– Армысыздар, ағайын!
– Тәңір жарылқасын! – деді орта бойлы шал. Қасында кемпірі ұршық иіріп отыр.
– Ата, бұл қай ертегі?
– Қаңбақ шал. Мұндай ертегіні естуің бар ма?
– Әрине, бала кезімде әжем айтып беруші еді.
– Шырағым, баяғыда құлағым көп шулайтын, қазір тиыш. Соған қарағанда қазіргі қазақтың балалары бізді көп біле бермейді-ау, – деді Қаңбақ шалдың кемпірі күңкілдеп.
– Кемпір, бұлар бізді не қылады? Өмірі онсыз да ертегі ғой.
– Бәсе, солай ма?
– Балам, мұнда жай келдің бе? – деп Қаңбақ шал қасыма жақындады.
– Осы сіз түйені түгімен жұтатын жалмауыз дәулер мен біреуді-біреуге айдап салатын жағымпаз, өтірікші қу түлкіден қалай құтылып кеттіңіз?
– Ее, балам, шамасы ертегіні дұрыс тыңдамаған екенсің. Оны неге сұрадың? Еліңде дәулер мен түлкілер пайда болды ма?
– Солай болып тұр.
– Естуімше сендерде жалғыз көзді дәулер үшеу емес, көп қой. Түлкілер толып жүр. Оған менің шамам жетпейді. Алдар көседен көмек сұра, – деді
– Ол қайда тұрады?
– Екі көлді кешіп, жеті қырдан асып өтіп жетесің.
– Алдарға баруға менің уақытым аз. Басқа амалы жоқ па? – дедім.
– Оған барлық қазақ ертегісінің кейіпкерлері Ер Төстік, Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақ, Күнекей қыз, тіпті Қылкеңірдек пен Шибұттар қол ұшын беру керек. Айтпақшы, менде «Ұр,тоқпақ» бар. Бұл қоғамыңды жайлаған жағымсыз кейіпкерлермен күресуге көп көмек береді, – деп ағаш үйдің керегесінде ілулі тұрған тоқпақты қолыма ұстатты. Қуанып кеттім. Өз елімнің таусылмайтын шым-шытырман ертегісіне қайта оралдым.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН