Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда қаралды. Бұл құжат жер қойнауын пайдалану және экология салаларындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған.
Атап айтқанда, заң практикалық геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшуді, сараптама мерзімдерін 8-12 айға қысқартуды, әкімшілік шығындарды 2 еседен астам жоюды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сенаторлар заң нормаларын талқылай келе, оны концептуалды түрде мақұлдады және оған бірқатар түзету енгізді.
Сенат депутаттары ұсынған өзгерістер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның есептерді тексеру рәсімдері бойынша халықаралық стандарттарды енгізуіне қатысты болды. Сондай-ақ есепте жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы мәліметтерді жасырғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты өзгерістер де қарастырылған.
«Өзгерістер заңның жекелеген ережелерін жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заңда жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық тартымдылықты жақсартуға және осы бағыттағы саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған нормалар бар. Алдағы уақытта бұл заң елімізде жер қойнауын тиімді пайдалануға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Талқылау нәтижесінде Сенат депутаттары аталған заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар палата отырысы кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Закиржан Кузиев топырақтың күрт тозуына қатысты проблеманы көтеріп, алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты сенатор «Топырақты қорғау туралы» заң әзірлеуді және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді мемлекеттік ғылыми мақсаттағы бағдарлама қабылдауды ұсынды.
Жанболат Жөргенбаев шаруалардың ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуі кезінде болатын мәселелерге назар аударып, аталған проблемаларды жүйелі түрде шешу үшін бірқатар ұсыныс айтты.