Сыр ұландары ұлу жылынан үмiттi

Сыр өңірінде елдің мерейін асқақтатып, толағай жетістіктерімен халықтың сүйіктісіне айналған жандар аз емес.

Бұл тұрғыда биылғы жылды жемісті қорытындылаған Сыр ұландарына халықтың қошеметі шексіз. Жаңа жылға үлкен сенім білдірген үкілі үміттеріміз Ұлу жылында да ұлы бастамаларға иек артып отырғанын алға тартады.

«Өнер биігін бағындырамын»

Өнердің ұшар шыңын бағындыру үшін тәңір берген талантымен қатар білім бәсінде оқ бойы озық шыққан адамның үлесі басым. Бұл тұрғыда Қызылорда облыстық филармониясының әншісі Мақсат Мақұлбековтың үміті асқақ. 

Сыр елінің мақтанышына айналған филармония әншісінің талабы мен таланты қатар ұштасады. Әрдайым өнердің биік шыңына шығуға деген ынтасы қуантады. Халықтың құрмет-қошеметіне бөленіп келеді. 

Жуырда талант иесі Еуропада кәсіби біліктілігін де жетілдіріпті. Осы орайда алға қойған мақсаты асқақ, бағыты айқын өнер иесі келешек жоспарларымен бөліскен еді.

«2023 жыл біздер, яғни филармония өнерпаздары үшін табысты болды. Мұны ұзақ уақыттағы ізденіс пен тынымсыз еңбектің айқын жемісі деп айтуға негіз бар. Жақында ғана филармония әртістері болып Еуропада кәсіби біліктілікті жетілдірдік. Нақты айтқанда, Италия мемлекетінде тағылымдамадан өттік. Бұл өзіміздің кәсіби қабілетімізді шыңдауға үлкен септігін тигізді. Осы орайда бізге мүмкіндік беріп,  тәжірибемізді толықтыруға жағдай жасаған облыс әкіміне зор алғыс білдіреміз», – деп өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кездесуде Мақсат Нұрланұлы ыстық ықыласын білдірді. 

Талабы таудай талант иесі әлі талай өнер биігіне самғайтынына сенім білдіріп отыр. Алға қойған жоспары ауқымды. Соның ішінде өнер әлемінде қалықтаған өнерпаз алдағы жылы шетелде өтетін ән байқауларына қатысып, ел мерейін асқақтатуды мақсат тұтатынын жеткізді.

 Жаңа жылда олжа ортаймайды

Сыр елі сөз маржанын терген аузы дуалы айтыскер ақындардан кенде емес. Осы орайда дүбірлі додаларда жүзден жүйрік шығып, оза  шапқан өңір мақтаныштарының жетістіктеріне көз жүгіртсек жетіп жатыр. Сөзімізге дәлел келтірсек, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов халықаралық додаларда алдына жан салмаса, Мейірбек Сұлтанханның «Айтыс ақтаңгері» атанғаны көпке мәлім. Сол сияқты биыл тағы бір талант иесі Бексұлтан Орынбасар «Асыл домбыра» айтысынан үшінші орынды олжалап, көптің қошеметіне бөленгені жадымыздан шыға қойған жоқ.

Ел мерейін еселеп, аймақтың абыро­йын асқақтатып  жүрген айтыс ақынының алға қойған мақсаты да асқақ. Сөз барымтасында Сыр мерейін көтеріп жүрген Бексұлтан осы жылғы жетістіктері мен алдағы жоспарларын ортаға салды. 

«Бірінші кезекте қолыма домбыра ұстатып, өнер жолында бағыт-бағдар бере білген ұстаздарымның еңбегі зор деп айт­қым келеді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп әсте бекер айтпайды. Менің биік белестерді бағындыруыма да бұл кісілердің үлесі басым. Осы орайда бала кезден жыршы Айбек Тәңірбергеновтың тәлімін алғанымды мақтан тұтамын. Сондай-ақ университет қабырғасында Руслан Ахметов ұстазымнан көп нәрсе үйрендім. Сол арқылы өнер әлеміне қанат қақтым. Ал айтыс аламанында оза шабуыма Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбді ағаларымыз көп көмек жасады. Киелі сахнада ысылып, өнердің өресіне жол тарттық. Нәтижесінде, талай жетістіктерге қол жеткізіп келемін. Соның айғағындай, өткенде ғана Дулат Тастекей ағамыздың ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Асыл домбыра» айтысында үшінші орынды қанжығалап қайттым», – дейді айтыскер Бексұлтан Ақылбекұлы.

Айтыс аламанында атойлап жүрген Сыр мақтанышының болашақ жоспарлары аз емес. Келер жылы да қоржынға қомақты олжа салуды басты мақсаты санайды.

Басты арманы – «Қазақтан барысы»

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Қазақстан барысы» турнирінде Сыр балуандарының бәсі биік. Олай дейтініміз алыптар аламанында қызылордалық жігіттердің жеткен жетістіктері ел есінде. Талай балуанның бағын жаққан дүбірлі бәсекеде келер жылы «Сыр барысы» додасының   4  дүркін чемпионы Нұрым Сәлімгереев те топ жаруды көздейді.

«Биылғы жылды жарқын жетістіктермен аяқтадық деп айтуға болады. Алдағы жылға жоспар көп. Ең бастысы, 15 қаңтардан  «Қазақстан барысы» бәсекесіне дайын­дықты бастаймыз. Келер жылы бұл дода Астана күніне орай өткізілетін болады. Бұған дейін байрақты бәсекеде сырбойылықтар жеңімпаз атанып жүргені қуантады. Алдағы жылы да Сыр елінің перзенті жеңіс тұғырынан көрінетініне сенемін. Өз тарапымнан аламанда топ жарып, жерлестерімді қуанту үшін барлық күш-жігерімді салатын боламын», – дейді ақпарат алаңында сырбойылық балуан.

Жалпы, Сыр мақтанышы биылғы жылы Шығыс Қазақстан облысында болған әлемдік қазақ күресінде 100 келі салмақ бойынша гран-при иеленді. Бұл сайысқа әр елден келген 30 үміткер өзара күш сынаса, ел намысын 3 балуан қорғаған болатын.

Үш маңызды сайыстан үміт күтеді

Қазақ еліне каратэден алғаш рет әлем чемпионы атағын алып берген Мөлдір Жаңбырбай қандай мақтауға да лайық. Ол әр додада әлемдік рейтинг бойынша үздіктер сапында жүрген қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келеді. Әлем аренасында талай мықтыларды тізе бүктірді. Сырбойылық чемпион алдағы  жылы да әлемдік жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне беретініне нық сенімді. 

«Биыл жемісті жетістіктерге толы болды. Елдің маған артқан үміті ақталды десем артық айтқандық болмас. Әрбір додадан жүлделі оралуға күш салдым. Қанжығамыз құр қайтқан жоқ. Алдағы жылға  артылған үміт те басым. Атап айтсам, келер жылы әлемдік рейтингке ықпал жасайтын 4-5 премьер-лигаға, әлем, Азия чемпионаттарына, жабық Азия ойындарына қатысатын боламын. Бұл үш спорттық дода мен үшін өте маңызды саналады. Сондықтан осы сайыстарға қазірден дайындық жұмыстарын бастап кеттім», – дейді әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай.

Сырбойылық спортшының бала кезден каратэге қызығушылығы зор болса керек. Ал қазір каратэ спорты өз өмірінде үлкен маңызға ие екенін жасырмайды. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы