Талшын Үкібасова: Әйел денсаулығын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз

«Аманат» партиясының әйелдер қанатының дамуының басым бағыттарының бірі әйелдер денсаулығына арналған. Әрі аталған бағыт «Әйел денсаулығы – ұлт байлығы» ұранымен жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы толығырақ University Medical Center корпоративті фондының аға ординатор-консультанты Талшын Үкібасова айтты.

Басымдықтың негізгі мақсаты  әйелдердің өмір сүру сапасын жақсарту, отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдер денсаулығын қолдау, тұрақты және үйлесімді отбасылық қатынастар үшін жағдай жасау.

 

Осы мақсатқа жету үшін жұмыс 6 негізгі бағытқа бөлінген. Ол өмірдің негізгі кезеңдеріндегі әйелдер денсаулығын қамтиды. Жұмыс репродуктивті және жалпы денсаулықты сақтау мәселелері бойынша курстар мен семинарлар арқылы халықты оқыту арқылы жүзеге асырылатын болады.

 

Бірінші мәселе – жыныстық жолмен тарайтын жұқпалы сырқаттар. Олар бедеулікті, созылмалы қабыну ауруларын тудырып, адамда тұрақты ауырсыну сезімі пайда болады. Және бала көтеруге кедергі жасайды. Мұнда некеге тұруға өтініш білдірген жас жұбайлармен қосымша жұмыс: отбасылық өмірге дайындық, жүктілікті жоспарлау, жыныстық жолмен тарайтын аурулардың алдын алу насихаты жүргізіледі. Жұмыстың бұл бөлігін Әділет министрлігімен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп пысықтау керек.

 

Екінші мәселе қатерлі ісік ауруларының алдын алу. Оның ішінде сүт безі обыры мен жатыр мойны обырына ерекше назар аудара отырып, адам папилломавирусына және басқа да алдын алуға болатын жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау – «Аманат» партиясының әйелдер қанаты жұмысының тағы бір маңызды бөлімі. Осы жұмыс барлық мүмкіндікті пайдалана отырып жүзеге асырылатын болады. Жылжымалы медициналық бригадалардың көмегімен шалғай ауылдар мен аудандарда барлық әйелді ақпараттандырудың, медициналық тексерулерді, консультацияларды ұйымдастыру және өткізудің қолжетімді әдістері қолданылады.

 

Үшінші мәселе – отбасындағы құндылықтарды күшейту, дұрыс тамақтануды қалыптастыру. Бұл да – өте маңызды мәселе. Өйткені ең алдымен көбіне ана бүкіл отбасының тамақтану үлгісін жасайды. Ал дұрыс тамақтану үлгісін қалыптастыру – семіздіктің, қант диабетінің, жүрек-қан тамырлары ауруларының және ерте өлімнің алдын алу. Аталған мәселе бойынша біз ҚР Тағамтану институтының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.

 

Сонымен осындай шараларды іске асыру мақсатында қолжетімді жолдың барлығы қолданылады. Соның бірі әлеуметтік желілердегі платформалар Facebook, Instagram, TikTok және тағы басқа бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу. Оған қоса жастар денсаулық орталықтарымен бірлесіп жұмыс істеу де жоспарда бар. Қазақстан Республикасының барлық қаласындағы емхананың негізгі базаларын нығайтып, іске қосамыз деген ойдамыз. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінен 2024 жылға жастар орталықтарына белсенді жұмыс істеу үшін және жастардың көбін осы орталықтарға тарту үшін қаржы ресурстарын бөліп жатыр. Сондай-ақ жұмыс мектептерде, жоғары оқу орындарында, колледждерде, өндірістік ұжымдарда, белсенділер мен жастар қоғамдастығының волонтерлерін тарта отырып жүргізіледі.