Жаңа жылдық мерекеге байланысты полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Осыған ретте Ішкі істер министрлігінде жедел кеңес өткізіліп, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету бойынша қызметкерлерге бірқатар міндет жүктелді.
Кеңесте министр бүгіннен бастап құқықтық тәртіп мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, жаяу нарядтардың санын көбейтуді, шыршалардың сақталуына жауаптыларды анықтауды, құқық бұзушылықтың алдын алуды тапсырды.
– Заңдылық пен тәртіптің сақталуына ерекше назар аудару қажет. Халық пен қоғамның талабы – кәсіби білікті және адал полиция. Біз осы талапқа сай болуымыз керек, – деді Ержан Саденов.
Сонымен қатар кеңесте жеке құрамға еліміздің барлық өңірлерінде гарнизондық сап түзеу өткізу тапсырылды.