Осы жұмыстың жүйелі түрде іске асырылуына қоғамдық бақылауды жүргізу мақсатында «AMANAT» партиясының жанынан «Жер аманаты» республикалық және аймақтық комиссиялары құрылған болатын. Бүгінде 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Осы ретте, біз республикалық комиссия төрағасының орынбаcары, Мәжіліс депутат Бақытжан Базарбекпен сұхбаттасқан едік.
– Бақытжан Жұмабекұлы, «Жер аманаты» комиссиясы өзінің миссиясын толыққанды атқарып отыр ма? 10 млн гектар дегеніміз аз ба, көп пе?
– 10 млн гектар дегеніміз – аз да емес, көп те емес. Неге? Өйткені біз заңсыз беріліп кеткен жерлердің нақты санын білмейміз. Мәселен, қазір ғана мен Батыс Қазақстан облысының шаруаларымен болған кездесуден шығып отырмын. Олардың ақпараты бойынша, 4 іс бойынша сот шешімі шыққан. 2013-2022 жылдар ортасында әкімдер осы 4 жер телімін конкурссыз беріп тастаған. Ал жалпы осы уақыт аралығында сол БҚО-да жалпы аумағы 3 миллион гектар болатын 326 жер телімі заңсыз берілген. Бұл Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан болашақта сотқа арыз берілгелі тұрған, қайтарылуға жататын жерлердің көлемі. Енді өзіңіз ойлап көріңізші, бұл тек бір облыс. Басқа өңірлерде де осылай. Алдағы жылдарда бір облыстан орташа есеппен 1-3 млн гектар заңсыз берілген жер телімдері мемлекетке қайтарылуы мүмкін. Ал бізде Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарында жағдай күрделілеу. Сондықтан да 10 миллион гектар жер тек қана басы. Нақты статистикасын «Жер аманаты» комиссиясы да білмейді, Жер ресурстарын басқару комитеті де білмейді, Бас прокуратура да білмейді. Себебі 2013-2022 жылдар аралығында заңды белшесінен басқан тұлғалар жерді бас-көз жоқ бере берген. Бір ғана мысал, бүгін маған шаруалар қаулыларды көрсетті. Оған қол қойған Батыс Қазақстан облысының әкімдігіндегі үлкен шенеуніктер. Олар қазір сол қызметті атқарып отыр. Ал кезінде олар аудан әкімі болып сол жерлердің бәрін берген. Сондықтан да «Жер аманаты» комиссиясының төрағасының орынбасары ретінде менің позициям: «Біз заңсыз берілген жерлерді қайтарып қана қоймай, оны жасаған шенеуніктерді де қылмыстық жауапкершілікке тартуымыз керек!».
– Қылмыстық кодекстегі баптарды келтіріп айта аласыз ба?
– Олар «қызмет бабын асыра пайдалану» және «қызмет бабын теріс пайдалану» баптары бойынша жауапкершілікке тартылуға тиіс. Бұл жемқорлықпен байланысты қылмыстың түрлері. «Асыра пайдалану» дегенге, мысалы ықпал ету жатады. Айталық, жер комиссиясын әкімнің орынбасары басқарады, соларға ықпал ету жолымен «нақты мына жерді жер комиссиясына шығарыңдар!», «бұл жерге тиісті өкілетті органдар оң қорытынды берсін!», «комиссияның оң қорытындысын шығарыңдар!» деп сырттай тапсырма немесе бұйрық бергеннің өзі, «негласные установки» дейді ғой, қызмет бабын асыра пайдалануға жатады. Ал орындап, қол қойған адам «теріс пайдалану» бабына ілінеді.
Тағы бір айта кететін жайт, қазір жер комиссиясы жоқ. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ол алынып тасталды, міне сол уақытқа дейін Жер қатынастары басқармасы Жер кодексінің 43-бабы бойынша барлық келген арызды қарайды. Егер ол конкурсқа немесе аукционға шығарылатын жер болса, одан бас тартады да, жер комиссиясына шығармайды. Бірақ көбіне жер қатынастар мекемесі жемқорлық жағдайымен, ондай жерлерді тексермей, яки конкурс, аукционға шығармай, жер комиссиясына жіберіп келген. Мұның өзі «қызмет бабын теріс пайдалану» болып сараланады да, басқарма немесе бөлім басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
– Енді заңгер ретінде айтыңызшы, осы жерде жемқорлық компонентін дәлелдеу қиын емес пе?
– Түсінесіз бе? Осы уақытқа дейін әр облыста қаншама қылмыстық іс қозғалды. Не себепті жер саласында әкімді, оның орынбасарын, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы бөлімі бастықтарын қылмыстық жауапкершілікке тарту қиын болды. Өйткені қылмыстық іс қозғаған кезде тергеуші, ол сыбайлас жемқорлық немесе қаржылық қадағалау әлде прокуратура органдарының қызметкері, қаулыны қолына алады да, оған қол қойған әкімге келеді. Ал әкім болса, Жер кодексінің 43-бабына сілтейді. Онда әкім өзінің тиісті шешімін жер комиссиясының оң қорытындысының, жерге орналастыру жобасының негізінде қабылдайтыны айтылған. «Егер олар бар болса, мен оң шешім қабылдауға міндеттімін, әйтпесе маған шара қолданылады. Жауапкершілікке тартсаң, комиссияны тарт», – дейді ол. Ал комиссия заң бойынша тақ саннан тұру керек. Не 11, не 13, не 15 адам және тең жартысы қоғам өкілдері болуы керек. Енді тергеуші соларға келеді. Онда кімді тергейсің? Әрқайсысы тек бір-бір дауысқа ие. Типтік ереже бойынша комиссия төрағасының да, яки әкімнің орынбасарының да, әрбір мүшесінің де, яки мәслихат депутаты, кәсіпкерлер палатасы, ардагерлер кеңесі, БАҚ өкілінің де жалғыз ғана дауысы бар. Олар «біз дауыс бердік, осындай шешім қабылданды» дейді. Егер төрағада екі дауыс болса, оны жауапқа тартуға болар еді. Енді әкімнің орынбасары: «Жауапқа тартсаң құжатты комиссияға ұсынған жер қатынастарын тарт» дейді. Сөйтіп, тергеуші басқармаға келеді. Ал оның басшысы: «Менде жауапкершілік жоқ, мен дауыс бермеймін, қаулы шағырмаймын, қол қоймаймын, небәрі құжатты дайындап беремін. Егер дұрыс қарамай қалған болсам, ол қылмыстық емес, тәртіптік жауапкершілік қана, онда сөгіс берсін немесе жұмыстан шығарсын» дейді. Сөйтіп, іс тұйықталып қалады, тергейтін, тексеретін, жауапқа тартатын адам жоқ. Бұл бұрынғы заңнама бойынша осылай болатын. Сөйтіп, қозғалған біраз іс қылмыстық құрам жоқ деп жабылған болатын. Енді қазір жер комиссиясы таратылды. Себебі 2021 жылы үкіметтік жер комиссиясының үшінші жиналысында мен сөз сөйледім. Ол кезде оны Е.Тоғжанов басқарды. Сонда осы ұсынысты айттым. «Жер комиссиясы сыбайластық жемқорлық тәуекелін тудырып отыр, олар пара алуы және оны кейін әкімге беруі мүмкін» дедім. Үкіметтік комиссия бұл ұсынысымды толық қабылдады. Цифрландыру туралы заңға енгізді, оған Президент биыл сәуір айында қол қойды, 1 шілде күні күшіне енді. Енді қазіргі тәртіп бойынша материалдар толығымен жер қатынастары бөліміне түседі, олар алдын ала жоспар жасап, оған қатысты мемлекеттік органдар өзінің келісімін береді де, одан кейін барып құжат әкімге жіберіледі. Әкім қаулы шығарады, міне содан кейін не сатып алу, не жалға алу шарты бекітіледі. Жауапкершілік – әкімде. Яки, қазіргі Жер кодексінің 43, 44-1, 44-2-баптары бойынша әкімді қылмыстық жауапкершілікке тарту оңай. Аудандық және қалалық әкімдерді, ал облыстық әкімдерде жер қойнауын пайдалануға қатысты өкілеттіліктер қалдырылды. Ол жерде бұрынғысынша жер комиссиясы жұмыс істей береді. Неге олай? Өйткені барлық заңсыздық та, жемқорлық та аудандық, қалалық деңгейде болып отыр.
– Сіздің осы «Жер аманатына» қатысты практикаңыздағы ең үлкен жер көлемі қанша гектар, қай өңірлер және ең ірі латифундист кім?
– Ең үлкен жер көлемі дегенде, биыл Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында 1 миллион гектар жерді қайтарғанбыз. Бұл дегеніміз – кәдімгі Израил мемлекетінің 30% аумағына тең жер ғой. Сондай жер бір ЖШС-ның атында болған. Яки, 10 миллионның 1 миллионы бір облыстың емес, бір ауданнан табылып тұр. Енді мәселе, оны қалай алғанында. Өйткені Жер кодексінің 92 бабы 3 тармағы бойынша 1 гектар жерге кемінде 20%-дық мал басының жүктемесі, яки мал саны болу керек. Енді есептеңіз, 1 миллион гектарда қанша мал болу керек. Ондай миллиондаған мал, тіпті бүкіл Қазақстанда жоқ. Енді айта кететіні, Жер кодексінде «Заңды бұзған жердің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізілімі», яки реестрі бар. Былайша айтқанда, «қара тізім». Оған енер болсаң, үш жылға жер иелену, аукционға қатысу құқынан айырыласың. Міне, әлгі жердің иесі аталған тізілімге кірмеу үшін сол жерден өз еркімен бас тартты. Осы механизм үлкен-үлкен жер аумақтарын қарпып қалып, бауырына басып жатқан алпауыттар үшін өте ықпалды тетік болып тұр. Себебі олар ірі-ірі бизнестің иелері ғой, елміздің әр өңірінде кәсібі бар адамдар. Егер игерілмей жатқан жерін өз еркімен бермей, ол сот шешімімен қайтарылса, онда міндетті түрде тізілімге кіреді. Сондықтан олар бизнесіме зияны тиеді деп қорқады. Ол тізімге бір енген ЖШС одан кейін, әкімдерге пара беретін болса да, қай облыстан болмасын жер ала алмай қалады. Осы тұста айта кеткім келетіні, бұл механизмнің де әділетсіздеу жері бар. Ол – өз еркімен қайтарған меншік иесінің жауапкершілікке тартылмағаны өз алдына, сотпен қайтарылған жағдайда да әкімдердің жазасыз қалып отырғаны. Өйткені, заңнамада ондай норма жоқ.
– Жақсы, одан басқа қандай жерді, ірі жер алпауытын айта аласыз?
– Енді тағы да бір қайтарылған жерлердің қатарында мен Асы жайлауын айтқым келеді. Бұл ең үлкен деген, керемет жерлеріміздің, тіпті ұлттық құндылықтарымыздың бірі ғой. Оның иесі кім болғанын мен қазір объективті себептерге байланысты айта алмаймын. Бірақ жақын арада құжаттар толық қолыма тиген соң мен оның мәліметтерін, соның ішінде қаулысын әлеуметтік желілерде толықтай жариялайтын боламын. Тек айтарым, 2017 жылы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі оны конкурспен беріп жіберген. Кезінде ол да Болат Назарбаевпен өзара байланысқан азамат еді. Бірақ біреулер айтып жүргендей қазіргі облыс әкімінің бауыры емес. Оған дейін 2012-2018 жылдары әкім болған адам. Қазір кадастрлық материалдар қолымда жоқ, егер айтып жіберсем, ана тарап адвокаттарын жалдап, сотқа жүгінуі мүмкін. Сондықтан қалған ақпараттарды сәл күтейік.
– Жақсы. «Жер аманаты» комиссиясының жұмысында қандай кедергілер болды? Мәселен, заңнамалық тұрғыда, лобби жасап кедергі еткен деген секілді.
– Әрине, кез келген жұмыста өзінің кедергілері бар. Тіпті, біздің «Жер аманаты» республикалық комиссиясының да жұмысында ондай болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын құру міндетін алға қойып отыр. Ал кедергілердің бәрін жасап отырғандар ескі Қазақстанның өкілдері. Олардың кедергілері әр уақыттарда, әр кезеңдерде байқалып отырады. Мемлекеттік инспекцияға да кедергі жасап отыратындар жетеді. Жер инспекциясына да кедергі жасап жатады. Олардың ішінде құқық қорғау органдары да бар. Жоғары тұрған уәкілетті органдар да бар. Әкімдіктегілер де бар. Соған қарамастан біз жерлерді тексеріп, материалдарды сотқа беріп отырмыз. Сондықтан да нағыз Жаңа Қазақстанды орнатамыз десек, нағыз қоғамдық-әлеуметтік әділеттікті орнатамыз десек, біз ондай кедергілерге қарамауымыз керек. Біз алға қойған мақсаттарымызға қалай да жетуге тиіспіз.
– Атынан ат үркетін латифундистердің есім-сойын, иелігіндегі жер алқабының көлемін, орналасқан жерін, кемінде 10 адам делік, атап өте аласыз ба?
– Енді оларды биресми тұрғыда біз білеміз. Бірақ ресми түрде атын атауға құқымыз жоқ. Біріншіден, заң нормалары бар. Егер де олар жер телімін заңсыз иеленген жағдайда да, соттың сол туралы шешімі күшіне енбейінше, мұндай ақпаратты біз бұқаралық ақпарат құралдарына жария ете алмаймыз. Мұны, мен сізге осы істің басы-қасында жүрген, жер қатынастарындағы заңсыздықтар бойынша түрлі соттарға қатысып, оны Парламент деңгейіне дейін көтеріп жүрген кәсіби заңгер ретінде айтып отырмын. Тек соттың шешімі шыққаннан кейін, ол құжат қолымызға тигеннен соң ғана барып, олар бұл жерді заңсыз иеленді, міне латифундистер мыналар деп айта аламыз. Ал жалпы сіздің сұрағыңызға жауап ретінде олардың аты-жөнін атағанның өзінде де, бұл біздің жұмысымызға кедергі жасайды. Себебі мен үлкен жер комиссиясының төрағасының орынбасарымын. Егер мен қазір Aiqyn газетіне осындай латифундистер бар деп атасам, онда мен маған жүктелген міндеттерді орындау барысында заңдағы шектеулерді бұзған болып саналамын. Бұл жерде жеке бас мәліметтері туралы заңнаманы айтып отырмын. Бізде барлық дерек бар. Әрбір жердің иесі, аты-жөні, ол – құпия мәліметтер. Егер мен сол тізімді жария етсем, сол латифундистердің адвокаттары менің үстімнен сотқа шағым түсіреді. Сондықтан да сізге ақпарат таратуға көмектесу жолында заңды бұзуға бара алмаймыз. Оны өзіңіз де түсінесіз.
– Жерді пайдаланбай құр иелігінде ұстап отыратындарға қарсы, жалпы заңсыз жер иеленуге қарсы қандай шара қолдануды ұсынасыз?
– Бұл – өте орынды сұрақ. Жаңа тізілім туралы, яки «қара тізім» туралы айттық. Оған енген меншік иесі 3 жыл жер ала алмайды дедік. Инспекцияның материалы бар, жердің иегірілмегені толық процессуалдық іс жүргізуде расталған – соның негізінде ол мемлекетке қайтарылады. Егер өз еркімен тапсырса, онда реестрге енбейді. Енді менің ұсынысым: тізілімге енген жер иелеріне жекеменшік құқын алуға және пайдалану құқын алуға тыйымды 3 жыл емес, 5 жылға дейін созу керек. Сонда бұл механизм одан да бетер күшейе түседі. Сонда ертең әрбір меншік иесі оның құқықтық салдарын біліп отырғандықтан, заңсыздықтарға батылы барып бара қоймайды.
Осы жерде тағы бір жаңашылдық туралы айта кетсем, оны біз жайылымдар туралы заң жобасына енгіздік. Алла қаласа, екінші оқылымда қаралады. Жұмыс тобы қабылдаған бұл ұсыныс мынадай: Жер кодексінің 92-бабында ауылшаруашылық мақсатындағы жердің иесі мал басының санын гектарына кемінде 20% жүктемемен сәйкес қылу керек делінген. Егер оған сәйкес болмаса, ол арнайы профилактикалық бақылауға түседі. Егер белгілі бір мерзімде ол кемшілікті жоймаса, сотқа талап-арыз беріледі. Сөйтіп, жер пайдаланылмағаны немесе иегірілмегені үшін мемлекеттік меншікке қайтарылуы мүмкін. Біз енді бұл көрсеткішті кемінде 50%-ға дейін деп көтеріп отырмыз. Яки, бұрын ол гектарына 2 жылқы ұстау қажет болса, енді 5 жылқы ұстау керек болады. Бұл мал басын арттыруды, әрбір меншік иесінің жеріне қосымша қаражат жұмсауын талап етеді. Енді бұрынғыдай, үлкен жерді алып, оған аз ғана мал жайып, инспекторларға міне малым бар деп көрсете алмайтын болады. Бұл жауапкершілікті күшейтудің амалы, жерді мемлекетке қайтарудың амалы, жайылымды тиімді басқарудың амалы. Бір жағы экономикаға да үлкен септігі тимек. Жайылым туралы осы заң жобасы қабылданар болса, келер жылы тағы да 10 миллион гектар жерді, тіпті одан да көп жерді қайтаруға мүмкіндік туады. Сондықтан да осындай ұсыныстарымыздан жақсы өзгерістер күтеміз.
– Жер ахуалы, әсіресе қай өңірде өткір тұр? Оны қайтарудағы күрделі тұстар қандай?
– Әр облыстың өзінің бөлек ерекшеліктері бар. Мысалы, ең бір өзекті, ең бір қиын аймақ деп Алматы облысы мен Алматы қаласын айтар едім. Неге? Себебі Алматы шаһарының қаламаңы аймағы өте үлкен. Олар Талғар ауданы, Іле ауданы, Қарасай ауданы. Онда жемқорлық қатты жайлап кеткен. Ең кең тараған заңбұзушылық – ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің тағайындалу нысанын өзгерту, оларды бөлу, су қорғау, санитарлық қорғау аймақтарының, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының мақсатын ауыстырумен, оларды жеке тұрғын үй құрылысына беріп жіберумен байланысты деректер. Сол жерлерде заңсыз құрылыс жүргізу, коттедждер, таунхаус, отбасылық демалыс орындарын салу сияқты проблемалар Алматы қаласы мен облысында өте өткір тұр. Себебі бұл жерде ең негізгі назар әкімдікте, дегенмен өзара байланысқан құқыққорғау органдары да бар.
Одан бөлек, Астана және Шымкент қалаларын да атап өтуге болады. Онда да санитарлық талаптарға, құрылыс талаптарына сәйкес келмейтін заңбұзушылық көп. Сол сияқты сейсмоқауіпті, тектоникалық, сел қаупі сынды нормалар сақталмаған.
Ал Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстарында жер проблемасы көбіне ауыл шаруашылығымен байланысты. Мысалы, заңсыз конкурстар өткізіліп, оның нәтижесінде ауыл маңындағы мал жаятын жерлер жеке мекемелерге, адамдарға беріліп кеткен. ШҚО-ның, әсіресе Аягөз ауданында конкурс ұйымдастыруда фальсификацияға жол берген деректер өте көп. Ал Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарында үлестік пай дауы жиі кездеседі. Оны ауылшаруашылық ірі кәсіпорындар тудырып отыр. Пайшылар дивиденттерін ала алмай, ЖШС-ның қатарынан шықса үлесін ала алмай сандалып жүр. Соттасып жатқан ауыл тұрғындарының қарасы қалың. Үлкен кәсіпорындар әкімдікпен ауызжаласып, пайшылардың үлесін үшінші тұлғаларға сатып жіберген немесе банкке кепілге қойған. Алған несиелерін қайтармай, ол үлестер банкке өтіп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, жер проблемасы қай өңірде де бар. «AMANAT» партиясы комиссиясының жұмысы барысында осындай ахуал қалыптасқаны анықталды.
– «Жер аманаты» жобасының әлеуетін қалай бағалайсыз? Сіз бұған дейін де жер дауы мәселесімен айналысып жүрген практик-заңгерсіз. Тіпті, бұл бағыт сіздің кәсіби ғана емес, азаматтық та позицияңызға айналып кетті. Ендеше, партия сізге қаншалықты қолдау бола алды?
– Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының потенциалы өте зор. Өйткені бұл қоғамдық ұйым енді ғана ашылып жатыр. Халық біртіндеп құлағдар болып келеді. Осыдан 7-8 ай бұрын біз сайлаушылармен кездескенде, былайғы іс-шараларда жұртшылық: «Сендер бәленбай миллион гектар жерлерді қайтардық дейсіздер. Қайда солар?» деп сынай сұрақ қоятын. Қазір ондай арын басылған, біздің жұмысымызға халықтың көзі жетіп келеді. Бірақ сонда да сынаушылар бар. «Иә, қайтарып жатырсыздар, білеміз. Бірақ тау-тас, шөл жерлерді қайтарып жатырсыздар» дейтіндер шықты. Қалай болғанда да халықтың пікірі өзгерді. Демек, бізге әлі де жұмыс істей түсу керек. Әлі де жұмыс істейміз. Халықтың есінде бұл «Жер аманаты» комиссиясы әділдікті қалыптастырудың нақты тетігі ретінде қалуы керек. Әлі алда 10 миллион емес, 20 миллионға дейін гектарлаған жер телімдерін қайтаратын боламыз. Мен үшін «Жер аманаты» комиссиясы жәй ғана қоғамдық жұмыс емес, бұл жерде маған жалақы төленіп отырған жоқ, бұл менің азаматтық позициям, бұл менің адами, перзенттік көзқарасым. Сол үшін де мен бар күш-қуатымды сарқа жұмсауға дайынмын. Өйткені бұл мен үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Жерді қайтаруды мен әлеуметтік әділдік орнату деп айтар едім.
Одан бөлек, тағы да менің бастамам бойынша су мәселелері жөніндегі комиссия құрылғалы жатыр. Мен Парламент Мәжілісінде «AMANAT» партиясы жанынан республикалық су комиссиясын құруға ұсыныс жасадым. Тиісті шешімдер жақында жарияланатын болады. Оның құрамына біраз Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратура өкілдері, Жер ресурсын басқару комитетінің басшылары, Су министрлігінің өкілдері, өзге де өкілетті органның басшылары мен қызметкерлері енді. Заңсыз иемденіліп кеткен су плотиналарын, дамбалар, бөгендер – бір-бірімен ұштасқан проблемалар. Міне, соларды қайтарған кезде біз «Жер аманаты» сияқты үлкен жетістікке жететін боламыз.
Расында да, «AMANAT» партиясы өте үлкен бастамалардың катализаторы, қозғаушы күші болып отыр. Оның барлығы халықтың мұңынан, ұсыныс-тілегінен, ең бастысы аманатынан туындағанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан да партия менің азаматтық бастамаларымды қанаттандыра түскен ұйым болды. Бірақ менің ойымша, мәселе қай партияның қандай жұмыс істегенінде емес, ең бастысы, заңсыз кеткен жайылым жерлерді, мал жаятын жерлерінен айырылған жерлерді халыққа қайтару, игерілмей, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару. Қайтадан азаматтық айналымға шығару. Біздің парызымыз – халықтың үмітін халықтың сеніміне айналдыру. Қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ