Консультативтік органдар – орнықты даму кепілі

Сенат Спикері Мәулен Әшім­баев­тың төрағалығымен палата отыры­сы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Қостанай облысынан сайланған Сенаттың жаңа депутаты Бибігүл Аққожина ант берді және палатаның Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің құрамына сайланды.

Сонымен қатар сенаторлар «2002 жыл­­ғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жар­ғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат нормаларына сәйкес ұйымға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл аясын кеңейту және ұйым Хатшылығының кадр мәселелерін жедел шешу көзделіп отыр.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда қарады. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Бұл заң шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт мәртебесіне ие экспорттық-кредиттік агенттік құруға арналған.

Бүгінгі жиын палатаның осы жылдағы қорытынды отырысы болғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев Сенат жұмысының негізгі нәтижелеріне тоқталып, алдағы жылдағы маңызды міндеттерге назар аударды. Палата Төрағасы жаңа жылдың алғашқы аптасында депутаттардың өңірлерге сапары басталатынын тілге тиек етіп, халықпен кездесулерде жүргізілген азаматтарға конституциялық реформаның және Парламент қабылдаған заңдардың мәнін кеңінен түсіндірудің маңызды екенін айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде заң шығару процедурасы да өзгеріп, заң жобалары жаңа тәсілмен қарала бастады. Биыл Парламент 92 заң қабылдады. Қабылданған нормалар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар осы жылы Сенат қабыр­ғасында 6 Үкімет сағаты, 80-нен астам дөңгелек үстел мен көшпелі отырыстар өткізілді. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Төрағасы Сенат жанында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан консультативтік-кеңесші органдармен қатар, жаңадан құрылған алаңдардың да тиімділігін атап өтті. Бұл қатарда Мемлекет басшысының тікелей тап­сыр­­масымен құрылған «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізетін парламенттік комиссия, Инклюзия жөніндегі кеңес және Жобалық кеңсе бар.

«Палатаның халықаралық қызметі де ауқымды шаралармен ерекшеленді. Ақпан айында Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумын жоғары деңгейде өткіздік. Каир қаласында ұлы бабамыз Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылу рәсімі мен оның 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатыстық. Әлемде орын алған шиеленісті ахуалға қарамастан қазан айында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының ХХІ отырысы мазмұнды және нәтижелі өткізілді. Жыл аяқталғанымен, депутаттық қызметіміз жалғаса береді. Біздің алдымызда өте маңызды міндеттер тұр. Жаңа жылдан кейін өңірлерге сапарларымыз басталады. Кездесулерде тұрғындарды алаң­датқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек», – деді Сенат Төрағасы.

Отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.