Танымал әнші Қарақат Әбілдина жолдасы әрі өнердегі серігі Қыдырәлі Болмановпен отау құрғаннан кейінгі естеліктерімен бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
“Төрлетіңіз” бағдарламасына қонақ болған әншінің сөзіне қарағанда, “АБК” тобының алғашқы гастрольдік сапары Семей қаласынан бастау алған.
“Үйлену тойымыз өткеннен кейін, гастрольдік сапармен Семей қаласына жол жүріп кеттік. Қазіргідей ұшақ пен жол талғамайтын көлік жоқ. Бір автобус толы өнер адамдары ел аралап концерт бере беретін. Сол кезде арнайы “АБК” тобына жеңіл көлік берді. Біз Семейге сонымен жететін болдық. Ерлан, Қыдекең, Медеу және мен төртеуміз келе жатырмыз. Бір кезде әңгімені Медеу бастады. “Қыдырәлі, сен Қарақатты сыйла, сыйламайтын сияқтысың” деп айтты. Ол да, мен де екі ортада ақталып, әбігерге түстік. “Мені ренжіткен емес бұл кісі” деп жатырмын. Сол жерде Қыдекеңе біраз ақыл айтты. Бір кезде сөзден сөз шығып, төбелесуге себеп табыла кетті", – деді Қарақат.
Бір уақытта екі әнші мініп келе жатқан көліктен секіріп түсіп, жаға ұстасып, төбелесе кеткен.
"Ерлан екеуімізді машинадан шығармай қойды. Төбелес көріп, ішінде отырмыз. Екеуі әбден төбелесті. Тұрған жеріміз – елсіз дала, ұзын жолдың бойы, тас қараңғы. Арасында екеуі демалып алады да, қайтадан төбелесті жалғастырады. Ертең Балқашта “АБК”-ның үлкен концерті өтпекші. Беттеріне жұдырық тигендіктен, Медеудің көзі көгеріп кеткен. Бір кезде төбелес аяқталып, түк болмағандай Балқашта концерт бердік. Екеуінің іші пысқаннан істеп жүрген тірлігі болатын”, – деп еске алады әнші.