Қысқы Универсиада ойындарымен басталған әлемдік олимпиада Хоккейден әлем чемпионаты сынды ауқымды байрақты бәсекелермен жалғасып, Азиада – 2023 ойындарымен аяқталып отыр. Осы тұста оқырман назарына биылғы жылдағы қазақ спортының бірқатар жетістіктерін ұсынбақпыз.
Жалауымыз желбіреген додалар
Жыл бойы қазақстандық спортшылар бірталай әлемдік жарыстарда жалауымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатты. Осы жыл спорт саңлақтары үшін олжалы болды десек қателеспейміз. Ел үмітін арқалағандардың жеңіс қоржыны жалпы 600-ден аса медальмен толықты. Оның ішінде олимпиадалық спорт түрлері бойынша қазақстандық спортшылар 373 жүлдеге қол жеткізсе, олимпиадалық емес спорт түрінен 118 медаль иеленді. Жүлдені иеленген спортшылардың 95-і – отандық параспортшылар.
Әлемдік рейтингте қазақстандық боксшылар озық көрсеткішке ие болды. Әсіресе, Ташкенттегі ерлер арасындағы ХХІІ әлем чемпионатында былғары қолғап шеберлері тарихи жеңіске жетіп, жанкүйер сенімінен шығатын деңгейде ойын көрсетті. Үздік үштіктер қатарына енген боксшылар ел мерейін асырып, халықтың абыройын асқақтатты. Бұлай айтуымыздың себебі бар. Әлем чемпионатында 4 бірдей боксшымыз алтын қанжығалап, Қазақстан құрамасы медальдық есепте екінші орынды иеленді. Үздік үштіктер көшін Өзбекстан бастап, Ресей түйіндеген болатын. Шаршы алаңда қолғап түйістірген қарсыласын бет қаратпай ұтып, әлем чемпионатының алтынына ие болған боксшыларымыз – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, мансабында тұңғыш рет жеңіске жеткен Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай. Қазақстан осы байрақты доданың нәтижесінде әлем чемпионаты тарихында медаль саны бойынша үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстан спорты үшін тағы бір ерекше маңызға ие 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сайысындағы ойындарды атап өтуге болады. Қазақстан құрамасы Еуро–2024 іріктеуінде 7 рекорд орнатты. Нақтырақ айтсақ, Магомед Адиевтің командасы он іріктеу матчында 18 ұпай жинады. Бұл – рекорд. Бұған дейін команданың ең жоғары көрсеткіші 10 ұпаймен шектелген болатын.
Биылғы жылдың басты жарысы – Азиада–2023 ойындары. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен дүниежүзілік додаға елімізден 525 спортшы қатысты. Спорттың 30 түрінен тартысқа түскен жерлестеріміз 80 медаль (10 алтын, 22 күміс, 48 қола) иеленіп, командалық есепте 11-орыннан көрінді. Олимпиада кезінде Қазақстанның жаңа рекордын жасаған бірнеше оқиғаларды тізіп айтуға болады. 100 метр фристайл қашықтығын 49.18 секундта жүріп өткен Әділбек Мусин финалға 6 орында жолдама алды. Бұл нәтиже Қазақстанның жаңа рекорды болып саналады. Сондай-ақ Аделаида Пчелинцева брассының 50 метр қашықтықтағы Қазақстан рекордын жаңартты. Алдын ала жүзу кезінде ол 31.28 секунд нәтиже көрсетіп, финалға 7 орында шықты. Бұған дейін Қазақстан әлемдік турнирлерде бір күнде тоғыз жүлдеден артық ұтқан жоқ. Сонымен қатар қазақстандық спортшылар күніне алғаш рет үш алтын медальға ие болды. Сарапқа салынған алтын велошабандоз Евгений Федоров, каратэші Нұрқанат Ажиканов және джиу-джитсу шебері Нұржан Батырбековке бұйырды.
Қазақ спортының жетістіктеріне ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов шолу жасап, спортшылардың еліміз үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті.
«Біздің спортшылар ел аумағында және шет мемлекеттерде өтетін халықаралық жарыстарда еліміздің атынан лайықты өнер көрсетіп келеді. Осы ретте, бокстан құрама команданың Ташкентте өткен әлем чемпионатында 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық 2-орынға ие болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Италияда өткен әлем чемпионатында семсерлесуші Руслан Құрбанов Қазақстан тарихында бірінші болып қола медаль иеленді. Сонымен қатар каратэден Азия чемпионатында жалпыкомандалық бірінші орынды, мергендеріміздің рейтингтік әлем кубогінің медальдық есебіндегі бірінші орнын үлкен мақтанышпен атап өтуге болады», – дейді ол.
«Спорттың бұқаралық сипаты болуы тиіс»
Байрақты бәсекеде сынға түсетін қазақ спортының жетістігінен хабардар болған жанкүйер оның кемшін тұсын біле бермейді. Жанкүйер жаны тек жеңіспен басталған жаңалықты естуге құмар келетіні анық. Ал спорттың басы-қасында жүргендер бұл саланың сан қырын бөлісті. Спорт комментаторы Самат Дәрменов бүгінгі қазақ спортының бірқатар күрмеулі мәселелері жайында айтып өтті.
«Биыл қазақ спорты үшін жемісті аяқталды. Қазіргі уақытта бір спортшы олимпиадаларда бірнеше медаль алуға мүмкіндігі бар. Жалпы, елімізде спортшыларды әлемдік турнирлерге спорттың бір бағытында ғана жаттықтыру ісі қалыптасып қалған. Байқасақ, отандық спортшыларымыздың жеткен жетістіктері тек Олимпиада, әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында білінеді. Ал жалпы спорттың бұқаралық сипаты білінбейді. Мысалы, хоккей, баскетбол сынды ойындар спортты қарқынды дамытады, бірақ дәл осы спорт түрлерінен ұлттық чемпионаттың насихатталуы аз дер едім. Биыл Швециядағы допты хоккейден өткен әлем чемпионатында жеңіліске ұшырағанымен, Финляндиядағы шайбалы хоккей жарысында мұз айдын иелері жалпыкомандалық есепте алтыншы орынды иемденді. Бұл – әлем елдерімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Дүбірлі додаларда, әлемдік спортта табан тіреген орнымыз жақсы, бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Отандық спортта менеджменттің әлсіз жақтары да бар. Көптеген ұйымдастырылатын спорттық іс-шараның басында спорттан хабары жоқ азаматтардың жүретіні де өтірік емес. Мұның себебі – еліміздегі спорт федерациялардың басым бөлігінің тізгіні кәсіпкерлердің қолында болуында. Олардың белгілі бір спорт түрін дамытуға аянбай күш салатынына еш күмәнім жоқ. Десе де, кәсіби мамандардың өз жұмысымен шұғылдануы жақсырақ нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берер еді. Кез келген спорт саласы алдағы жылдары бұдан да жоғары қарқынмен дамиды деп сенеміз», – дейді С.Дәрменов.
Бүгінгі қазақ спортының ішінде теннисшілердің біліктілік қарқыны артты. Өткен жыл мен биыл отандық теннисшілер сәтсіздікке ұшыраса да, үлкен серпіліс жасаған спортшылардың жетістігі әлемдік рейтингте жоғары көтеріліп тұрғанын айтады Қазақстан теннис федерациясының мүшесі Жанболат Жакупов.
«Былтыр Жазғы Азия ойындарында үш қазақстандық үстел теннисшісі ойыннан шеттетіліп қалды, ал биыл Денис Евсеев жапондық спортшыдан екі сәтте де жеңіліске ұшырады. Спортта жеңілістің болуы да заңдылық. Биыл бізде Бейбіт Жұқаев үлкен серпіліс жасап, Қазақстанның екінші ракеткасы атанды. Ақтау теннис мектебінің түлегі кез келген қапталда тұрақты соққы жасай алады. Қазірдің өзінде ол ТОП-100-ге кіретін бірнеше ойыншыны ұтты, бұл – жақсы көрсеткіш. Енді жас жеткіншектер жөнінде айтсақ, Әмір Омарханов өсіп келеді. Заңғар Нұрланұлымен бірге жасөспірімдер арасында Дэвис кубогінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Омарханов барлық матчтарын жеңіспен аяқтап, Испания мен Италияның үздік ойыншыларын ұтты. Бұл табыстар үміт ұялатып, алдыңғылардың орнын басатын ізбасарлар бар екендігін көрсетеді. Биыл ел тарихында алғаш рет жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шыққан Іңкәр Дүйсебай мен Анастасия Крымковалар да бар. Турнир барысында жеңіске де жете білген қыздарымыз қорытындысында әлемнің 10 үздік елінің қатарына енді. Енді осы қарқынды сақтап, жоғары деңгейден түспеу қажет. Мұның бәрі еліміздің спорттағы жетістігі деуге болады», – дейді сарапшы.
Келер жылдан үміт көп
Биылғы жарыс нәтижелері қазақ елі үшін жаңа рекордтық көрсеткіштермен толықты. Бұдан бөлек, Қытай Ханчжоу қаласында өткен Азиадада қазақстандықтар 45 қола жүлдеге ие болып, параазиада тарихында бұрын-соңды болмаған үздік көрсеткішке қол жеткізді. Бұл санға ең жақын отандық спортшылар 2018 жылы Индонезиядағы Джакартада 44 қола медаль жеңіп алған кезде болды. Сонымен қатар сарықұрлық сайыпқырандары сынға түскен бәсекеде спортшыларымыз Азияның үш, Азия пара ойындарының төрт рекордын жаңартты.
Алдағы жылдың қаңтарында Оңтүстік Кореяның Канын қаласында жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасының жалауы желбіремек. Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы күнге дейін спортшыларымыз 30 халықаралық турнирлерге жолдама алды. Оған қоса, жуырда Оңтүстік Кореяда спорттық оқ атудан Олимпиадаға жолдама үлестірген Азия чемпионатында жерлесіміз Арина Алтухова жеңіс шыңын бағындырып, келер жылы Парижде өтетін Олимпиадада ел намысын қорғайды.
Қазақ спортының даму деңгейі жыл сайын дамып келеді. Оған әлем чемпионаттарында мемлекеттің жеңіп алған медальдары дәлел. Алда көптеген жарыстар күтіп тұр. Олардың әрбіріне үлкен дайындық керек. Сондықтан сол сайыстарда қазақстандық спортшылардың жоғары деңгейде ойын көрсетуіне зор сенім артамыз.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ