«Қазақстан азаматтығын алып беремін»: шетелдіктерді алдаған алаяқ ұсталды

Алаяқ ХҚКО-да жақын танысы жұмыс істейтінін айтып, құжатты қысқа мерзімде алуға көмектесемін деп алдаған.

Астана қаласының тұрғыны шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын алып беремін деп жалған уәде берген, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтық іс-әрекеттердің құрбаны болғанын айтып Қытай Халық Республикасының екі азаматы полицияға жүгінген.

Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 34 жастағы қала тұрғынын анықтады. Тергеу барысында ер адам жәбірленушілерге әлеуметтік желі арқылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға көмегін ұсынғаны белгілі болды. Ол ХҚКО-да жақын танысы жұмыс істейтінін айтып, құжатты қысқа мерзімде алуға көмектесемін деп уәде берген. Осылайша қаскүнем көрсеткен қызметі үшін жәбірленушілерден 70-140 мың теңге аралығында ақша алған. Кейін ер адам байланысқа шықпаған, құжатты уәде етілген мерзімде ұсынбаған.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі.