Жоқ, мен ғана емес, төңіректегінің барлығы соған қарап тұр екен. Біреуі көзілдірігінің үстімен қарайды. Екіншісі ұялғансып көзінің астымен қарайды. Мен де қарадым. Сөйтсем, бұл келіншектің омырауы шеңбірек атып, жарылғалы тұрған шардай тырсылдап тұр екен. Сол маңайға тоқталыңқыраған көзім тайғанап барып, келіншектің етек жағына аялдады. Бура, жуан сандар жарқырап, қарамасыңа қоймайды. Құрысын! Қашып кеттім. Қашып бара жатып та соңыма жалтақ-жалтақ қарадым. Алдына емес, артына мойын бұрып қарап жүгірген адам бірдеңеге соқтығыспай қоймайды. Мен де соқтығыстым. «Өлген жерім осы екен ғой» деп ойлап үлгергенімше болмады, денеме былқ етіп әлдене тигендей болды.
– Көзіңе қарап жүрмейсің бе?
Қарасам, алдымда еңгезердей бір әйел тұр екен. Қорқып кетіп, кешірім сұрадым.
– Кешіріңіз! Көзім артымда еді.
– О заманда, бұ заман, адамның көзі артында болушы ма еді?
– Жо-жоқ, сіз сияқты бір келіншекті көріп, содан қашып келемін. Анау жақта бір келіншек қалды. Соған қарағыштап келе жатып сізге соғысып қалыппын.
– Сен немене, әйел көрсең қаша беретін сужүрекпісің?
– Жоқ. Батырмын.
– Батырдың түрін қара!
Еңгезердей әйел кеңк-кеңк күлді. Мен де күлдім. Неге күлгенімді өзім де білмеймін. Абырой болғанда, еңгезердей әйел «Мен сияқты әйелден неге қашасың?» деп сұрамады. Мен де айтпадым. Өйткені бұл әйелдің де оңып тұрған сыйқы жоқ еді. Жүзіне қарасаңыз, елуді еңсерген жан сияқты. Әрекетіне қарасаңыз, он бестегі қыз сияқты. Ернін шиедей етіп бояпты. Көзіне кірпік жалғапты. Томпақ бетінен жылу емес, тоқ шашырайтын тәрізді. Түрі тым сұсты екен. Омырау тұсы... қарай алмадым. Өзі түйенің жарты етіндей бола тұра биік өкшелі туфли киіп алыпты. Тайып жығылса, тобығын шығарып алады-ау деп шошындым. Қып-қысқа юбкасына жуан бөксесі тырсиып, сыймай тұр.
Менен жауап болмаған соң әйел әрі кетті. Мен бері кеттім. Өрекпіген жүрегімді баспақ үшін жан-жағыма алақтап қарадым. Сәтін салғанда, алдымнан бір кафе шыға келді. Ойланбай зып беріп кірдім.
Кафе іші көкала түтіннен көрінбейді. Ана жерде де бұрқ-бұрқ түтін, мына жерде де бұрқ-бұрқ түтін. Сөйтсем, өңкей қыздар жиналып, қорқор тартып отыр екен. Электронды темекі дейсіз бе, жай темекі дейсіз бе, бұлар да қосылыпты. Мейлі, қыздар шеккен темекі жұмсақ болады ғой деп ойлап, бос орындық қарадым. Даяшы алдыма жетіп келді. Ауызында темекі. Қолында шағын дәптер мен қалам. Бұл қыз да қазіргі сән-салтанаттан құралақан қалмапты. Тұла бойын тінтіп шықтым. Төсі тырсиып, кіндігі көрініп тұр.
Арғы орындықтан үш-төрт қыздың жыртың-жыртың күлкісі естілді. Япыр-ай, бұларға бүгін не көрінген осы? Аяқтарын айқастырып, орындықта шалқалақтап отыр. Сан суреттен санам сансырады.
Мұнда бетіне бір тонна бояу жағып алғандар да, кірпігіне кірпік жалғап алғандар да, тар шалбар киіп тырсиып отырғандар да, әлденеге мәз болып сойған түлкідей ыржиып отырғандар да жетерлік.
Ә, мейлі. Заман осылардікі. Айналасының барлығы осындай болған соң бұлар көштен қалсын ба? «Оралыңның барында ойна да күл» деген, жастық жалын бойын өртеп тұрғанда жырғап қалмағанда қайтеді? Біз де қызықпыз өзі. Әуелі экономика дедік, озық елдерден үйренеміз дедік, жеткен жеріміз осы. Ұлттық құндылықтар хақында, қазақы тәрбие туралы айтудан қорқатын болдық. Шетелде оқып келгендер аузыңызды аштырмайды. Дүмшелеу діннің өкілдері аяғыңды қия бастырмайды. Астафралла! Ана бет-ауызын қара ғижаппен тұмшалап алып жүретін қыздар мұнда не істеп жүр? Қой, керегімді ішейін де жөніме кетейін.
Шайымды үнсіз іше бердім. Тырс етіп дыбыс шығаруға құлқым жоқ. Кенет жанымдағы қыздардың өзара сөздері құлағыма шалынды.
– Апам ұрысатын болды. Үйге қонбай жүргеніме үш күн толды.
– Соны да сөз деп. Ал менің үй бетін көрмегеніме бес күн.
– Давай, қыздар! Бүгін де бір пәтер жалдап, таңға дейін гулетейік те...
– Міне, бүгінгі алдыңғы сөз!
– Кеттік, қыздар!
Мен де «кеттік» дей жаздап, ернімді қыршып қалдым.
Есіме ұлу туралы анекдот түсті. Бір күні екі ұлу кездесіп қалыпты. Біреуінің арқасында қабыршағы жоқ екен. Қабыршағы бар ұлу:
– Саған не болған? – деп сұрапты.
Қабыршағы жоқ ұлу:
– Тек ешкімге айтпа, үйден кетіп қалдым, – дейтін көрінеді.
Иә, бүгінде үйден де, тәрбиеден де кетіп қалған бойжеткен көп.
Қайтеміз? Заржақ заман талабы осы...
Күйіп кеттім де, кафеден шығып, үйге кетіп қалдым.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ