Темір Сәкенұлы: Қазақтың тағамында ұлттың сипаты бар

Әдетте қазақтың ұлттық ас мәзірі жайлы айтқанда санаулы тағамның аты еске түседі. Көрші халықтардың дастарқанымен іштей салыстырамыз. Шамасы, ұлттық тағамдардың көбін ұмытсақ керек. Алайда қазақтың ұлттық асын насихаттап, жаңғыртып табыс тауып жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі – кәсіпкер Темір Сәкенұлы.

– Темір Сәкенұлы, Астанадағы Маң­ғыстаудың мәдениет күндеріне сіздің компанияңыз қатысты. Сонда бұжы, жұмыр, үлпершек, қарын бүрме сияқты бүгінде көбіміз біле бермейтін ұлттық ас түрлерін көріп, таң қалдық. Бұл тағамдар­ды сатылымға шығару идеясы қайдан келді? Нарықта ұлтымыздың көне тағам­дарына сұраныс бар ма?

– Кәсіп қылғысы келетін кез келген азамат пайда табудан бөлек, бизнестің қандай да бір құндылығын, идеясын ойлауы керек. Тіптен, әр кәсіп белгілі бір мәселені шешіп, ұлттық идеологияны насихаттаса игі. Елімізде ет өндірісімен айналысатын компаниялар баршылық, басым бөлігі төрт түліктің етін, шұжық, жартылай фабрикаттар және тағы да басқа өнімдер сатады. Әйтсе де, ұлттық асты, ұмыт бола бастаған тағам түрлерін нарыққа шығарып жүргендері некен-саяқ. Ене мен келін институты берік тұрғанда ұлтымыздың деликатес та­ғамдары ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырды. Бүгінде үйінде біздің көне асымызды дайындайтын әже-апаларымыз азая бастады. Оның үстіне, жеткізу қызметі қарқынды дамып, түрлі-түрлі жартылай фабрикаттар сатыла бастап әрі қызмет­тен қол босамайтын уақытта үйде ас әзірлеудің өзі игілік. Осы себептен жұ­мыр, үлпершек, қарын бүрме сияқты тағам түрлерін сатылымға шығардық. Үйіне апарып, демде пісіріп жей қоятын түрін дайындап, жартылай фабрикаттар күйінде ұсындық. Сұраныс өте жақсы. Бұжы тіптен жетпей қалып жатады. Әрі ұлттық асқа насихат, әрі жартылай тағамдарды түрлендірдік. 

– Ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан тағам түрлерінің рецепті бүгінге дейін қалай сақталған? Бұл саланы қалай зерттедіңіздер?

– Еліміздің аумағы үлкен ғой, ұлттық астың да неше түрі бар. Рецепттер ауыз­дан-ауызға жетіп, кейіннен сауаты барлар қағазға түсіріп сақтаған. Әже­леріміз рецептін сақтап қалған бұжы, жұмыр сияқты тағамдар маңғыстаулық­тардың дастарқанында жиі кездеседі. Бұл тағамдарды нарыққа шығармас бұрын ұлттық тағамдар дайындайтын мамандар іздедік. Үйінде пісіріп, үлкен асқа дайындап жүрген апаларды іздеп-таптық. Түрлі рецепттерді қарап, ізден­дік. Тіптен, бір аймақтағы әр отбасының өз дайындау әдісі бар болып шықты. Нәтижесінде, ең жиі таралған рецепт бойынша даярлап, дегустациядан өт­кізіп, өндіріске жібердік. Біздің дүкен­дерде кітап сөресі бар. Ол жерге кез келген кітап қоя салмай, өзіміз шағын кітап жаздырамыз. Мәселен, «Адай елінің табақ тарту дәстүрі» деген шағын кітап шығардық. Бұл жобаны зерт­теуге шамамен жарты жылдай уақыт кетті. Мамандарды жұмылдырдық, ел ішінен ата-әжелерден сұрадық, тарихи кітап­тарға назар салдық. Маңғыстау об­лы­сының ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңеспен ақылдастық. Әдебиет аз. Көбіне сол ел аузында жүрген дүниені жүйеледік. Әзірге ұсақ мал бойынша ғана табақ тарту кітабы шықты. Енді ірі қара туралысын зерттеп, кітап дайындап жатырмыз. «Әр елдің салты басқа» дегендей, ас ұсыну мәдениеті де әртүрлі. Мысалы, бізде басты жағынан айырып, басын – құдаға, жағын құдағиға береді. Бас пен жақ ажырамас бөлік, яғни құда-құдағидың бір екенін мең­зейді.

– Сіздің компанияңыз өнімді сату тетіктерін ұлттық нақышқа бейімдейтінін байқадық. Мәселен, «Бір асым ет» идеясы малдың мүшелерін ұмыта бастаған әсіресе жас келіндер үшін аса өтімді. Толығырақ айтып берсеңіз. 

– Бизнестің заман ағымына бейім­делу керек екені түсінікті. Бүгінде қазақ тек ет жемейді, дастарқанымызға түрлі тағамдар енді. Еуропа, шығыс және тағы басқа асхананың ас өнімдерін дайындау кейде ұлттық тағамды дайындаудан оңай болып жатады. Ұлттық тағамды тез дайындау, өзіңіз айтқан жас келінге көмек болсын деген ниетпен осындай өнімдер шығардық. Мысалы, «Бір асым ет» пакетінің бірнеше нұсқасы бар. Қой етінің өзінен сүрленген, құйқалы түрлері сөремізде тұр. Тұтынушылар қаптамасын ашып, қазанға ғана салады, қалғанын біз реттеп қойдық. Қонақ күтетін болсаңыз да, еш ойланбастан «Бір асым ет», қуыр­дақ жиынтығын (туралған, түрлі ассор­тименті бар) сатып алуға болады. Бұл өнімдерге сұраныс жоғары. Соған қара­ғанда, тұтынушының сұранысына бейімделе алдық. Қазір табақ түрлері бо­йынша идеяны өндіріске жеткізіп қой­дық. Тиімді жағын ойластырып, баға сая­сатын туралап, экономикасы мен өн­діріс барысын сынақтан өткізіп жа­тыр­мыз. Жақын арада түрлі табақ түр­лерін нарыққа шығару ойда бар. Келесі дүкендердің бірін супермаркет етіп, қазіргі заманауи ет бөлумен қоса, дәстүрлі табақ тартуға ыңғайлы бөлім жоспарымыз бар. Бонфиле, стейк, фарш сияқты өнімдер бір бөлімде сатылса, қазақы табақ тарту бойынша жіліктер, бас-cирақ және тағы басқа өнімдер ке­лесі бөлімде сатылады. Былайша айт­қан­да, үйіңізге америкалық келсе, стей­гін пісіріп беретіндей, құдаңыз келсе, бас пен жамбас тартуға дайын боласыз. 

– Әлеуметтік желідегі компания па­рақшасына «Ет және ұлттық идеология өндірісі» деп жазыпсыздар. Ұлттық идеологияны бизнес арқылы қалай жүргізуге болады?

– Ұлттық идеология – тек үкіметтік ұйым­дардың құжатындағы, теледидар­дағы пафосқа толы сөз емес. Ол – кез келген кәсіптің негізгі бағыты. Өйткені бизнестің мүмкіндігі шексіз. Ол халық­тың санасына ой тастап, өмір сүру стилін өзгерте алады. Мысалы, жастар таласа алатын Qazaq Republic бренді бар. Ұлттық идеологияны, қазақ болудың тренд екенін жастарға әбден сіңірді. Сол сияқты ет сату арқылы да ұлттық өнімді, ұлттық нақышты насихаттауға болады. Оның үстіне, ет өндірісі – атакәсіп. Қазақтың негізгі өмір салты мал бағу, сою, етін өндірудің айнала­сында өрбіген. Біз өз брен­діміз арқылы қазақтың си­паты, ет ұсыну, табақ тарту мәдениеті қандай болған, ас ұсыну арқы­лы үлкенге қалай құр­мет көрсеткен деген сияқты сауалдарды зерттеп, әлеуметтік желімізде халыққа ұсынып жүрміз. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз.

– Ұлттық құндылық­тарды насихаттау, жүзеге асыру ісінде тағы қандай іс шаралар атқардыңыздар? 

– Былтыр Жаңаөзен қаласында 12 рет ASYQ PARTY өткіздік. Бастапқыда тек кішкентай балаларға асық ойнаудың қызығын көрсеткіміз келді. Ескіні жаңғыртайық деп ойладық. Кейіннен шараға үлкендердің қызығып келе бас­тағанын байқадық. Не дегенмен біздің балалықтың, әкеміздің жастық шағының керемет ойыны. Қызығушы­лық жоғары екенін көріп, үш жас категориясына ақшалай сыйлықтар қойып, 8 рет үлкен сайыс түрінде өткіздік. Ең бірінші, ASYQ PARTY шарасы 6 сағатқа созылды. Шараға түсте келгендер, түн болғанда бір-ақ қайтты. Жыл соңында ойындарда үздік болған командалар арасында Korkem Alem кубогін ұйымдастырдық. Бұл да қала тұрғындары үшін керемет мерекелердің біріне айналды. Жанкүйер­лер, ұлттық ойынымызды қызыға ба­қылайтын қонақтар да көп. Ең қызығы, ASYQ PARTY шарасынан кейін ба­лалары өз арасында асық ойнап, оның фото-видеосын бізге жіберіп жатты. Бұл бас­таманың аз да болсын балалар ара­сында ұлттық ойынға деген қызығу­шылық оятқанына қуандық.

– Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде соятын малды қалай дұрыс таңдау керегін үйретіп жүрсіздер? Мал танымайтын жастар көп пе, қалай ойлайсыз?

– Заманның ағымы сондай болып кетті ғой. Бәріміз қалада тұрамыз. Мал союды, жіліктеуді, таңдауды мамандар істейтін болды. Қажеттілік аз. Сондық­тан жастардың көбі мал танымайды. Етті бірден үйге тапсырыс беретін болған­дықтан, оның қандай мал екенін ойлану қажет емес. Бірақ біліп жүрген артықтық етпейді ғой. Сондықтан шамамыз кел­генше жастар бұл тақырыптан кенде қалмасын, қазақтың атакәсібін, мал тақырыбын біліп жүрсін деп түрлі контент түсіріп тұрамыз. Бір видеомыз 1,5 миллион қаралым жинаған. Мал таңдаудан бөлек, біз парақшаларымызда тұтынушылар құқығы, етті қалай таңдау керек және ет алғанда қандай құжаттар талап ету керек, санитарлық талаптар қандай деген сияқты сауалдарға жауап береміз. Себебі азық-түлік қауіпсіздігі, оның ішінде ет тазалығы турасында тұ­тынушылардың сауаты төмен. Мәселен, ет алатын кезде оның құжаты талап ете алатыныңызды білесіз бе? Комбинат ашатын кезде қолданыстағы заңның барлық ережесін, актілерін қарап, ет өндірісі мен сату бойынша 152 ереже мен талап бар екенін анықтадық. Ком­паниямыз сол шарттардың барлығын орындап келеді.

– Неге ет өндірісін таңдадыңыз? Бұл атакәсіп пе әлде нарық талабы болды ма?

– Негізгі мамандығым – экономист. Бірнеше жыл мемлекеттік қызметте істедім. Кейін жеке кәсіпті қолға алдым. Алдымен ешкінің сүтін саттым. Каран­тин кезінде бұл бизнесім гүлдеді. Сол кезде ауылшаруашылық саласына ден­дей бастадым. Нарықтың сұранысын бақыладым. Нәтижесінде, ет өндірісін таңдадым. Нарықта бәсеке аз, үлкен өндіріске жетелейтін сала екенін көрдім. Маңғыстауда ет ком­бинаты бұрын болмаған. Ал қазір об­лыстағы жалғыз әрі алғашқы ҚМДБ-ның халал сер­тификаты бар ет ком­бинаты қызмет етіп тұр, 170-ке жуық адам жұмыс істейді, өз құн­дылығы бар ме­кемеге айналып келеміз. 

Оның үстіне, Маң­­­ғыстауда үйінде мал ұстайтын шағын ша­руа­шылықтар бол­маса, ірі бордақылау алаңы жоқ. Табиғи-гео­гра­фиялық орна­ласуы­мыз басқа өңір­лерден өзгеше бол­ған­дықтан, бізде түйе малы мен ұсақ мал ұстау ғана тиімді. Сондық­тан малды көршілес облыстардан әке­леміз. Бізге келетін мал Ақтөбе облы­сында арнайы бордақылау алаңын­да бордақыланады. Әрі қарай біздің комбинатта сою, жіліктеу процестері жүзеге асады. Одан кейін өзіміздің фирмалық дүкендер арқылы сатылымға шығады. 2022 жыл­дың қарашасында Президентіміз Маңғыстау өңіріне жа­саған сапарында «Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласын, азық-түлік нарығын дамыту» бойынша тапсырма берген болатын. Сол тапсырмаға сай, біз де өңір шаруа­ларын қолдау мақсатында комбинатқа мал өткізіп, сол арқылы мемлекеттен субсидия алуға болатындай жағдай жасадық. Бірнеше ай бұрын реестрге ендік. Бұл шаруаларға жасалған тиімді жағдай. Сондықтан шикізатқа еш мұқтаждық жоқ. Маңғыстауда Korkem Alem-ге дейін заманауи ет комбинаты болмаған. Қазір жартылай циклді өндіріспіз. Алайда алдағы екі-үш жыл ішінде толық циклді өндіріске көшу жоспарда бар. Ол дегеніміз, малды жеке бордақылау алаңымызды ұстап, онда мал басын өзіміз көбейтіп, сол малды комбинатта сойып, ары қарай тұтыну­шыларға жеткізу. 

Комбинатымызда малды шариғи және санитарлық талаптарға сай сойып, жіліктейміз. Әр малдың етін лаборато­риямызда тексереміз. Комбинат ішінде барлық талапқа сай зертханамыз бар. Азық-түлік қауіпсіздігі деген мәселе өте ауқымды, маңызды болғандықтан зертханамызды ары қарай да жабдықтап жатырмыз. Сонымен қатар процестерді автоматтандыру және қызметкерлерді басқару ісін ары қарай жүйелеп жатырмыз. Стратегиялық жоспарымыз бойынша, 2025 жылға дейін Маңғыстау облысында 11 фирмалық дүкенімізді ашу жоспарда бар. Қазір Жаңаөзен қаласында екі дүкеніміз халыққа қызмет көрсетуде. Ал ұлттық құндылықтар бо­йынша әлі де сатылымда жоқ тауарларды зерттеп, өндіріске қосу жоспарда бар. Ол бойынша арнайы технологтермен жұмыс істеп жатырмыз. Келер жылы «Әжелер мектебі», «Әке көрген» сияқты бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырғымыз келеді. 

– Korkem Alem – жас компания. Алдағы уақытта республикалық, халық­аралық нарыққа шығу жоспарда бар ма? Себебі бұжы, жұмыр, үлпершек, қарын бүрме сияқты өнімдер үлкен қалаларда да сұранысқа ие болар еді. Қалай ойлайсыз?

– Компания әлі даму үстінде, үй­ренеріміз де көп. 2025 жылы аяққа Маң­ғыстаудан аумағынан шығамыз деген жоспар бар: франшиза сату немесе өзге қалалардан филиал ашуымыз мүмкін. Осы стратегия арқылы ауыл шаруашы­лығын дамыта аламыз. Шаруашы­лық­тағы мал етін қымбат бағада сатып алып, шаруаларға стимул берсек, жо­ғары тех­нология мен масштаб арқылы халыққа арзан бағада ет ұсына аламыз. Қазір Қазақстан аймағында өңірлік өндірістер, дүкендер бар. Бірақ бүкіл ел көлемінде сапаны да, сервисті де, бағаны да ұстап тұрған, бүкіл халық білетін ет бренді жоқ. «Ет жеуден қасқырдан кейінгі орын­дамыз» деп әзілдейтін қазақтар үшін бұл олқылық деп санаймын. Тіпті, кофеханалар мен мейрамханалардың брендтері көп, әр өңірден ашылған, еттікі жоқ. 

Астанада өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2023» көрме-байқауына Маң­ғыстау облысы атынан қатысқан үздік­тер қатарында болдық. Ізін ала Маң­ғыстаудың мәдениет күндеріне қатыс­тық. Сол кезде байқағанымыз, біздің өнімдер расында сұранысқа ие. Тіпті, екі күнге жоспарлап апарған өнімдерді жарты күнде халық сатып алды. Таңғал­дық. Back to the root деген термин бар ғой. «Тамырыңды табу» деп аударылады. Біздің халықтан қазір осыны байқауға болады. Қазақ екенін мақтан тұтатын, ұлттық өнімдерді тұтынуға дайын және соны өздері арнайы іздеп тұратын адам­дар саны көбеюде. Бұл көңілге қуаныш сыйлайды және істеп жатқан еңбектің еш еместігін көрсетеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Айдана НҰРМҰХАН