Ақмола облысында 16 автокөлік соқтығысып, бір адам көз жұмды

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 29 желтоқсанда сағат 13:18-де Ақкөл аудандық ПБ кезекші бөліміне жол-көлік оқиғасы туралы хабар түскен.

Ақмола облысында Астана-Петропавл трассасында үлкен жол апаты болып 16 автокөлік бір-бірімен соқтығысты. Өкінішке орай бір адам қаза болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Суыт хабар жайлы Ақкөл ауданының полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне 29 желтоқсан күні 13.18-де телефон хабарламасы түскен. Онда Астана-Петропавл тасжолының «Гелиос» жанармай стансасы жанында жаппай жол апаты болғаны және бір адамның қаза болғаны айтқан. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері жол апатынан 16 бірдей автокөлік, оның ішінде үш «ГАЗель», төрт жүк көліктері мен тоғыз жеңіл көліктер зардап шеккенін анықтаған. 

– Өкінішке орай 28 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында бірден көз жұмған. Түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған бес адам Ақкөл аудандық ауруханасына жеткізілді. Полицейлер оқиға орнында тексеріс жүргізуде, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Ірі жол апаты фактісіне байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуынан абайсызда адам өліміне әкеліп соққан іс әрекет»  бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталған. 

Тәртіп сақшыларының айтуынша, метеорологтар мен полиция қызметкерлерінің ауа райының күрт бұзылуы және сақтану жөнінде бірнеше мәрте ескертулеріне қарамастан көптеген жүргізушілер хабарламаларды елеместен жолға шығып кеткен. Осылайша олар өзін ғана емес басқа да жол қозғалысындағы басқа адамдардың да өміріне қауіп төндірген. Полицейлер жүргізушілерге хабарламаларға мән беру қажеттігін ескертеді. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы