Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы «Майқайың-алтын» АҚ шахтасының жанында топырақ опырылып, ішінде 4 жолаушы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазір опырылған жердің тереңдігі – 150 метр, ұзындығы – 150-200 метр, ені – жарты шақырым деп шамаланып отыр. Апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілуде.
Автобус жерастына 4 қаңтар түнгі сағат 01.25 шамасында құлаған. Ішінде құтқарушылар мен жүргізуші болған.
«Апат кезінде автобуста 4 адам – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен жүргізуші болды. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», – деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінен.
Жедел штаб құрылып, оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың басшылығы жүр.
Психологтер жұмыс істеуде.
Құтқару жұмысына 40-тан астам адам, 13 техника және дрон жұмылдырылған.