Түркістан облысында ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болған апалы-сіңлілі қыздарға қатысты тың ақпарат шықты. «Көреміз» бағдарламасының жүргізушісі Руслан Өтепбай әлеуметтік желіде қыздардың қазіргі жағдайы туралы, қазір қандай тергеу жүргізіліп жатқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Қыздарды құлдықтың қамытынан босатып, оларға жаңа өмір сыйлай алсақ, бақыттымыз… Ата-анадан айырылып, інілерінен көз жазған қыздар ерте жастан әркімнің босағасын паналады. Денсаулықтарында кінәрат болған соң оларға жылы қабақ танытқан жан табылмаған… Содан болса керек, мектепті тәмамдап үлгерместен қыздар заманнан ажырап қалғандай. Олардың жантүршігерлік оқиғасын зерттеу барысында бірнеше талай фактілер анықталды. Ал қорлық, кісіні қасақана өлтіру сынды күдікке толы жағдайларды тергеушілер анықтап жатыр. Сондықтан мұндай деректерді біздің редакциясының назарынан тыс қалды деуге болмайды. Құрметті оқырман, Құндыз бен Назгүлдің жағдайын сұрап, күн сайын сауалдар жолдайсыздар. Жұмыстың қамымен әр процесті түсіріп, жүктеу мүмкін емес. Дегенмен біздің командамыз, сарапшыларымыз аз уақыт ішінде талай шаруа атқарды. Қыздар медициналық, психологиялық, физиологиялық ем қабылдап жүр. Ал жақында әнші Айгүл Иманбаева Англиядан осындай видеосәлемдеме жолдап, апалы-сіңліні бір қуантып қойды. Қыздардың басынан өткен қиындығы елестей сағымға айналып, бақыты баянды болғай», – деп жазды журналист.
Айта кетейік, бұған дейін 17 жыл құлдықта болған қыздардың аға-жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.