ІІМ интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын ескертті

Дерекке қарағанда, азаматтарға WhatsApp немесе Telegram арқылы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің формасын киіп алған адамдар видео қоңырау шалады.

Олар құрбандарын сендіру үшін мемлкеттік рәміздерді және ел басшылығының суреттерін қолданады, - деп жазды Aikyn.kz. 

Ондай алаяқтар әдетте  банк шоттарындағы күмәнді операциялар жайлы хабарлайды және алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүріп жатқанын айтады. Сондай-ақ тексеріске көмектеспегеніңіз үшін жауапкершілікке тартылатыныңызды айтып қорқытуы да мүмкін.

ІІМ мұндай қоңыраулар кезінде не істеу керегін айтты.

"Қандай жағдай болмасын мұндай адамдармен сөйлеспеңіз;

Қызметкердің сауалнамалық мәліметтерін сұраңыз, содан соң сол органға хабарласып, сондай адам жұмыс істей ме сұраңыз;

Белгісіз абоненттік нөмірлерді, соның ішінде шетелдік байланыс операторларына жататын нөмірлерді бұғаттап тастаңыз", - деп кеңес береді құзырлы орган.

Алаяқтық құрбанына айналмас үшін мына қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн:

Басқа адамдарға жеке мәліметтеріңізді, карталық шоттың реквизиттерін, соның ішінде CVV-кодты бермеңіз;

Спам-хаттардан, белгісіз нөмірлерден келген күмәнді сауалнамаларды толтырмаңыз;

Банктен келетін кодты ешкімге айтпаңыз;

Ешкімге жеке мәліметтеріңізді, пластикалық картадағы ақпаратты, кодты және құпиясөзді айтпаңыз;

Банктен келетін растау үшін жіберілген кодты ешкімге айтпаңыз.

"Сізді құрылғыңызға AnyDesk, HopToDesk, TeamViewer және басқа да қосымшаларды жазып алу жайлы өтініш ойландыруы керек. Банктер, төлем жүйелері ешқашан өздерінің клиенттеріне шот мәліметтерін сұрап хат жібермейтінін және қоңырау шалмайтынын ұмытпаңыз", - деді ведомстводан.