Жалпы, өңірде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының маңызы зор. Осы жол бойында қоныстанған Сыр халқын тасжолға қатысты түйткіл толғандырады. Соның ішінде күрежолдың Қызылорда мен Ақтөбе облысы аралығындағы бөлігінде жол-көлік оқиғасы жиі болады. Себебі осы аралықтағы жол екі жолақпен салынған.Соған орай көпшілік аталмыш жол бөлігін төрт жолаққа ауыстырып, бірінші санатқа көшірсе деген тілегін жеткізіп отыр.
Негізінен, Сыр өңірінен аталмыш күрежолдың 810 шақырымы өтеді. Соның ішінде осы халықаралық автодәліздің 566 шақырымы Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының аралығына тиесілі. Талай тағдырды тиеп, темір тұлпарын тізгіндегендер бұл аралықта күніне тынымсыз ағылып жатыр. Жолдың қаупін бұл аумақпен ерсілі-қарсылы қатынап жатқан көлік иелерінен сұрасаңыз, қорқынышпен баяндап береді. Жолда жүрген жолаушылар күрежолдан күніне талай жол-көлік оқиғаларының куәсі болатынын алға тартады. Соның салдарынан көптеген адам зардап шексе де, екі жолақты жолда екпіндеп жүрген көлік тізгіндеушілер сақтық шараларына бейқам қарайтын да сияқты. Ең дұрысы, жолды жеделдете бірінші санатқа ауыстырып, төрт жолаққа көшірмесе, жол апаты азаймайтынға ұқсайды. Тұрғылықты халық осылай деп дабыл қағып отыр.
«Халықаралық автодәліздің Қызылорда облысы аумағынан өтетін бөлігінің 2 жолақты болып салынуын түсіне алмадық. Бұл аумақпен күніне жеңіл көлікпен қатар, жүк көліктері ерсілі-қарсылы қатынап жатыр. Ал жолдың қазіргі күйі талапқа сай келмейтіні байқалады. Талай тағдыр тасжолда талқандалып жатқаны жасырын емес. Бұл жайында тиісті орындарға қаншама мәрте айттық. Бірақ әзірге нәтиже болмай тұр. Көлік қақтығысынан адам шығынын болдырмау үшін бұл мәселе жедел шешілуі тиіс деп ойлаймын. Соған орай жолды кеңейтіп, халыққа жағдай жасауларыңызды сұраймын», – дейді Арал аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, аудан тұрғыны Тілеужан Сүлейменов.
Мәліметке сәйкес, бұл жолдың Түркістан мен Қызылорданы байланыстыратын 244,5 шақырымы төрт жолақты болса, Ақтөбе облысына дейінгі ІІ-санаттағы 566 шақырымы екі жолақты болып салынған. Бұл мәселе жергілікті әкімдіктің де назарынан тыс емес. Алайда жұмыстың қашан басталатыны әзірге нақты айтылмай тұр. Халық осылай деп мұңын шағады.
«Қазір аталмыш жолда жүйткіген көліктердің санында есеп жоқ. Қаз-қатар тізілген жүк көліктері де толассыз ағылуда. Діттеген жеріңе жеткенше жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Жол бойына түрлі жағдай болып жатқанын естігенде тіпті жаның түршігеді. Жергілікті әкімдікке бұл жағдай мәселе ретінде талайдан бері айтылып келеді. Осы орайда күре жолдағы келеңсіздікті қалпына келтіретін уақыт жеткенін қаперден шығармауымыз керек. Яғни, күрежолдың аумағын кеңейтіп, төрт жолаққа ауыстырса нұр үстіне нұр болар еді», – дейді ауданның тағы бір тұрғыны Айнұр Рысбаева.
Ал Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және Автомобиль жолдары басқармасы жолдың қауіптілігі өршіп тұрғанын жоққа шығармайды. Бұл мәселе назарда тұрғанын айтып, келер жылы тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
«Қай кезде де жол инфрақүрылымы – өте маңызды, әрі күрделі сала. Бұл тұрғыда жол бойындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс емес. Халықаралық дәліз бойындағы түйткіл төңірегінде құзырлы орындар хабардар. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа сапарында да жан-жақты зерделеніп, оңтайлы шешімін таба білді. Олай дейтініміз, Президент күрежолдың Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығындағы 566 шақырымды 4 жолақты жолға ауыстыру жөніндегі жергілікті биліктің бастамасын қолдап, оны кеңейтуді тезірек бастау қажеттілігіне назар аударды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға облыс халқын толғандырған мәселені бақылауға алуды тапсырды. Бұл жобаның жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталатын болды. Оның болжамды құны – шамамен 1,1 трлн теңгені құрап отыр. Бұл жобалар сәтті жүзеге асырылса, тек Қызылорда облысы ғана емес, көршілес орналасқан облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер беретін болады», – деп мәлімдеді бұл жайында басқарма мамандары.
Басқарманың хабарлауынша, облыс тарапынан Көлік министрі М. Қарабаевқа биыл 12 қыркүйекте №01-3/5101-И хаты жолданған. Онда аталған жолдың жобалау-сметалық құжаттамаларын 2024 жылы әзірлеп, жөндеу жұмыстарын бастауға ықпал жасау сұратылғанын мәлім етті.
Осылайша, құзырлы басқарма Сыр халқының сұрауы келер жыл еншісінде толық шешімін табатынына сендіріп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы