Алайда қала тұрғыны Салтанат Жұбаева аймақтың климаттық жағдайына қарамастан тропикалық белдеуде ғана өсетін лимон ағашын өңірдің тұзды топырағына жерсіндірді. Ол қазірдің өзінде үйінің жанындағы шағын жылыжайындағы 15 ағаштан 1,5 тонна өнім алды.
Салтанаттың анасы Мәрияш Құрбаниязова агроном болған. Еңбексүйгіш жан «Раяна» шаруа қожалығын ашып, жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрін өсіріпті. Салтанат бүгінде 2020 жылы пандемия кезінде көз жұмған анасының ісін жалғастырып отыр. Оның жылыжайында лимоннан бөлек қияр, сәбіз, алма, шабдалы және басқа да жемістер өсіп тұр. Кейіпкеріміз әсіресе цитрусты жемістің күтіміне көп көңіл бөлетінін айтады. Өйткені лимон 30 градустан жоғары температуда өседі.
«Лимонды қатты жел соқпайтын, ық жерге егеміз. Тікелей күн түсіп тұрғанды ұнатпайды. Бұл будандастарылған түрі болғаннан кейін алдымен гүлді орналастырамыз. Басында өзінің арнайы цитрустық топырағын саламыз. Содан бір-екі айдан кейін түбін ауыстырып, Атыраудың топырағын қосамыз. Өзінің басқа да қоспалары бар. Екі айдан кейін, жалпы, одан арғы уақыттарда бойына қарап түбін ауыстырып тұрамыз. Үлкейгенде цитрустық топырақты азайтып, жергілікті топырақты көбірек саламыз. Сосын әбден үйренгеннен кейін жерге егуге болады. Тағы бір айта кететін нәрсе, лимонды суаруға қатты мән беру керек. Кранның суымен суғаруға болмайды. Жазда су мұздай болғандықтан салқын тиіп қалуы мүмкін. Тамырлары өте нәзік болады. Екіншіден, қатты ыстық болса, күйдіріп жіберуі мүмкін. Бөлме температурасында болу керек», – дейді Салтанат Өмірбайқызы.
Жылыжайдағы лимон ағашы жылына екі рет өнім береді. Күтімі жақсы болса, бір ағаштан 40-500 келі жеміс жинап алуға болады. Кәсіпкер лимонның екі түрін өсіріп отыр: Киевтен және Өзбекстаннан алып келген. Бүгінде отандық өнімді сатып алушылар көп. Тіпті, жұрт дүкенге жеткізбей, шаруашылықтың басынан таласа алып кетіп жатыр. Кейіпкеріміздің ендігі мақсаты – шаруашылықты кеңейту, анасының арманын орындау.
«Сұраныс жақсы, соған қарай жұмыс істеп жатырмыз. Жанымда әкем және жұмысшылар бар. Анамның мамандығы – агроном. Ресейде сор, тұзды топырақ жайлы докторлық диссертация қорғаған. Анамның ісін жалғастырып келемін. Енді ең үлкен арманым - Атырауда ғана емес, елімізде лимон бағын салу», – дейді Салтанат Жұбаева.