Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылындағы өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі жазғандай, тосын оқиға 25 желтоқсанда сағат 16.56-да орын алған.
"Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 19 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру есептоптары Қарасай ауданы Көкөзек ауылындағы өртті сөндіруге шықты. Қызметтік борышын атқару кезінде екі қабатты жеке тұрғын үйдің шатырын шарпыған өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Уәли Әділет Аянұлы қайтыс болды», – делінген ТЖД дерегінде.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жедел-тергеу тобы оқиға орнында жұмыс жүргізуде.
«ТЖМ Әділет Аянұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Ол сауатты, өз ісінің маманы ретінде мәңгі есімізде қалады», – деп жазылған хабарламада.