Түркия жұртшылығының назарына «Ұлы дала әйелдері» көрмесінде ұлтымыздың өнері мен мәдениетіне, рухани өмірі мен тарихына айрықша үлес қосып, ақыл-парасатымен ел есінде мәңгі сақталған ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының әжесі Зере, Домалақ ана, Айша бибі, Ұмай ана, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Томирис, Қыз Жібек, Гауһар, күйші Дина сынды қазақ халқының көрнекті өкілдерінің суреттері ұсынылды.
Ыстанбұлдың Үскідар ауданы әкімшілігі қолдауымен өткізілген іс-шарада көптеген халықаралық көрме, фестиваль және симпозиумдардың жүлдегерлері, еліміздің атақты суретшілері Зерде Бақытбек, Айткүл Тасмағамбетова, Әділғали Баяндин, Қайрат Жәйірбекұлы, Манас Қожақұлов, Нұрбек Жәрдемов, Жанұзақ Мүсәпірдің еңбегі көрме қатысушыларына таныстырылды. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Үскідар ауданы әкімінің орынбасары Зекерия Шанлыэр Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы мен басқа да ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, аталған іс-шараның екі бауырлас мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына маңызды үлес қосатынын атап өтті.