ШҚО-да саябақта тұрған көлік өзенге ағып кетті (видео)

Қала тұрғыны көлігін тұраққа қойған кезде қауіпсіздік шараларын сақтамаған.

Өскемен қаласында саябақта тұрған көлік Ертіс өзеніне сырғып, ағып кетті,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Облыстық ТЖД-ның мәліметінше, қаладағы «Самал» саябағында жүрген адамдар Ертіс өзенінде ағып бара жатқан автокөлікті көріп қалып, құтқарушыларға хабарласқан. Кейін анықталғандай, автокөліктің иесі машинасын тұраққа дұрыс қоймаған.

Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жағадан 100 метрдей жерде ағып бара жатқан Subaru Impreza маркалы көлікті көріп, судан алып шықты. Әуелі сүңгуірлер көліктің ішін қарап шыққан. Онда адам болған жоқ, – делінген хабарламада.

Қала тұрғыны көлігін тұраққа қойған кезде қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Соның салдарынан көлік өзенге қарай сырғып кеткен.