Міне, сондай жанның бірі – Социалистік Еңбек Ері, үш мәрте «Ленин» орденінің иегері, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, даңқты қызылшасы Дариха Жантоқова. Тағдыры тар жол тайғақ кешуден тұрған анамыздың өмір жолы жанарға жас үйіреді. Ал ерлігі бүгінгілер мен кейінгілерге рух береді.
Дариха Жантоқова 1918 жылы 8 наурызда Әулиеата уезі «Трудовой пахарь» ұжымшары (қазір Түймекент ауылы) Ақжар бөлімшесінде дүниеге келген. Әкесі Жексенбі мен анасы Науатбала Дариханы жастайынан зерек қылып тәрбиелейді. Бір отбасында үш бала өссе, Дариха солардың ішінде ең еңбекқоры болған. Отызыншы жылдары жалынды жас Балатай Жантоқовпен тағдыр жарастырып, «Қызыл Жұлдыз» ұжымшарына мүше болып кіреді. Балатай осы ұжымшарға 1940 жылы басшы болып тағайындалған тұста әскер қатарына шақырылып, артынша Ұлы Отан соғысы басталып кетеді.
«Балатайдан ең соңғы хат 1942 жылы Украинадан келді. Содан соң еш хабар болған жоқ. Тіпті, қара қағаз да келмеді. Ағам Жексембиев Қадыр да майдан даласынан оралмады. Тылда қалған қарттар мен әйелдерге оңай соққан жоқ. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек еттік. «Мол өнімші әйелдер звенолары» қозғалысы қанат жайды. 1942 жылдан сондай звенолардың бірін басқардым. Соғыс уақыты ғой. Адам жетіспейді. Бригадир де болдым.
Соғыс та аяқталды. Отбасында інім Қоңыр, анам үшеуіміз ғана қалдық.1946 жылы інімді үйлендірдім. Келініміз Мүбараның арқасы ғой, өз басым әйел болып үй тірлігін істеп көрген емеспін. Барлық күш-жігерім, уақытым негізгі жұмысыма қызылша өсіруге кетті», – дейді Дариха Жантоқова естелігінде.
Батыр ана Социалистік Еңбек Ері атағын сол қырқыншы жылдары алған. Ала жаздай төккен маңдай терлері әділ бағасын алып, Дариха апамыз еңбекшілердің ең жоғарғы марапатына ие болады.
«1947 жылы шаруашылығымызда төрт звено істеді. Бәрі де рекордтық көрсеткішке жетті. Менің звеном гектарына 850 центнерден балтамыр жинады. Келесі 1948 жылдың көктемінде мен, Сындыбала Оңғарбаева, Қанымқыз Тортаева, Мәрзия Ибрагимова, ұжымшар бригадирлері Керімбай Мырзақұлов, Айтжан Бөгенбаевтар Социалистік Еңбек Ері атағын алдық.
«Еңбегі көптің өнбегі көп» демей ме? Келесі 1949-1950 жылдары да қызылшадан мол өнім өсіріп, Ленин орденін алдым. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, оның Төралқа мүшесі болдым. Қызылшашылардың Одақтық съезіне делегат болып қатыстым. Осылайша, адал еңбегіміз бағаланып отырды», – дейді Дариха апамыз естелігінде.
Жеміс пен жетістік болған жерде көреалмаушылық пен іштарлық қатар жүретіндігі өмірдің ең әділетсіз заңдылығы ғой. 1953 жылы Дариха апамызға «колхоз мүлкін талан-таражға салды», «ағасы фашисшіл» деген сияқты жалған жала жабылып, барлық атақ-даңқынан айырылып, 15 жылға сотталып кетеді. Осылайша, небары 23 жасында жесір қалып, екі баласы бірдей шетініп кеткен ананың Қарағанды қаласындағы әйгілі «Долинка» лагерінде азап пен ауыртпалыққа толы жылдары жалғасады.
«Бұл – 1953 жылы болған оқиға. Бәріне қазақтың жаман әдеті көреалмаушылық пен іштарлық кінәлі. Арыз ұйымдастырғандар талай адамның обалына, бала-шағасының көз жасына қалды.
Әпербақандау Н.Хрущев басқарған заман ғой. Жаламен сотталып, Қарағанды лагерінде азапқа толы бес жылымды өткізіп, бостандыққа шығып, елге оралдым. Қызылшалықта еңбек ете жүріп, ақталуға деген үмітімді үзген жоқпын. Жоғары орындардағы азаматтарға айтып, қуансам деген ойым болды. Мұның сәті де түсті. 1956 жылы Жамбыл облысына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Н.Беляев келді. Оған қызылша алқабын көрсету ұйғарылып, бұл үшін Сындыбала Оңғарбаеваның телімі таңдалды. Тамақты да осы кісінің үйінен дайындаттық. Айтылған күні қасында Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Сапарғалиев, басқа да лауазымды адамдар бар Беляев қызылшалыққа келді. Дақылдың жай-күйімен таныса бастады. Сындыбала екеуіміздің алқаптарымыздың шырайы бірдей. Екеуіміз өзара көмегімізді аямай, тәжірибе алмасып отырамыз. Айырмашылық, оның Алтын жұлдызы кеудесінде де, менде мақтанарлық еш белгі жоқ. Мәртебелі қонақ мұны бірден байқады. Осы арада көрген қорлық көзіме жас болып үйірілді. «Прокурор забрал...» деп бастап, тілім жеткенше алған Алтын жұлдызым мен ордендерімнен қалай айырылғанымды түсіндірдім. Облыс пен аудан басшылары да жағдайды баяндап жатты. Сол жерде Беляев арқамнан қағып: «Мұңайма, бәрі ойдағыдай шешіледі» дегендей ишарат танытты. Сонымен не керек, көп ұзамай Республика Жоғарғы сотынан жаламен қозғалған іс қайта қаралатындығы туралы қағаз келді. Сөйтіп, 1959 жылдың ақпан айында Жоғарғы Кеңеске шақырылып, онда ақталып, маған Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын, басқа да марапаттарымды қайтарып берді. Зардап шеккен өзге адамдар да ақталды», – дейді Дариха апамыз өткен күнді еске алған күнделігінде.
Міне, осылайша даңқты қызылшасы апамыз ақталып, барлық атақ-даңқына қайта қол жеткізгенімен, Беляев Қонаевпен бірге Хрущев тарапынан қысым көрген. Сондай-ақ облысқа Асанбай Асқаров басшы болып келген тұста оның тындырған тірлігі жоғары жаққа ұнамай, Колбиннің көлгір ойынының құрбанына айнала жаздаған. Осы тұста Асқаровқа Дариха Жантоқава бастаған азаматтар араша түскен.
«Облыс ардагерлері сапында Сындыбала екеуіміз талай есікті қақтық. Сот жүріп жатқанда Қырғызстанда да бірнеше рет болдық. Сотқа төрағалық етуші татар әйелімен ұрысып қалғанымыз да бар. Атақты жазушы Шыңғыс Айтматовпен де кездестік. Сол күні әлденендей съезд жүріп жатыр екен, Айтматов соған қатысып, күткізіп барып келді. «Жекжаттарым, меймандарым» деп қуанып, қонақжайлық танытты шоң қырғыз. Горбачевпен жақындығын айтып, көмектесуін өтіндім. Кейін Қырғызстан Президенті А.Ақаевтың да резиденциясына барып, қабылдауында болдық.
Соңы ел-жұрт болып араша түскен азаматымыз ақыры ақталып шықты», – дейді Дариха апамыз.
Дариха Жантоқова облыс ғана емес, елге танымал талай тұлғалармен сырлас, берік байланыста болған. Мәселен, Мойынқұмнан шыққан екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевпен әзілі мен қалжыңы жарасқан. Атақты тарышы Ыбырай Жақаевпен 1948 жылы өткен ауылшаруашылық қызметкерлерінің республикалық кеңесінде бірге болып, тәжірибе алмасқан. Талдықорғандық Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновпен тіпті тағдырлас болып, жалған жаланың құрбанына айналу сынды әділетсіздікті бірге бастан кешірген. Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдиновпен болса, 1950-1951 жылдары Мәскеуді бірге аралап, замандастық, үндестік қарым-қатынаста болған.
Сталиннің 70 жылдығын тойлауда қадірменді қонақ ретінде шақырылып, Хрущев, Брежневтермен бір дастарқаннан дәм татқан. Сондай-ақ Қонаевтың үйінде қонақта болып, Зухрамен құрбылық жақындығы берік қалған.
Жалпы, Дариха Жантоқова туралы дерек аз. Тек, мұрағаттың сарғайған құжаттарынан немесе ел аузынан батыр ана туралы естеліктер естуге болады. Соның бірінде Дариха мен Батыр Бауыржан Момышұлының кездесуі туралы айтылады.
«1968 жылы Дариха Жантоқова «Сарыағаш» шипажайына демалуға барады. Республикаға әрісі Одаққа танымал болған батыр апаны көрген дәрігерлер зыр жүгіріп қызмет көрсетеді. «Шипажайға Еңбек Ері келіпті» деген ұзынқұлақтың әңгімесі лезде тарап кетеді. Дәл сол кезде Бауыржан Момышұлы да шипажайда демалып жатыр екен. Бүкіл шипажайды дүр сілкіндірген батыр қыздың биографиясы мен географиясына қанық болған Баукең мен Дариханың басы ойда жоқта түйісіп қалады. Момышұлының мұнда демалып жатқанынан хабарсыз Дариха иіліп сәлем салып, кешірім сұрайды. Сонда Бауыржан Момышұлы: «Арамызды алшақтатып тұрған бар жоғы сегіз жыл, сегіз бел екен, айналайын. Заманы бір замандас, бір қадамдас екенбіз. Мен – екі құдыретке бас иген жанмын. Бірі, көктегі құдірет – Құдай, екіншісі, жердегі құдірет – еңбек. Сол Жер Ананың құдіретін әйгілеген әйел затынан, абыройлы Ана екенсің. «Абыройдың анасы – ақыл, атасы – еңбек» дейтін қазақпыз ғой. Сол екі абыройды арқалалап жүрген саған бас иеміз. Кетпен шауып терлеген күсті әрі күшті қолыңнан айналайын. Еңбектің мәні мен дәмін әйгілеу үшін төккен терің сені төрге шығарғанына бек ризамын. Жұмысқа құлай берілген өзің де бір Құдай берген адам екенсің. Жантақ деген шөп бар түбірі жансақтан шыққан. Адам баласының жаны тақтан түспей, жанын сақтап жүрсін деген мағына шығар, кім білсін. Жантоқова деген фамилияңа үңілгенде ойлағаным, аталарыңның аруағы тыныш, жаны тоқ шығар. Сұлулық пен әсемдікті, парасат пен пайымды паш етіп тұрған мына келбетіңе қарап бұдан жас кезіңде қандай болғансың деп қоямын. Менің батырлығым жай батырлық сенікі хас батырлық екен», – деп батыр Бәукеңнің өзі Дариха апамыздың алдында бас иген екен.
Иә, сөз жоқ, Дариха Жантоқованың өмірі өнеге. Ерлігі көпке үлгі. Қазір даңқты ананың суреті Мәскеудегі Третьяков галлереясында және Киевтегі мемлекеттік мұражайда дүниежүзіндегі рекордсмен ретінде ілініп тұр. Сонымен қатар ол – Қиыр Шығыстағы теңіз флотының құрметті матросы. Әрине, мұндай құрмет жүрекке жылу береді. Алайда батыр анамыздың ерлігі мен өрлігі өз жерінде, туған топырағында тасада қалмай, барынша дәріптелсе екен дейсің. Осылайша, руханиятқа құтты қадам жасап, жастардың жадында Дариха Жантоқованың есімі мен ерлігін жаңғыртсақ, бұл үлкен ғибратты іс болар еді.
Биыл – Дариха Жантоқованың дүниеге келгеніне 105 жыл толды. Алайда даңқты қызылшашының осынау мерейтойы ұмыт қалды. Бәлкім, билік басындағылар алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтырып, батыр анаға өз деңгейінде құрмет көрсетер деген сенім мол.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы