21 желтоқсан күні Алматыдағы №131 мектеп-лицейде қаруы мен қаламын қатар ұстаған жазушы, ойы терең философ, ұлт патриоты, еліне ес, дұшпанға сес болған баhадүр батыр – Бауыржан Момышұлының туғанына 113 жыл толуына арналған «Қазақтың қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» атты салтанатты кеш өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл кеште Б.Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өткізілді, Б.Момышұлының мұражайына саяхат жасалды.
Іс-шараға қиялы ұшқыр, рухы асқақ, қанқұйлы соғыста шепті жарып, шеңбер бұзған, құрсауланған дәуірде тас шайнап, от жұтқан, басы ноқтаға сыймаған батырдың тілін таба білген, ардақтап, аялай білген, ата аманатын саф алтындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізе білген этнограф-жазушы, қоғам қайраткері, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы, Бауыржан бабамыздың келіні Зейнеп Ахметова анамыз, Ауған жауынгерлерінің қоғамдық ұйымының басшысы, Алматы қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, полковник Абдушукуров Мұрат Мұхтарұлы. «Рухани жаңғыру және Бауыржан Момышұлы мұрасы» жобасының үйлестірушісі Масатбаев Оралжан, Алматы қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы болашақ әскери мамандар, ел қорғандарын даярлайтын «Жас ұлан» республикалық мектебінің оқу-әдістемелік бөлім бастығының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Гүлімжан Мұхамеджанқызы кешіміздің қадірменді қонағы болды.
Шараны 2023 жылдың 20 желтоқсанында Медеу ауданы білім бөлімі мен Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейі ұйымдастырған.
“Біз Бауыржанды танимыз” атты байқаудың жеңімпаздарына дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар патриот оқушыларды «Жас сарбаз» қатарына қабылдау рәсімі өтті.
Оқушылар алғашқы анттарын қабылдап, «Жас сарбаз» куәлігін алды.