Отырыста қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жер қойнауын пайдалану және экология саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ құжат жер қойнауын пайдалануға қатысты инвестициялық тартымдылықты жақсартуға, осы саладағы заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған өзгерістер енгізуді көздейді. Сенаторлар заңды бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат палатаның алдағы отырыстарында екінші оқылымда қаралады.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі және дактилоскопиялық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл құжат мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заңда «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінің қызметіне және дактилоскопиялық тіркеуге қатысты түзетулер де қарастырылған.
Нақты айтқанда, заң «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарын ерікті түрде дактилоскопиялық тіркеуді көздейді. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл шаралар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Палата отырысында бір топ сенатордың гидротехникалық нысандардың жай-күйі бойынша депутаттық сауалына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің ауызша жауабы тыңдалды. Аталған сауалда депутаттар судың тапшылығына және оны үнемдеп пайдалануға қатысты проблемаларға алаңдаушылық білдірген болатын.
Сенат Төрағасы су ресурстарын үнемдеп пайдалану еліміз үшін өте маңызды мәселе екенін айтты. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы жайтқа айрықша назар аударды. Сондықтан палата Спикері сенаторлар көтерген проблеманы шешу үшін кешенді тәсілдер мен жедел әрекет қажет екенін тілге тиек етті.
«Еліміздің кейбір аймақтарында су тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр. Гидротехникалық нысандардың қауіпсіздік мәселесін де назардан шығармауымыз керек. Осы бағыттарға басымдық бере отырып, тиімді шараларды іске асыру аса маңызды. Сондықтан мемлекеттік органдар алдағы жұмыстарында отырыста айтылған барлық ұсынысты ескерулері қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.