Павлодар облысы Баянауыл ауданында шахта жанындағы шұңқырға құлап кеткен автобуста болған 2 адамның мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Апат кезінде автобуста төрт адам болған. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші екені белгілі болды.
Жұмысшылар оқиға орнынан видео түсіріп, ол әлеуметтік желіде тарап кетті.
Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының (КӘАҚҚ РО) мәліметінше, қазір жергілікті жерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
«ТЖД құтқарушыларының күшімен құмнан қаза тапқан екі жолдасымыздың денесі табылғанын өкінішпен хабарлаймыз. Оларды жер бетіне көтеру жұмыстары жүргізілуде. Автобус табылмады, іздеулер жалғасып жатыр.
Бұл қайғылы оқиға бәріміз үшін үлкен соққы және орны толмас қайғы. КӘАҚҚ РО қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті қолдауды көрсетеді, зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды», – делінген КӘАҚҚ РО хабарламасында.