Студенттерге – үш жатақхана

Жақында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерге арналған үш бірдей жатақхананың құрылыс жұмыстары басталды.

ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі аясында салыну жоспарланған жатақханалар әрқайсысы 1 060, жалпы саны 3 180 орынға арналған. 9 қабаттан тұратын үш жатақхана­ның жалпы ауданы 49 703,94 шаршы метрді құрайды. Ал ғимаратты салу үшін 1,24 гектар жер бөлінген. 

Студенттер үйінің әр қабатында заманауи оқу залдары, демалыс орындары, асхана, кофехана, спортзал және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Толыққанды жабдықталған 70 шаршы метрлік бөлменің сыйымдылығы 4 адамға дейін. Сондай-ақ жаңадан бой көтергелі отырған жатақханаларда инклюзивті білім беру талаптары қоса ескеріліп отыр. Мұнда мүгедектігі бар білім алушы жастарған арнайы 132 төсек-орын беріледі. Kenzhe Holding ЖШС құрылыс компаниясының басшысы Әбдіғаппар Сәрсенбаев жатақхана құрылысын 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырғанын айтады.

– Біз аз уақыттың ішінде университет басшылығының тапсырысынан кейін құрылыстың сметалық жобасын жасадық. Әрі қарай сол жоба негізінде жұмысты ретімен жүзеге асырмақпыз. Істі баста­ғанымызға бір ай болды. Іргетас шұң­қырын қаздық. Дайындық жұмыстарын аяқтап, ал енді бүгін іргетасын қалаймыз. Құрылыс мерзімі – 15 ай. Жатақхана 9 қабатты, жертөлесі, техникалық қабаттары бар. Жобаны бекіту ісін жүргізу барысында заманауи технологиялар, жаңа құрылыс материалдары, интерьер мен дизайн үлгілері қарастырылды. Ең бастысы, Алматы қаласының сейсмикалық қауіпсіз жағдайын ескердік.  Үш жатақхана құрылысын келесі жылдың желтоқсан айында аяқтасақ деген ниетіміз бар, – дейді ол. 

Құрылыс компаниясының басшысы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын басты назарға алып отырғанын, ол үшін қажетті құрал-сайманның барлығы жобада қамтылғанын атап өтті.

– Құрылыс аяқталған соң жатақхана жағдайы жоғары деңгейде болады деп ойлаймыз. Бөлмелердің студенттерге қолайлы, кең, жарық әрі жылы болуын қадағалаймыз. Екінші жатақхана құрылысын бастау үшін біз мына тұрған ағашты кесуге рұқсат алуымыз керек. Қазір Алматы қалалық Экология депар­таментінің рұқсат қағазын алып жатыр­мыз. Алдағы бір айдың көлемінде сол құжатты алғаннан кейін бірінші есеп­те ағаштарды кесу жұмысын бастаймыз. Одан кейін қаңтар айында екінші, ақпан айында үшінші жатақ­хананың іргетас шұңқырын қазамыз. Екі жатақхана бойынша негізгі құрылыс жұмыстарын наурыз айында қолға алуды  жоспарлап отырмыз. Өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуына баса мән бердік. Құрылыс жобасында автоматтық өшіргіш құрал-саймандары көрсетілген. Қазақстандық студенттер шетелдегі жетекші оқу орындарының кампустарынан кем емес комфорттық жағдайда өмір сүреді деп ойлаймыз, –  дейді Ә. Сәр­сенбаев.

Аталған студенттер үйінің құрылыс жұмысы Президент тапсырмасымен,  Үкіметтің қолдауымен жүзеге асып отыр.  Сәуір айында  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров және ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен ІІ кезеңнің  басталуына байланысты естелік капсула салынған еді. Ал биылғы 7 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма бөрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Кездесуде Президент университет қалашығын қайта жаңғырту бойынша бірқатар маңызды тапсырма жүктеді.

ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жоба негізінде 12 жатақхана, 8 оқу корпусы бой көтереді. Университет ректорының сөзінше, басты міндет – білім алушылар үшін тұрғынжай тапшы­лығын қысқарту. Құрылыс жұмыстары алдағы 3 жылға жоспарланған. Келесі жылы ҚазҰУ ұжымы 90 жылдығын сал­танатты түрде  атап өтеді. Мерейтой қарсаңында жаңадан салынған жатақ­ханалар студенттер игілігі үшін пай­далануға беріледі. Сондай-ақ биыл университетте 4 оқу корпусы, қаңтар айында 35 мың шаршы метр емхана құрылысы басталады. Медициналық орталықта поликлиника, медицина және денсаулық сақтау факультеті, стоматология жұмыс істейді. Одан өзге қызметкерлерге арналған тұрғынжай, инновациялық орталық, IT хаб, спорттық-сауықтыру орталығы және тағы басқа ғимараттар салу жоспары бекітілген.

Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 15 жатақхана бар. Онда білім ордасының 6 мыңға жуық студенті орналасқан. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында  Үкімет 2026 жылға дейін 30 мың студентті жатақханамен қамтамасыз етуді нысанаға алып отыр. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы