ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында 2023 жылды қорытындылап, негізгі нәтижелерге тоқталып өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Үкіметтегі осы жылға арналған жоспарлы заң жобаларын қарап болдық. Енді оларды Парламентке енгізу қажет. Жалпы, 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарын орындалды деп мақұлдауды ұсынамын. Биыл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, экономика және бюджет, медиа, сондай-ақ әлеуметтік саладағы заңнамалық бастамаларды іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды»,– деді Әлихан Смайылов Үкіметтің қорытынды отырысында.
Премьер-Министр Үкіметтің заң жобаларын Әділет министрлігіне, Үкіметке және Мәжіліске енгізу мерзімдері де бірнеше рет бұзылғанын, жаңа жоспарды іске асыруда заң жобаларын уақытылы енгізуге ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
«Бүгін Үкіметтің биылғы қорытынды отырысын өткіздік. Барлық Үкімет мүшелерін, шақырылғандар мен БАҚ өкілдерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Біз 2023 жылды жақсы нәтижелермен шығарып салғалы отырмыз. Бәріміз бірге үйлесімді, ауқымды жұмыс атқардық. Сол үшін баршаңызға алғыс айтқым келеді. Келесі жылға айқындалған міндеттерді жақсы білесіздер. Алда атқаратын жұмыс көп. Сондықтан Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз», – деді Әлихан Смайылов.