Бұл – арабтың жамбия деп аталатын қаруы. Қанжар даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі. Оған бұл қаруды балуанға өз заманында Ыстанбұл қаласының әкімі Шағыр паша сыйға тартқан екен. Қанжарда араб және көне түрік-осман тілінде «Күшті жеңілмейтін Мұңайтпасов Мұқанға» деп жазылған сөз болса, екінші бетінде, «Бізден қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» деп арнайы естелік жазылған. Түрік азаматының қазақ палуанына араб қанжарын беруінің де өзіндік себебі бар. Мұқан белдесулерінің бірінде Нуруллах есімді түрік балуанын жеңеді. Оған риза болған Ыстанбұл әкімі Қажымұқанға құрмет көрсетеді. Тіпті, бірге қажылық жасауға шақырған екен. Қанжар – сол сапардың естелік сыйлығы. Бұл жайлы жәдігерді тапқан – Ардақ Назаров айтты.
Құнды жәдігердің жеке қолдан музейге өтуі ұлт тарихы үшін елеулі оқиға – дейді жиынға қатысушылар. Сонымен қатар балуанға тиесілі 26 зат музейде сақтаулы.