Кибершериф апатты азайта ма?

Батыс Қазақстан облысының жол патрульдік полициясына 96 су жаңа автокөлік берілді, олардың үшеуіне кибершериф жүйесі орнатылған.

Енді бұл көліктер жол апаты көп тіркелетін, қауіпті тасжолдарда жол қауіпсіздігін бақылайды. Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин Атырау – Орал тасжолына екі бірдей кибершериф қойылатынын айтты. Биыл осы бағытта 26 жол апаты тіркеліп, салдарынан 21 адам қаза тапқан. 

«БҚО-да 11 айда 385 жол көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 94 адам көз жұмып, 473 адам түрлі дене жарақатын алды. Жасөспірімдердің қатысымен 84 апат тіркеліп, 9 бала қайтыс болды. 92 бала ауруханаға түскен», – дейді жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Арман Байекесов.

Атырау – Орал тасжолы республикалық маңызға ие. Жол 2005 жылы қолдануға берілген. Бүгінде оны «ҚазАвтоЖол» мемлекеттік мекемесі күтіп ұстайды: қыста қарын күреп, мұзын ояды, жазда қоқыстан, шөптен тазалайды, жол белгілерін орнатады, түзейді. Атырау – Орал тасжолын күтіп ұс­тауға бюджеттен былтыр – 315 млн, биыл 485 млн теңге қаржы жұмсалған. Әйтсе де, облыста бұл мекеменің жұмысына көп сын айтылады. Әлеуметтік желіде екі күннің бірінде аталмыш трассаның көк мұз, қалың қардан тазаланбаған видеосы жарияланады.

«ҚазАвтоЖол» мүлдем жұмыс істемейді. Он шақты күн бұрын қар жауғанда Атырау – Орал тасжолы көк мұз болып жатты. Ешкім тазалаған да, құм сепкен де жоқ. Бұл мәселені облыс әкіміне де айттым. Бар проблема – тендерде. Кез келген компания тендерге қатыса береді, оның техникасы бар ма, адам күші жете ме ешкім тексермейді. Мысалы, таныс компанияның техникасын жалға алып, құрал-жабдығым түгел деген жалған құжат жасатып,  тендер ұта береді. Мұндай олқылықтың сал­дарынан апат көбейіп, адам қырылып жатыр», – деп қынжылады блогер Айболат Букенов. 

Ел арасында жиналған арыз-шағымды арқалап, «ҚазАвтоЖол» мекмесінің БҚО филиалына бардық. Мекеме директорының орынбасары Дамир Тілеубаев халықтың сынын естіп-біліп жатырмыз деген сыңай танытты. 

«Атырау – Орал тасжолының жалпы ұзындығы – 303 шақырым. Атырау облысының шекарасынан басталып, Орал қаласының кіре берісіне дейінгі аралықты күтіп ұстаймыз. Жол бойында екі учаске бар. Онда тұз, құм себетін жеті әмбебап машина жүреді. Қазір жаңадан КамАздар сатып алып жатырмыз. Тайпақ ауылының маңында қосымша бөлімшеде жұмысшы­ларға арналған жатын орын, техника қоятын және құм қоспасын сақтайтын қойма бар. Қазір ауа райы қолайсыз болып тұр, біресе қар жауып, енді бірде жаңбыр жауып жатыр, жер тез еріп, тез қатады әрі қатты жел. Осындай кезде Тайпақ маңын­дағы кезекшілікте тұрған техникалар мен құмды пайдаланамыз. Трасса бойында екі-үш жерде құм мен тұз қосылған қоспа­лар­дан қор үйіліп тұр. Бүгінде 4,5 мың тонна материал экспертизадан өтіп, дайын тұр. Бірінші кезекте көпір, қиылыс, бұры­лыс­тарға құм сеуіп, тазалаймыз. Бір көлікке тиелген құм мен тұз қоспасы шамамен 8 шақырымға жетеді. Кейін ол қайта келіп тиеп, жолға шығады. Осы орайда кей азаматтар бізді түсінбей жатады. Құм тиеуге бара жатқан техникаларды көріп, құм шашпай, босқа жүр деп видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратады», – дейді Дамир Тілеубаев.

Сондай-ақ Чапай ауылы маңына про­екциялық жаяу өткінші жолағы орнатылған. Ол ауа райының қолайсыз күнінде де жаяу жүргінші жолағына жарық түсіріп тұрады. Төрт түлік те жолға жиі шығып кетеді. Мұн­дай жағдайды азайту үшін тасжолға жақын ауыл маңынан ұзындығы үш мың метр электр бақташы қойылған. Дамир Тілеубаевтың айтуынша, қазір тасжолдың жағдайы қанағаттанарлық, ауа райының қолайсыз күніне арналған техника да, материал да жеткілікті, кезекші топ та дайын. 

Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Сәдірдің пікірінше, Атырау – Орал жолындағы апатты азайту үшін екі араға теміржол қатынасын қосу немесе трассаны төрт жолаққа кеңейту керек. 

«Екі ортаға теміржол қатынасын қоссақ, қауіпсіз әрі арзан болар еді. Сондай-ақ әлемдік стандартқа сәйкес, үлкен қалалар арасындағы жол төрт жолақты болуы керек. Бұл жол қауіпсіздігі үшін де, туризмге де қолайлы. Оның үстіне, жағдайы төмен жергілікті халық арзан, ескі көлік айдауға мәжбүр. Жол апатына тозығы жеткен көліктер де сеп болады. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы түзелмей, жол апатын азайтамыз деу ақылға қонбайды. Өйткені жолға шығатын көлік ең алдымен техника­лық талапқа сай болу керек. Конституцияда еліміздің ең үлкен байлығы – адам және адамның өмірі деп көрсетілген. Адам өмірі мен саулығына ешқандай қаражат үнемдеп жұмсалмауы керек. Ешкімге пайдасы жоқ конференция, жиын-той өткізуді қойып, қаржыны маңызды іске бағыттау керек», – деді Нұрлан Сәдір.

БҚО Полиция департаменті Атырау – Орал тасжолына қойылған кибершериф жүйесінің көмегімен жол апатының санын азайтуды жоспарлап отыр.

«Биыл 13 желтоқсанынан бастап ки­бер­шериф жүйесі іске қосылды. Содан бері 100-ден астам жылдамдық асыру фак­тісі анықталды. Бұл құрылғы  апат қаупі жоғары трассаларға қойылып отыр. Қазір Орал – Атырау тасжолының бойында екі кибершериф жүр. Оларды басқа да қауіпті жолдарға шығарамыз. Бұдан бөлек, бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Арқан» жылдамдық өлшейтін құрал бар. Талдау нәтижесінен байқағанымыз, жол апаттары жылдамдықты асырғаннан болып жатады. Сондықтан бұл бағыттағы бақылауды кү­шейтуді көздеп отырмыз», – дейді Әкім­шілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Олжас Ибрайымов. 

Кибершериф жүйесі – 360 градусқа бұрылатын камерасы бар 300 метрге дейінгі қашықтықтан жұмыс істейтін құрылғы. Ол жылдамдығын асырған көлікті, куәлігі жоқ жүргізушіні анықтап, айыппұлы бар, техникалық байқаудан өтпеген, сақтандыруы жоқ көліктерді дереу тіркеп отырады. 

– Әкімшілік жазаның мақсаты адамды тәртіпке шақыруды көздейді. Айыппұлды бір төлейді, екі төлейді. Қалтасына салмақ салған соң жолдағы қауіпсіздік ережесін сақтап жүруді үйренеді деген үміттеміз, – дейді Олжас Әзімбекұлы. 

«ҚазАвтоЖол» мекемесі БҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Тілеубаевтың айтуынша, 2026 жылы Атырау – Орал тасжолы қайта салынып, бұл құры­лыстан кейін тасжолы төрт жолаққа кеңей­­мек. Қазір сметалық құжаттары әзір­ленуде. Ал Полиция департаменті жаңа жылдан кейін тағы 17 кибершериф жүйесіне қосылған көлік сатып алуды жос­парлап отыр. Бұл жүйе тасжол­дардағы жол апатының санын азайтады деп үміт­тенеміз.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА