Жұлдызды қалашықта тіршілік етіп отырған дүйім жұрт Ресей меншігіндегі қалада өмір сүру күннен-күнге қиындап бара жатқанын айтып ашынады. Қымбатшылық қыспаққа алған аймақта әлеуметтік мәселе шаш-етектен. Азық-түлік бағасының аспандап тұрғанын айтпағанның өзінде, коммуналдық қызметтегі ала-құла баға, білім, денсаулық саласындағы қордаланған мәселелер шешімін таппай тұрғанға ұқсайды.
«Өзім осы қалада 1980 жылдан бері тұрамын. Сол уақыттан бастап жұлдызды қалашықта қордаланған түйткілдер шешімін таппай келеді. Соның ішінде аурухана мәселесі қала халқын шаршатты. Қаламызда бір кездері дүркіреп тұрған аурухана ғимараты бар. Бүгінде осы төрт қабатты емдеу орны 4 жылдан бері жұмыс істемейді. Қаңырап бос тұр. Ресейдің меншігінде болғасын, Қазақстан тарапынан пайдалануға рұқсат жоқ. Қиыны сол, бұл емдеу мекемесі барлық құрал-жабдықтармен, перзентхана, гинекология сынды бөлімшелермен де қамтамасыз етілген еді. Бірақ жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан қаладағы жүкті әйелдер, науқастанған адамдар, облыс орталығына, көрші аудандарға қатынап ем алуға мәжбүр. Тіпті, жабық режимдегі қалашықта Қазақстан иелігіндегі жедел жәрдем қызметі де жоқ. Ресейдің жедел жәрдем қызметіне жүгінеміз. Қолда бар мәліметке сәйкес, Қазақстан тарапынан Ресей медицинасына биылдың өзінде 1,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаржы осы жедел жәрдем, жүкті әйелдерді босандыру секілді Ресей тарапынан Қазақстан азаматтарына медициналық қызмет көрсетуге бағытталып отыр деген ақпар бар. Ал Байқоңырдағы жалғыз облыстық көпбейінді аурухана филиалы перзентхана, жедел жәрдем қызметімен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан осындай қыруар қаржыны Ресей медицинасына бөлмей, есесіне өзіміздің медициналық қызмет сапасын арттыруға бағыттаса екен», – деп ашынады қала тұрғыны Кеңшілік Күзенбаев.
Қала халқы қаңырап бос тұрған емдеу мекемесін Қазақстан меншігіне қайтаруға тиіс деп есептейді. Себебі иесіз тұрған бұл емдеу мекемесінде дайын медициналық құрал-жабдықтар бар. Бірақ пайдаланылмай, бос тұр екен. Сондай-ақ жыл сайын қазақтарға қызмет көрсету үшін Ресей медицинасына қыруар қаржы бөлу жөнсіз деп санайды. Есесіне, бұл қаражатты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттауға тиіс екенін айтады.
«Денсаулық сақтау саласындағы түйткілдердің түйіні тарқатылмай келе жатқанына талай жыл болды. Аталмыш емдеу мекемесінің ғимаратын Қазақстан меншігіне қайтарса, біраз мәселе шешімін табар еді деп ойлаймын. Бұған дейін Ресей меншігінде болған білім мекемелерін елімізге қайтару жұмыстары сәтті жүргізілді. Сондықтан бұл да шешілетін мәселе деп есептеймін. Жалпы, жұлдызды қалашықта көкейкесті мәселе аз емес. Алайда кімге шағымданарымызды білмейміз. Ғарышты қала облысқа қарасты Қармақшы ауданының аумағында орналасқан. Бүгінде Байқоңыр қаласы бойынша 13 участке бар. Бірақ қаламыздан Қармақшы ауданына бірде-бір сайланған депутат жоқ. Сонда біздің базынамызды кім тыңдайды? Облыс әкіміне де үніміз жетпейді. Ең болмаса, Байқоңыр халқын аймақ басшысы қабылдаса, айтар шағымымыз аз емес», – деп ойын толықтырды қала тұрғыны.
Негізінен, жалпы аумағы 5 497,5 гектарды құрайтын Байқоңыр қаласында биылғы есеп бойынша 57 мыңның үстінде халық тұрады. Оның ішінде 40 мың 615 адам Қазақстан азаматы болып табылады. Дейтұрғанмен, қала халқы жабық қалашықта қазақстандықтардың құқы толық қорғалмай тұрғанын айтып ашынады. Ең сорақысы, коммуналдық төлем жүйесінде екі елдің арасындағы айырмашылық жер мен көктей екен. Яғни, Ресей валютасына шаққанда қазіргі төлемақы қалтаға айтарлықтай салмақ салып тұрғанын алға тартады.
«Жері қазақтікі болғанымен, заты Ресейдің меншігіндегі қалашықта мемлекеттік тіл мәселесі ойландырады. Қазақтілді газет-журналдарды табу қиын. Сондай-ақ мемлекеттік тілде хабар тарататын аудиторияның да сапасы сын көтермейді. Әсіресе, тек қана қазақ тілінде хабар тарататын Қазақ радиосы бәріне қолжетімді емес. Бір жерде қабылдаса, қаланың екінші шетінде қабылдау қиын. Ал ресейдің радиолары қаланың барлық аумағында қолжетімді. Менің ойымша, қазақ радиосы әрбір үйде қосулы болуға тиіс. Сонымен қатар байқоңырлықтар жылу жүйесіне жыл бойына төлем төлеп отырмыз. Бүгінде қалада төрт қазандықтың екеуі газға қосылғаны мәлім. Яғни, өзіміздің көгілдір отынға қосылған. Соған қарамастан, жылуға төлейтін ақы аспандап тұр. Жылу бағасы неге төмендемей тұрғанын түсінбей отырмыз. Қала газға қосылса, ай сайын төлейтін ақы арзандайды деп үміттенген едік. Бірақ олай болмай шықты. Ең бастысы, жылу маусымы аяқталса да, Байқоңыр билігі жылуға ақы алуды тоқтатпайды. Бұл қаншалықты заңды? Осы мәселені реттеп берсе деген тілегіміз бар», – деп мұңын шақты қаланың тағы бір тұрғыны Күләш Сейілбаева.
Қалай дегенде де, байқоңырлықтар әлеуметтік жағдайы күн санап төмендеп бара жатқанына қынжылып отыр. Басы-ауырып, балтыры сыздаса, сапалы медициналық көмекке зәрулік, коммуналдық төлемдегі келеңсіздік, қалтаны қаққан қымбатшылық жүйкені жұқартып тұрғанын еш бүкпесіз, жайып салды. Ендігі кезекте еститін Үкімет елдің жанайқайын ескерусіз қалдырмаса деген тілегін жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы