Бурабайда бұралқы иттер жабайы еліктерге ауыз салды

Иттер еліктерді жеп жатыр.

Бірнеше қаңғыбас ит елікті борша-борша етіп ту-талақай  жеп жатқаны әлеуметтік желіде жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Желіде таралып кеткен видео авторының айтуынша, қаңғыбас иттер адамдар өтіп жатқанынан қаймықпайды. Қалаға келген еліктерге шабуыл жасап талап өлтірген. 

Тұрғындар қаңғыбас иттердің даланың ерке жануарын жеп жатқанының үстінен түсіп, видеосын жария етті. 

– Бүгін 25 желтоқсанда Щучинск қаласында бұралқы иттер елікті аулап жеп жатыр. Әкімдік әдеттегідей ештеңе істемейді. Қаңғыбас иттерді аулаумен айналыспайды. Салдарынан міне олар табиғатта дала жануарын аулап жатыр. Елікті тамақтан тартып, терісін жұлма-жұлма еткені көрініп тұр. Бұл – «Шыны зауыты» ауданы, – дейді видеоны желіге салған қала тұрғыны. 

Еліктің бұралқы иттермен таланғанына іші ашыған тұрғындар желідегі жұрт наразылығын білдірді. 

– «Балаларды талап өлтіргенде ғана қаңғыбас иттерді аулайды», «Бүгін елік, ертең адамға шабады. Ересек адамға шабуыл жасау қиын болғандықтан, келесісі балалар болуы әбден мүмкін», «Қаңғыбас иттің бәрін ұстап қамау керек», – деп жазды тұрғындар. 

Тұрғындар жабайы жануардың өлімін бұралқы иттерден көргенімен, Ақмола облысының Ветеринария басқармасының жауабы мүлде басқа нұсқада болды. 

 

– Бурабай ауданы бойынша 2023 жылы 249 қаңғыбас иттер мен мысық ауланды. Елік жабайы фаунаға жатады. Елік жолдан өтіп бара жатып автокөлікке соғылып, жарақат алған болуы мүмкін. Салдарынан жануар құлаған. Қала тазалығымен Щучинск қаласының коммуналдық қызметтері айналысады, – деді Ақмола облысы  Ветеринария  басқармасының өкілі. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы