Мемлекет дамуындағы маңызды белес

Биылғы жаңа жылдың басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы реформалардың жаңа мазмұнын ашты.

Биылғы жаңа жылдың басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы реформалардың жаңа мазмұнын ашты.

Президент сұхбатында жаңа Қазақстан қалыптастырудың жаңа бағыттары мен халықтың әл-ауқатын арттыру және өмір сапасын жақсартудың жаңа қағидалары белгіленді. Сұхбат барысында қоғамдық сананы қалыптастыруға ықпал ететін ел болашағына қатысты өзекті мәселелер қозғалды.

Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын көтеру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне айрықша тоқталған болатын. Бүгінде Президент бастамасымен қабылданған реформалар еліміздің саяси жүйесін айтарлықтай жаңғыртып, жетілдіруде. Жылдар бойы қордаланған әлеуметтік мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін таба бастады.

Ұлттық құрылтай отырысының күн тәртібіне айналған ең маңызды салалар – экономика, қоғамдық-саяси және гуманитарлық сала, ұлттық идеология, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғам құндылықтары жүйесін жаңарту мәселелеріне баса назар аударылды. Ел Президенті әлемдегі қазіргі геосаяси ахуал жағдайында елімізде ұлттық мүдделерді ескере отырып, сындарлы сыртқы саясат жүргізіліп жатқанын атап өтті.  Бұл бағытта елімізде биыл Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркі мемлекеттері ұйымы, Халықаралық Аралды құтқару қоры, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы төрағалығымен бірқатар саммиттер мен форумдар жоспарланған. Сонымен қатар гуманитарлық-мәдени салада ұлттық спорт түрлері мен салауатты өмір салтын насихаттау, бауырлас халықтар арасындағы байланысты кеңейту үшін аса маңызды бастама – Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарын өткізу үлкен оқиға болмақ.

Биыл сондай-ақ Қаныш Сәтбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев сынды халқымыздың ұлы тұлғаларын дәріптеуге қатысты мерейтойлық іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар мемлекеттілігіміздің ғасырлар бойғы дәстүрлерін паш етіп, айғақтайтын Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толады. Төл тарихымызды түгендеуге келгенде Президент тарихшы ғалымдарымызға үлкен жауапкершілік артуда. Қазақстан тарихын таразылап, кеңінен қамту үшін көптеген тақырыптық әдебиеттер шығарылады, арнайы ғылыми мекемелер құрылады және жұмыс істеп тұрған институттар жаңғыртылады. Жақында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытынды отырысы өтті. ҚазҰУ ғалымдары мемлекеттік комиссия мүшесі ретінде тарихи құжаттармен жұмыс істеп,  саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты деректерді анықтауға атсалысты.

Тарих – біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтқан Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше мән беруде. Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы тарихты зерттеу, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру әрқашан басымдықтардың бірі болып қала беретінін жеткізді.

Сұхбатта Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына тоқталып, бұл еліміз үшін үлкен сынақ болғанын атап өтті. Мұндай жағдай жылдар бойы шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық мәселелердің салдарынан, билік пен халық арасының алшақтағанынан туындағанын айтты. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейін саяси жүйені демократияландыру, ашық азаматтық қоғам қалыптастыру, экономиканы монополиясыздандыру қолға алынды. Реформаларды әзірлеуге және іске асыруға қоғам белсенділері, ғалымдар, сарапшылар белсенді түрде қосылды. Көптеген бастамалар әртүрлі диалог алаңдарында, соның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында пысықталды.

Қаңтар оқиғасы негізгі заңға сәйкес әрекет ететін мемлекеттік институттардың тұрақты және тиімді жүйесін қалыптастыру қажеттігін көрсетті. Мемлекет тұтастығын сақтап қалуда күшті ерік-жігер танытқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Конституциямызға заман талабына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бүкілхалықтық референдум арқылы мемлекетіміздің саяси дамуының түбегейлі жаңа бағыты айқындалды. Бұл ретте 1995 жылғы Ата заңымыздың демократиялық қағидалары сақталынды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңарған Конституциямызды «Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес» деп атап өткен болатын. Конституцияда белгіленген саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды.

Тәуелсіздігімізді айғақтайтын басты құжат арқылы елімізде қоғамдық-саяси бірлік пен ынтымақ, келісім мен тұрақтылық қалыптасты. Бүгінде конституциялық реформаларды іске асыру, қоғамды демократияландыру, адам құқықтарын қорғау мәселелеріне ғылыми көзқарас қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта университетіміздің оқытушы-ғалымдарына, құқықтық білім алып отырған жастарымызға артылар жауапкершілік мол.

Ел Президенті барлық мәселелерді сындарлы түрде – ақылдаса, кеңесе отырып шешуді ұсынып келеді. Бұл ретте бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан Қазақстанда АЭС салу мәселесінде бірінші кезекте халықтың пікірі ескерілетінін кезекті рет айтып өтті. Мемлекет басшысы: «Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі геосаяси себептерге емес, нақты қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге және ғылыми зерттеулерге негізделіп шешілуі керек», – деді. Халық үшін аса маңызды мәселелер бойынша шешімдер референдумдар арқылы қабылданатыны туралы 2019 жылы айтылған. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және әділетті Қазақстан қағидаттарын іс жүзінде іске асырудың айғағы болып табылады.

Мемлекет басшысы өз сұхбатында Қазақстанның сыртқы елдермен байланыс аясын кеңейту мәселесіне тоқталды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайларда шетелдік әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды. Соңғы жылдары еліміз сыртқы саясатта айтарлықтай беделге ие болып келеді.  Мысалы, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жыл сайынғы консультативтік кездесулері нәтижелі болды. Ағымдағы жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік сияқты әлемдік проблемалар талқыланатын болады.

Бүгінде ҚазҰУ-да тұрақты дамудың барлық 17  бағыты (ТДМ) бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Еліміздің жетекші университетінің көптеген ғылыми-білім беру жобалары ТДМ аясында жүзеге асырылып, білім беру сапасын жақсарту, бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар, тұрақты даму үшін серіктестік мәселелері жан-жақты қамтылуда. Сонымен қатар университет ғалымдары құрлықтың экожүйелерін және су ресурстарын ұтымды пайдалану, климаттың өзгеруі, инклюзивтік өсу және экономикалық өзгерістер, жаһандық серіктестік, ресурстарды жұмылдыру, технологияларды дамыту бойынша ТДМ мақсаттарын іске асыруда.

Мемлекет басшысы солтүстіктегі көршіміз туралы  – Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі және одақтасы екенін айтып өтті. Өткен 30 жыл ішінде Қазақстан мен Ресей арасында 300-ден астам шарттар мен келісімдерді қамтитын мемлекетаралық қатынастардың үйлесімді жүйесі қалыптасты. Екіжақты ынтымақтастық тетіктері іс жүзінде барлық салаларда жұмыс істейді. Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Мәселен, 2023 жылдың 10 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 21,4 миллиард долларды құрады. Ресей Федерациясы әлемдік саясатта өте маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі мәртебесіне ие екенін түсіну керек. Қазақстан Ресеймен білім, ғылым саласында да сенімді серіктес. Бүгінгі таңда ҚазҰУ Ресей Федерациясының жетекші университеттері және институттарымен 150-ден астам келісімге қол қойып, оқытушы, студент алмасып, ортақ ғылыми жобаларды іске асыруда.

2022 жылы ҚазҰУ-да Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылған. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың техникалық жоғары оқу орындары филиалдарын құру туралы стратегиялық міндетін орындау аясында жүзеге асырылды.  Филиалда елімізде ядролық энергетиканың дамуына жаңа серпін беретін  «Ядролық энергетика және технологиялар», «Информатика және есептеу техникасы» мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярлануда.

Президент Қазақстанның Қытаймен сыртқы саясатында достық, тату көршілік арқылы мәңгілік стратегиялық әріптестіктің жаңа бағытта дамып отырғанын ерекше атап өтті.  Мемлекет басшысы сұхбатта 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық 24,3 миллиард долларға жетіп, жаңа рекорд орнатқанын тілге тиек етті. Ортақ шекара, Қазақстанның шығыс пен батыс арасындағы тиімді географиялық жағдайы біздің еліміз үшін Қытай тауарларының әртүрлі бағыттардағы транзитіне кең жол ашып отырғаны сөзсіз. Бұл біздің елдеріміздің ғылым, білім, жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастығына да тың серпін беруде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылдың мамыр айында Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойылған болатын. Нәтижесінде 2023 жылдың 12 қазанында Қазақстанда тұңғыш рет – ҚазҰУ базасында ҚХР-дағы Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ  «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай, Қытай мен Орталық Азияның жоғары білім беру саласындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім берудің интеграциясы» атты ынтымақтастық форумы ұйымдастырылды.

Өткен жылдың соңында ҚазҰУ-да Қытай университеттерінің көрмесі өтті. Шараны ҚазҰУ мен ҚХР Стипендиялық кеңесі және Алматы қаласындағы ҚХР бас консулдығы ұйымдастырды. Көрмеде Қытайдың 45 ең үздік университеті академиялық қызметі туралы ақпарат беріп, білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінгі таңда ҚХР-дың 51 жоғары оқу орнымен, ұйымдарымен тығыз жұмыс істейді. Осы байланыстардың нәтижесінде ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасында белсенді академиялық ұтқырлық жүріп жатыр. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да 409 қытайлық студент оқиды. Олардың ішінде мемлекеттік білім беру гранты бойынша – 94, келісімшарт бойынша 315 студент бар.

ҚазҰУ-да Қытайтану кафедрасы жұмыс істейді, ол үш деңгейлі жүйе бойынша: бакалавриат – магистратура – докторантура (PhD) бойынша қытайтанушы мамандарды даярлайды. ҚазҰУ жанындағы Конфуций институты Қазақ ұлттық университеті мен Ланьчжоу университетінің (ҚХР) көпжылғы ынтымақтастығы мен бірлескен күш-жігерінің нәтижесі болып табылады. ҚазҰУ ҚХР жоғары оқу орындарымен серіктестікте үш орталық ашты: Пекин шет тілдер университетінде Қазақстандық орталық, Шанхай университетінде Қазақстандық орталық және Пекин тіл және мәдениет университеті.

Қазіргі уақытта университетте Жерді қашықтықтан зондтау орталығы жұмыс істейді. Жоба ҚХР Ғылым академияларының Аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жүзеге асырылды. Орталықта «Картография және геодезия», «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Онда магистранттар мен докторанттар ҚХР Ғылым академияларының Аэроғарыштық ақпарат ҒЗИ-да ғылыми тағылымдамадан өтетін болады. Алдағы уақытта ҚХР үкіметінің гранты бойынша ҚазҰУ-ға секундына 110 триллион операцияны жүзеге асыратын суперкомпьютерлер жеткізілетін болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сұхбатында «Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс» дей келе, бірлік, ынтымақтастық, еңбекқорлық, білімге ұмтылу, адалдық пен өзара қолдау ұлтты күшейтіп, жетістікке жетуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Президент бастамаларын іске асыруда және жастар санасына сіңіруде университет ұжымы ғылыми-білім беру әлеуетін арттыра беретін болады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы: «Күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор. Біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатымызды сарп етеміз. Одан да сорақысы, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер боламыз. Мұндай пайдасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз», – деп атап өтіп, қоғам өкілдерін алысты көздейтін мақсатқа ұмтылуға шақырды.

Халқымыз өсіп-өркендеп, табысқа жету үшін «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек»  деген келелі тұжырым жасайды. Бұл тұжырым әрбір қазақстандық үшін өмірлік ұстаным, бұлжымас қағида болуы керек.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры