екі ер адамды ұстады.
"Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Күні кеше күдіктілердің тұрған жері белгілі болды: олар осы уақыт бойы Алматы – Астана тасжолынан 2 шақырым жерде орналасқан орынды қазып, (көлемі – 3х1,3 метр, биіктігі – 1,7 метр) сол жерде жасырынып жүрген. Онда күдіктілер өздеріне арнайы баспана, тамақтанатын орын жасап қойған. Олар өздерінің танысын өлтіргендерін мойындады. Күдіктілер қамауға алынды", – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.