Өткен жылдың 21 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтіндерге әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы Заңға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізіліп отыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте хабарлады.
«Заңға көп өзгеріс енгізіледі. Біріншіден, арнайы әлеуметтік төлем көп жыл бойы жұмыс істеген, 55 жасқа толған және 7 жыл бойы өздеріне жиынтық жарна аударған азаматтарға төленеді. Арнайы әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан; жұмыс берушілердің қаражатынан, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленеді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеге жетеді және 63 жасқа дейін төленеді. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты болады.
Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайы зиянды жұмыстан – демалысқа немесе жеңілірек жұмысқа ауысуы керек. 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемге 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады.