Биыл еліміздің мәдениет саласында да ілкімді жаңалықтар, ілгері қадамдар жасалды. Әдебиетте, кинода, музыкада жеткен жетістігіміз, бағындырған белесіміз көп болды. Әсіресе, кинотеатрлар мен театрларда үнемі аншлаг болатыны қазір жаңалық емес. Сала мамандарының айтуынша, мемлекет бұрынғыдай театрларды толық қаржыландырмайды, себебі олар шығынының жартысын өзі өтейтін дәрежеге жетті. Театрдан бөлек, биыл қазақ киносы да жаңа серпін алды. Рекордтар жаңарып, халықаралық жүлделер көбейді.
Ендеше еліміздің мәдениетіндегі елеулі оқиғаларды санамалап көрсек.
Көрермен саны артты
Көрермен саны 2,5 миллионға жетсе, «Астана Опера» театры ең көп көрермен жинаған. Оның қойылымдарына 134 мыңға жуық өнер сүйер қауым келген, оның төрттен бірі гастрольдік іс-сапарлар екен.
Қазақ хандығының Еуропадағы көне картасы табылды
Еуропа тұрғындарының назарына Қазақ хандығының көне картасы ұсынылды. Зерттеушілердің пікірінше, тарихи құжат ХV-ХIX ғасырларды қамтыған. Бұл Қазақстан үшін мәдениет пен тарих саласындағы ең үлкен жаңалық болды. Себебі мыңнан астам еуропалық және америкалық көне карталарда қазақ мемлекеті көрсетілген. Мұны ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров әлемнің әр түкпірінен, Еуропаның кітапханаларынан жинаған екен. Қазақ хандығы жайлы алғаш атласта көрсеткен бельгиялық, нидерландтық картографтардың құрметіне Брюссельде тарихи кітап та жарық көрді.
Ұлттық мәртебе алған мәдениет орталығы
Президент Жарлығымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына және Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрына «Ұлттық» мәртебе берілді.
Бейбарыс Сұлттанның туғанына – 800 жыл
Жыл басында түбі бір түркі әлеміне ортақ тұлға, қайраткер, ел басқарған әмірші Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті. Сарапшылар Бейбарыс Сұлтанның мұраларын ғылыми айналымға енгізу мәселесін де талқылады.
Үздік әйел рөлі
Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен Daegu International Musical Festival (DIMF) халықаралық фестивалінде қазақстандық «Роза Бағланова» мюзиклі үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Ал басты рөлді сомдаушы Зарина Макина «Үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Домбырашылар дуэті гран-при иегері
Жас домбырашы таланттарымыз Open Italy конкурсында 24 елдің ішінде үздік деп танылды. «T&Y» домбырашылар дуэтінің әртістері Темірлан Олжабай мен Ернат Нұрбергенұлы Оpen Іtaly 2023 аспаптық орындаушылардың халықаралық музыкалық байқауында өнер көрсетіп, гран-при жеңіп алды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары «Адай», «Көроғұлы», «Әлкисса» күйлерін және Олжас Сүлейменовтің West композициялық шығармаларын орындады.
Қазақ пианисі халықаралық байқауда жеңімпаз атанды
Қазақстандық жас пианист Бекзат Рақымов Ресейде Владимир Крайнев атындағы бесінші халықаралық байқаудың бас жеңімпазы атанды. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын жарыста 8-22 жас аралығындағы жүздеген музыкант бақ сынаған. Ахмет Жұбанов атындағы республикалық қазақ музыкалық мектебінің талантты шәкірті кәсіби шеберлерден кем түспеді. Көбіне ырғақты әуендерді орындайтын жас пианист әлемдік байқауда ел мерейін үстем етіп, гран-при иеленді.
Тұңғыш рет «Қымыз-fest» фестивалі өтті
Түркия астанасы Анкара қаласында тұңғыш рет «Қымыз-fest» фестивалі өтті. Қазақ этноауылында ұйымдастырылған іс-шараға келген қонақтар ұлттық сусыннан дәм татты. Көпшілікті, әсіресе желіге құлын байлау мен бие сауу тәсілі қызықтырды. Түркиялықтардың қымыз сусынынан хабары болғанымен, оның қалай дайындалатынын көбі біле бермейді. ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған қымызмұрындық аясында ұлттық ойындарымыз дәріптелді.
«Ұлы дала зары» фильмі халықаралық байқауда бас жүлде алды
Еуразия фильмдерінің бесінші фестивалінде Марина Қонарованың «Ұлы дала зары» фильмі бас жүлдеге ие болды. Көркем дүние ашаршылық кезінде қазақ халқының басынан өткерген шынайы тарихи оқиғалары туралы сыр шертті. Бұдан бөлек, Әбіш Кекілбайұлы шығармасының желісі бойынша түсірілген «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты деректі фильмі «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар қазақстандық киногер Жорабек Мұсабаев «Орыс тіліндегі үздік сценарий» және Саид Әшірбаев «Үздік жас режиссер» аталымдары бойынша марапатталды.
Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы тойланды
Солтүстік Қазақстанда Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылында өткен мәдени іс-шараға Әзербайжан, Түркия, Қырғыстан және Ресей мемлекеттерінен қонақтар келді. Сахнада ақындар сөз сайысына түссе, боз кілемде балуандар белдесіп, аламан бәйгеде сәйгүліктер жарысты.
Үздік әдеби сыйлықтың жеңімпазы анықталды
«Меценат» әдеби сыйлығының жеңімпазы белгілі болды. Екінші мәрте өткен байқауға 58 роман ұсынылған. Соның алтауы кәсіби іріктеуден өтті. Шешуші кезеңде оқырман қауым онлайн дауыс берді. Нәтижесінде, жазушы Тұрысбек Сәукетай 800-ден астам ұпаймен «Өлгендер қайтып келеді» атты фантастика жанрындағы туындымен топ жарды. Автордың сөзінше, бұл – «Мен – жындымын» деген әжуа аралас мұңлы романының екінші бөлімі. Әдеби сыйлықтың ерекшелігі сол – жазушы енді өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып отырады.
«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кинотеатрларда көрсетілді
Ақын, жазушы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өміріне қатысты түсірілген фильм отандық кинопрокатта бой көрсетіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының негізіндегі толықметражды көркем туынды биыл көрерменге жол тартты. Режиссері – Мұрат Есжан. Фильмде ақынның 1909-1935 жылдардағы өмір кезеңі қамтылды. Фильм телехикая ретінде былтыр Қазақстан Ұлттық арнасының эфирінен көрсетіліп, жұртшылықтың қызығушылығына ие болды. Ал биыл Nauryz ұлттық телесериалдар байқауында «Үздік сериал» атанды.
Нью-Йорк пен Бостонда басылған қазақтар жайлы кітап табылды
Америкадан мәдениет саласына қатысты қуанышты жаңалық келді. Себебі АҚШ-ғы кітапханадан «Алдар көсенің сиқырлы тоны» атты ертегісі табылды. Ағылшын тіліне аударылған бұл туынды 1961 жылы баспадан шыққан Әлем ертегілерінің антологиясына енген. Ал 1925 жылы Нью-Йорк пен Бостон қаласында басылған ағылшын тіліндегі кітапта қазақтар туралы дерек көп. Мәселен, 1967 жылы жарық көрген кітапта Міржақып Дулатұлы секілді тарихи тұлғалардың суреті жарияланған. Сонымен қатар Есет Көтібарұлы жайлы да түсініктеме берілген. Мұны журналист, ақын, АҚШ-та білім алып жатқан Дүйсенәлі Әлімақын тауып, отандық БАҚ-қа бірнеше рет пікір берді.
Халық жазушысы мен халық әртісі марапатталды
Биылдан бастап, құрметті марапаттар қатарына енген «Қазақстанның Халық жазушысы» және «Қазақстанның Халық әртісі» атақтары иегерлеріне табысталды. Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын иеленді. «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Р. Стамғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.
Т. МҰҚАНАТ